• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Парламент 26 Сәуір, 2018

Сенат үш жылдық бюджетке түзетулерді қабылдады

272 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы болып, онда «2018 – 2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға түзетулер қабылданды, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылға арналған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет көрсеткіштері нақтыланған болжамын депутаттардың назарына ұсынды. Министрдің айтуынша, 2018 жылы номиналды Ішкі жалпы өнім 57,2 триллион теңге көлемінде болжанған және ол бұрынғы көрсеткіштен 1,3 триллион теңгеге артық. Нақты Ішкі жалпы өнім 3,8 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 9 215,4 долларға дейін ұлғаюы тиіс. Мұнайдың әлемдік бағаларының ұлғаюын және экономиканың өсімін ескере отырып, экспорт 54 миллиард долларға дейін, ал импорт 34 миллиард долларға дейін артады. Инфляция бекітілген 5,0-7,0 пайыз дәлізінде сақталады.

Т.Сүлейменов түзетілген 2018 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің нақтыланған болжамын да айтты. Кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 2018 жылы 5,7  триллион теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспарға қарағанда 190 миллиард теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бұрын бекітілген мөлшерде (2,6 триллион теңге) сақталды. Бюджет тапшылығы Ішкі жалпы өнімге қатысты 1,5 пайызды құрайды. Республикалық бюджет шығыстары бекітілген көлемге қарағанда 425 миллиард теңгеге ұлғайып, 9,6 триллион теңге көлемінде болжанып отыр.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов нақтыланған бюджет қосымша түсімдердің, 2017 жылғы кірістер жөніндегі жоспарды асыра орындаудың нәтижесінде бюджет қаржысы қалдықтарын тартудың, сондай-ақ қарыз құнды қағаздарын шығарудың есебінен жүзеге асатынын хабарлады. Соның нәтижесінде бекітілген бюджеттің жалпы шығыстары 425 миллиард теңгеге (бұрын бекітілген деңгейден 4,6 пайызға) немесе түзетілген бюджеттен 417 миллиард теңге ұлғаяды.

Б.Сұлтанов бұл қаржыны үш бағыт бойынша бөлу жоспарланып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауларын іске асыруға 293 миллиард теңге, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын іске асыруға 25,1 миллиард теңге, бұрын қабылданған міндеттемелерді іске асыруға 98,9 миллиард теңге жіберіледі.

Қосымша қаржыландырылатын маңызды шаралар ішінде министр Назарбаев университеті оқытушыларының еңбекақысын 30-дан 50 пайыз аралығы көлемінде ұлғайтуды, осы оқу орнын одан әрі дамытуды және мүгедек балалар 18 жасқа толғаннан кейін де күтіп-бағатын адамдарға жаңа жәрдемақы беруді атады. Бюджет шығыстары сондай-ақ халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге, жергілікті маңызы бар 950 шақырым жолды жөндеуге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізуге, агроөнеркәсіп кешені мен аграрлық ғылымдарды дамытуға және кибер қауіпсіздікке қарсы іс-қимылға да қарастырылып отыр.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында білім беру тапсырыстарын 20 мың грантқа ұлғайту, техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша гранттар құнын арттыру, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдау салалары қаржыландырылатын болады.

Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев сенаторларды Ұлттық банкінің ақша-несие саясатындағы маңызды мәселелер туралы хабардар етті.

Баяндамашы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және жылдық инфляцияны белгіленген аралықта ұстап тұру Ұлттық Банктің негізгі басымдығы екенін атап өтті. Инфляция 2018 жылғы қаңтар-наурыз айларында 1,8 пайыз болды, бұл өткен жылғы осындай кезеңдегі деңгейден (2,3 пайыз)  төмен. Жылдық көрсеткіш бойынша наурызда оның деңгейі 6,6 пайыз болды, ол 2018 жылға белгіленген 5-7 пайыз дәлізіне сәйкес келеді. Инфляцияның төмендеуі ақша-несие саясатының жұмсаруына ықпал етті. Жыл басынан бері базалық мөлшерлеме 10,25 пайыздан 9,5 пайызға дейін екі рет төмендетілді.

Баяндама жасаған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сената Ольга Перепечина 2018 жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының нақтыланған көлемі 9 642,9 триллион теңгені құрағанын, бекітілген бюджеттен 425 миллиард теңге ұлғайғанын атап өтті. Бұл қаржы Президенттің Жолдауларын, бес әлеуметтік бастаманы және бұрынғы қабылданған міндеттемелер мен тапсырмаларды іске асыруға арналатыны айтылды.

Сенатор сондай-ақ Елбасының тапсырмалары мен бес әлеуметтік бастаманы іске асыру үшін бюджетті нақтылаумен қатар 29,3 миллиард теңге сомасындағы қаржыны қайта бөлу көзделіп отырғанын айта келіп, бюджетті жоспарлаудағы алғашқы кезеңінің сапасы төмен болғанына және осындай жағдай жүйелі сипат ала бастағанына тоқталды. Сонымен қатар негізгі үш жылдық бюджеттің сапасыз жоспарлануға байланысты бұрынғы кемшіліктері қоса түзетілгені атап өтілді.

Депутаттың пікірінше, қалыптасқан жағдайға басты себептердің бірі –бюджетті жоспарлаудың стратегиялық жоспарлаудан асып түсуі болып табылады. Яғни, шектеулі қаражат жеткіліксіз болғанда, мемлекеттік органдар өздерінің стратегиялық жоспарларын түзете бастайды, көрсеткіштерді қаржыландыруға сәйкестендіреді.

Сенатор бюджеттің шығыс бағыттарының басымдықтарын айқындау үшін тиісті талдаудың жоқтығы бірінші кезектегі міндеттерді жүзеге асыруға арналған күш-жігер мен ресурстарды біріктіріп жұмсаудың тиімділігі азаятынына, яғни ресурстардың әр салаға тарап кетуі қаупі бар екеніне тоқталды.

Сенат Қазақстан мен АҚШ Үкіметтері арасындағы мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету үшін төлемақы алуға қатысты келісімді ратификциялады. Келісім 2018 жылғы 12 қаңтарда Вашингтон қаласында жасалды және бортында үкімет делегациясы бар мемлекеттік әуе кемелерін аэронавигациялық алымдар алудан өзара босатуды көздейді. Тараптардың бірі екінші тараптың ресми сұрау салуы бойынша өз мемлекетінің аумағының үстінен мемлекеттік әуе кемелерінің ұшып өтуін орындауға, осындай рұқсат берілетін сапарлар сол мемлекеттің аумағына қонуға байланысты болғанда дипломатиялық рұқсат береді. Келісім ережелері транзиттік ұшып өтулерге, сондай-ақ үкіметтік мақсаттар үшін пайдаланылмайтын немесе кез-келген коммерциялық қызметте пайдаланылатын әуе кемелеріне қолданылмайды.

Заңнамаға архив ісі мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

Осы саладағы заңнаманы жетілдіру тыныс-тіршілікті құжаттамалық қамтамасыз етудің барлық саласына жаңа ақпарат түрлерінің жедел кірігуі және толықтай электрондық құжат айналымына көшуге байланысты болып отыр. Түзетулер Бюджет кодексі мен бірқатар заңдарға енгізілетін болды.   

Бюджет кодексіне мемлекеттік архивтерге ақылы қызмет түрлерін өткізуден алынған ақшаларды жұмсау құқығын беру бөлігіне өзгеріс енгізіледі.

«Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңға өзгерістер ұғым бөлігіне, мемлекеттік архивтер көрсететін қызметтер тізбесін кеңейтуге, уәкілетті органдар мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бақылауды жүргізуге құзыреттерінің аражігін ажыратуға байланысты болды.

«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңға архив ісі және құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органдардың құзыретін нақтылайтын түзетулер енгізіледі.

«Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңға жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірін, заңды тұлғалардың бизнес-сәйкестендіру нөмірін міндетті көрсету бөлігіне түзету енгізіледі, бұл жеке тұлғалардың сұрау салуларын орындауды ретке келтіру мен бақылауға, сондай-ақ жасырын өтініштердің санын қысқартуға ықпал ететін болады.

«Білім туралы» заңға білім беру гранттарын тағайындауға қатысты түзетулер енгізіледі.

«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы» заңдағы сыйлықты беру жөніндегі комиссия құрамын бекіту тәртібі өзгертіледі.

«Оңалту және банкроттық туралы» заңға банкроттың архивтік құжаттарын ретке келтіру және тиісті архивке беру жөніндегі банкроттықты басқарушының міндеттерін реттеу бөлігіне түзетулер енгізіледі.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жария етті. Сенатор Марат Тағымов Шалқар көлін тазалауға қаржы бөлу туралы; Нұржан Нұрсипатов «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы» заңның ережелерін орындауға қатысты; Сергей Плотников түсті және қара метал қалдықтарын қабылдау бекеттерінің қызметін ретке келтіру туралы сауал жолдады.