• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2018

«Самұрық-Қазынаның» басқарушы деңгейдегі қызметкерлері қысқарады

280 рет
көрсетілді

Бүгін «Адами ресурстарды басқару: болашақ ұйымы» тақырыбын арқау еткен XIII Халықаралық HR-конференциясы өз жұмысын бастады. Шараның ресми бөлімінде «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов холдингтің жаңа кадрлық саясатын таныстырды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

«Біріншіден, біз басқарушы деңгейдегі қызметкерлердің санын қысқартып, шағын әрі тиімді басқару құрылымын бекіттік. Бұл шұғыл түрде шешім қабылдауға мүмкіндік береді, яғни келісім беру процедураларына жұмсалатын уақытты едәуір азайтады. Екіншіден, барлық қоржын компанияларда жұмысқа қабылдау кезінде, кондидаттарды іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ететін конкурстық іріктеудің бірыңғай жүйесі енгізілетін болады», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов.

Сондай-ақ, А.Есімов басқарушы лауазымына тағайындаудың сабақтастық қағидаттары қабылданатынын айтты. Нәтижесінде, компания қызметкерлері арасынан білікті кадрлық резерві қалыптасады. Басқарма Төрағасы шетелдік мамандарды жұмылдыру мәселесіне де тоқталды. «Самұрық-Қазына» шетелден келген азаматтардың қызметінен толықтай бас тартпайды, дегенмен олардың орнын басатын мамандарды дайындау - басты назарда: басымдылық жергілікті азаматтарға беріледі.

Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма Төрағасы сатып алу саласына үлкен мән берілетінін айтты. Мәселен, дәл  осы бағытта бос орын қарастырушыларды полиграф көмегімен тестілеуден өткізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетіне 1 және 2 деңгейдегі басшылар үшін көшбасшылықтың міндетті бағдарламасын әзірлеуді және ендіруді, компания қызметкерлеріне цифрлық дағдыларды меңгертуді және күнделікті HR-операцияларды Жалпы қызмет көрсету орталығы арқылы  орындап, цифрлық форматқа көшіруді тапсырды.

Аталған конференция барысында ұлттық, квазимемлекеттік компаниялардың және басқа мекемелердің басшылары сөз сөйледі: ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі Марат Дәуешов, «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы  Ерлан Қарин, ҚазҰӨУ ректоры,  Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева.

Сонымен бірге, іс-шара бағдарламасында әлемге әйгілі ғалым және зерттеуші Роберт Куинн (АҚШ) (корпоративті мәдениетке диагностика жүргізу әдістемесінің авторы); премьер-лига (FIFA) спортшыларының тұлғалық дамуы бойынша кеңесшісі және коучы Энди Бартон (Ұлыбритания); Microsoft  қызметкерлерін даярлау қызметінің жетекшісі Ксения Плетнер (Ресей) секілді дүниежүзіне белгілі шетелдік спикерлердің баяндамалары жоспарланған. Сонымен бірге HR-қауымдастығының кеңейтілген отырысы өтеді.