Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, этнограф, Зейнолла Сəнік пен оның жары, ақын Шəмшабану Хамзақызының көп томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Қытайда туып-өсіп, соңғы дәмін тарихи атажұртында татқан қаламгердің қазақ руханиятының қоржынына салған қазынасы аз емес. Оған осы жолғы көптомдықтың өзі куә. Өткен жылы ғана Зейнолла Сәнік пен оның қызы Жанат Зейноллақызы бірлесіп жазған ұлттық болмыс пен қазақ халқының шығу тарихын кең көлемде қамтитын «Қазақ этнографиясы» кітабы жарық көрген болатын. Бұл жолы оқырман қауымға жалпы саны 20 кітаптан тұратын көптомдық ұсынылды. Оның екеуі Шəмшабану Хамзақызының өлеңдер жинағы болса, қалғаны түгел Зейнолла шығармашылығы.
Жиында кітаптың беташар лентасын қиған академик Сейіт Қасқабасов қаламгердің нақты деректер, шынайы оқиғалар негізінде жазылған шығармалар арқылы қазақ руханитына сүбелі үлес қосқанын айта келіп, «бұл еңбекті əрмен қарай ғылыми айналымға енгізу керек», – деді. Профессор Серік Негимов қаламгер шығармаларындағы тарихи образдар, əдеби-көркемдік ерекшеліктерге баса назар аударып, нақты мысалдармен дəлелді пікірлерін ортаға салды. Ал тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев «Зейнолла Сəніктің еңбектері – этнографтар үшін өте пайдалы рухани қазына. Өйткені, ол кісі шежіре мен дəстүрді жақсы білген. Алдағы уақытта З.Сəніктің еңбегі негізінде 2 томдық «Қазақ этнографиясы» оқулығын шығарып, ғылыми айналымға енгізіп, студент-магистрлерге оқытуды жоспарлап отырмыз», – деді. Қаламгер шығармашылығының нәтижесі де осы шығар бәлкім. Филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мəсімханұлының «Зейнолла Сəнік қазақ фольклоры мен тарихын терең білген, көнекөз шежірешілерден көп дүниені көкейге түйіп, қағазға түсірген, мұрағаттардан жинаған дүниелері мен жапалы еңбегінің жемісі ретінде осы кітаптар жарық көрді. Оның əрбір шығармасы қазақ руханиятына олжа салатын сом-сом дүниелер. Тұтас институт қызметкерлері жабылып жасайтын жұмысты бір өзі істеген», – деуі де қаламгер еңбегіне берілген артық баға емес.
Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен «Зейнолла Сəнік атындағы мəдениет қоры» ұйымдастырған шараны белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин жүргізді. Жиын соңында Ақын Шəмшабану Хамзақызы сөз сөйлеп, жастардың ұлт мәдениетіне, ғылымға баулу керектігін айтып, жиналған қауымға алғысын білдірді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»