«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы өткен жылы 1000-ға жуық іс-шара өткізген. 13 млрд теңге сомасына 118 жоба жүзеге асырылған. Бұл жөнінде сәрсенбіде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Орталық коммуникациялар қызметі облыс әкімдерін кезекпен шақырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлерде жүзеге асырылуы туралы баспасөз мәслихатын өткізуді бастаған болатын. Мәселен, бұған дейін бұл мінберден Ақтөбе облысының әкімі есеп берді. Ал сәрсенбі күні орталыққа Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев келді.
Н.Ноғаевтың мәлімдеуінше, «Рухани жаңғыруға» жұмсалған 13 млрд теңгенің 1,9 млрд-ы жергілікті бюджеттен, 10,9 млрд-ы демеушілерден. Ал жалпы іс-шараларда 450 мыңнан астам адам қамтылған. Сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін 6,1 млрд теңге сомасына 175 жоба іске асады деп жоспарланған. Оның 5,5 млрд теңгесі демеушілер есебінен.
«Бағдарлама аясында Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасы қамтамасыз етілді, қоғамдық саяси ахуал тұрақты. Былтыр сәуірде жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын атыраулықтар қызу қолдады, осының нәтижесінде бүгінге дейін көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда бағдарлама бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға барлық жағдай бар. Жобалық офис жасақталып, сарапшылар кеңсесі ұйымдастырылды. 7 ауданда кіші жобалық кеңселер, 70-тен астам ҮЕҰ белсенді араласып келе жатыр. 43 меценат кәсіпкер және 14 ірі демеуші кәсіпорындар қолдау көрсетіп келеді», деді облыс әкімі. Айтуынша, облыстағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бірнеше «кіші бағдарламалар арқылы жүзеге асқан. Айталық, «Атамекен» кіші бағдарламасында Атырау қаласында «Асар» үшжақты әріптестік республикалық форумы өткен. Нәтижесінде, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға арналған Азаматтық орталық ашылған. Әлеуметтік жобалардың республикалық базасы жасақталып, 5 жоба Атырау қаласында жүзеге асуда.
«Туған жерге тағзым» акциясы, аудандарда жерлестер форумдары өтті. Меценаттардың қолдауымен 1200 балаға арналған 6 балабақша, 2500 орындық 8 спорт кешені мен алаңдар, «Ретропарк», «Сазанқұрақ», «Атамекен» демалыс саябақтары қолданысқа берілді», деді Н.Ноғаев. Әкім жоспарлы жұмыстарды да тізбектеп берді. Мәселен, Мақат кентіндегі «Жеңіс» саябағы қолданысқа берілмек, биыл Жайық өзені жағасында «Жастар» саябағының (Банан) құрылысы басталмақ. Сонымен қатар атыраулық меценат Ибрагим Акдрашевтың қолдауымен 30 сәуірде Олимпиада чемпиондары Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Илья Ильиннің қатысуымен қайырымдылық веложорығы өтеді. Веложорық аясында қайырымдылық жәрмеңкесі мен «Астана» велокомандасының лоттары қойылатын аукцион ұйымдастырылады. Шара барысында түскен қаржы жаңадан ашылған облыстық веломектептің қажетті құралдарын алуға жұмсалмақ. 80 бала велоспортпен тегін жаттығуға мүмкіндік алады деп күтілуде.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша наурызда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы өтті. Форум аясында ғылыми-практикалық конференция, «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам» фестивалі, ақындар айтысы, Фариза Оңғарсынова оқулары, дәстүрлі әндер байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткен. Форумға 12 мемлекет өкілдері, Түрксой ұйымының басшылығы, 30 шетелдік шығармашылық ұжым, 700-ден астам өнерпаздар қатысып, 20 мыңнан астам адам тамашалаған. 400-ден астам үй шаруасындағы әйел-аналар этно-қолөнер шеберліктерін шыңдап, болашақта өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алған. Жақында өткен «Кітапханадан – ағарту орталықтарына: жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктері» республикалық форумы да «Рухани жаңғырудың» жалғасы. Өңірде бірінші рет өткізілген Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай ән мектептерін бір арнаға тоғыстырған «Ән дария дүлдүлдері» І республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі, «Қайта жаңғырған Қазақстан» халықаралық ақындар айтысы, «Жайық нұры» республикалық академиялық әншілер конкурсы, Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл домбыра» республикалық қыз-келіншектер байқауы да осы бағдарламаның жемісі. Ал биыл Атырау өңірінің табиғаты мен мәдениеті, қасиетті орындары мен көркем архитектуралық нысандары бейнеленген көркемсуретті «Атырау» альбомы, батыстың ән мектебінің ерекшеліктерін таныстыратын «Батыс Қазақстанның ән антологиясы» жинақтары жарық көрмек. Жалпы облыс бойынша 2017 жылы 10 мәдени нысан тапсырылған, 2018-2020 жылдарға 21 мәдениет нысанының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты, облыстық кітапхана ғимаратының құрылысы бар.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы негізінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жобаларға 56 мыңнан астам студент, мектеп оқушылары мен педагог қызметкерлер қатысты. 2018 жылы 2,2 млрд теңгеге 176 робот-техника және физика кабинеттері ашылады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен дарынды балаларды қолдау үшін 2017 жылы 222 білім гранты, 2018 жылы 300 білім гранты бөлінді», деді Н.Ноғаев.
Тағы бір «кіші бағдарлама» – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы. Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасына облыстан 7 нысан енгізілген. Олар – Сарайшық қалашығы, Ақмешіт, Ұшқан ата кесенесі, М.Өтемісұлының кесенесі, Аралтөбе қорымы, Құлшан ата жер асты мешіті, Иманқара үңгірі. Ал «100 жаңа есім» жобасы бойынша облыстан 53 адам ұсынылған екен. 2 адам республикалық тізімге енген. Сондай-ақ «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша да бірқатар маңызды шаралар қолға алынды. Өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақстандық мәдениетті әлемге таныту үшін: Үндістан, Македония, Португалия, Малайзия, Ресей Федерациясы, Түркия, Венгрия, Сербия мемлекеттерінде гастрөлдік сапарларда болған. Суретшілер Рафаэл Слекенов және Камилла Жапалова шетелдерде қазақтың ұлттық өнерін насихаттау үшін көрмелер ұйымдастырған. Сондай-ақ әкім Түркияның Анкара қаласында Дина Нұрпейісова алаңы ашылып, онда атыраулық кәсіпкерлер күйші-ананың мүсінін орнататынын атап өтті.
«Рухани жаңғырудың» тағы бір тармағы – «жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» бағыты бойынша жарық көрген 18 жаңа оқулықты білім беру үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстар басталуда. Облыс әкімі сонымен қатар жұмыстардың тиімділігін шынайы бағалау мақсатында, тұрақты талдамалық зерттеу үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Әлеуметтік зерттеулер орталығы ашылғанын айтты. Облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы туралы баспасөз мәслихатында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында да сөз қозғады. «Бірінші бастама, яғни әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бойынша 430 көп қабатты тұрғын үй салу жоспарлануда, яғни бұл 25 000-нан астам пәтер. Қазіргі уақытта тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 25000-ға жетіп отыр. Ал жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың саны – 108 мың. Осыған байланысты облыста тұрғын үй салу мәселесі жолға қойылуда», деді облыс әкімі.
Сонымен қатар бүгінгі күні облыста 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Оның ішінде 2164 пәтерлі 34 үйді биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Динара БІТІК, Егемен Қазақстан