• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстан аумағында тасқын қаупі бар

443 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің айтуларына қарағанда су басу ықтималдылығы жоғары 60 елді мекенде 63 шақырым топырақ бекінісі жасалып, 30 шақырымдай су бұрғыш арналар қазылған.

Облыс бойынша 16 азаматтық қорғаныс қызметі, 1400 адамнан құралған 14  шұғыл әрекет ету отряды, 1230 техника, оның ішінде 365 су сорғыш, 80-ге жуық жүзу құралы әзірлік қалпына келтірілген. Инертті материалдар мен жанар-жағармайлар тиісті аймақтарға жеткізілген. Облыс орталығынан 100 мың текше метр қар сыртқа  шығарылған.  Қауіпсіз жерлерге шығарылған адамдар жатын орынмен, ыстық тағаммен қамтамасыз етіледі.

Биыл қар аз түскендіктен Есіл өзені таси қоймас деп күтілген еді. Алайда Астана, Қарағанды  жақтан жіберілген нөпір су Сергеев су қоймасын лықа толтырғандықтан лажсыздан босатуға тура келген. Покровка ауылы маңындағы судың деңгейі 1108 сантиметрді құрап отыр.Тасқынның екпіні сейілгенімен  қауіптің беті қайтар емес. Долматово елді мекені аумағында су деңгейі 1250-1300 сантиметрге дейін жетеді деп күтілуде. Новоникольское ауылына қатынайтын көпірді су алып, қоғамдық көліктер айналма жол арқылы қатынауға мәжбүр.

Ағын судың алды облыс орталығына да жетіп, зардабын тигізе бастады. Қала сыртындағы  бірқатар саяжай учаскелері су астында қалды.  Халықаралық  маңызы бар Челябі-Новосібір тас жолының бір  бөлігін шайып кетіп, жеңіл көліктердің жүруіне шектеу қойылды. Петропавл гидроторабындағы су деңгейі бір күнде 63 сантиметрге дейін көтерілген. Алдағы күндері бұл көрсеткіш 1060  сантиметрге дейін жоғарылайды  деген болжам бар. Облыс орталығы мен Заречное кенті арасындағы жолды жылдағыдай  су алса, зардабын көретін–тұрғындар. Ондай қауіп бар.

Жергілікті синоптиктер көктемнің соңғы айы жауын-шашынмен басталып,  Есілдегі су  деңгейі көтеріледі деген ақпарат таратып отыр. Табиғаттың мұндай құбылысы өңірдегі ахуалды шиеленістіріп жіберуі ықтимал.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

 Солтүстік Қазақстан облысы.