Сочидегі Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тен Атыраудағы мәнерлеп сырғанауды ұнататындар үшін шеберлік сағатын көрсетті. Шара Мұз айдыны сарайында өтті және оны 500-ден аса көрермен тамашалады, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі таңда Атырау облысында мәнерлеп сырғанаумен 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар айналысуда – барлығы 60-қа жуық адам, көп бөлігі қыз балалар. Атыраулық мәнерлеп сырғанаушылар республикалық турнирлермен қатар, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары. Денис Теннің Атырауға келуі жас спортшылардың жаңа жеңістерге ұмтылуына серпін болады және Атырау облысында осы қысқы спорт түрінің дамуына септігін тигізеді.
- Балалар Денистің келуін асыға күтті, шеберлік сағатында оның барлық қойылымдарын көрді. Енді олар жаңа жетістіктер мен жеңістерге ұмтылуға ынталанады,- дейді жас сырғанаушылардың бірінің анасы Виктория Ли.
Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, Атырауға Сочидағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерінің келуі үлкен мәртебе.
-Соңғы уақытта біздің өңірде спортпен шұғылдануға, жауынгерлік өнерге көп көңіл бөлінуде. Қысқы спорт түрлеріне де назар аударатын кез келді, атап айтқанда Атырау облысында қарқынды дамып жатқан мәнерлеп сырғанау спортына,- дейді Азамат Бекет.
Денис Теннің өзі атыраулық мәнерлеп сырғанаушылардың дайындықтарын жоғары бағалап, шеберлік сағатының Атырау облысындағы осы спорттың дамуына үлкен үлес қосатынына сендірді.
- Бірінші кезекте облыс басшылығының спортты, соның ішінде мәнерлеп сырғанауды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Балаларға сапалы жаттығу жұмыстары үшін барлық жағдай жасалған – жақсы мұз жабындысы бар заманауи Мұз сарайы, сонымен қатар тәжірибелі жаттықтырушылар бар. Атыраудағы мәнерлеп сырғанаудың болашағы зор деп ойлаймын,- дейді Денис Тен.