Өткен сенбіде елордадағы «Шабыт» Ұлттық өнер институтында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай өткізілген «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты республикалық шығармашылық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сайыстың басты мақсаты – балалардың экология проблемасын, өздерінің табиғатқа деген маңызды нақты көмектерін қаншалықты түсінетіндіктерін, сонымен қатар оған қалай қарайтындықтарын анықтау болып табылады.
Жалпы, конкурсқа ұзын саны еліміздің жалпы орта білім беретін 5040 мектебінің оқушылары қатысса, бес мыңнан астам шығармашылық жұмыстар ұсынылыпты. Сайыс «Үздік сурет», «Үздік тақпақ», «Үздік мақала», «Үздік бейнеролик», «Үздік әңгіме», «Үздік зерттеу жұмысы», «Үздік фотосурет», «Үздік бейнефильм», «Үздік сәулет жұмысы» атты шығармашылық номинациялар бойынша республиканың орта мектеп оқушылары арасында өтті. Конкурсқа белсенді қатысқан мектептер арасында бірінші орынды Астана қаласындағы Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі жеңіп алса, екінші орынды Қарағанды облысы, Осакаров ауданы, Пионерское ауылындағы Балалар үйі еншіледі. Ал екі үшінші орындар Алматы облысының Қарасай батыр орта мектебі мен Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-лицейіне бұйырды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.