Осы аптада жұрт назарын аударған оқиғалардың бірі Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайиып Ердоғанның Өзбекстанға сапары болды. Аталған елдер басшыларының кездесуінен кейін мәлім болғанындай, Өзбекстан Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің құрамына кіретін болды. Уағдаластықтарға қарағанда, Өзбекстан Кеңестің Бішкекте өтетін келесі отырысына қатыспақшы.
Режеп Ердоған Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында екі елдің арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды тереңдетуді көздеген сыңайлы. Ыстамбұлдың Ататүрік әуежайында Өзбекстанға шығар сапары алдында журналистерге берген шағын сұхбатында ол: «Түркия мен Өзбекстан осы уақытқа дейін жоғалтып келген мүмкіншіліктерін қалпына келтіреді деген үміттемін», деді. Сонымен қатар Р.Ердоған Өзбекстанда имамдар әл-Бұхари және Матуриди атындағы ғылыми-зерттеу институттарын ашу жоспары бар екенін айтқан. «Біз Өзбекстан басшылығымен бұл мәселелерде біртекті ұстанымдамыз. Осы сапардың барысында өзбек басшылығымен нәтижелі шешімге келуден үміттемін» деген еді ол.
Жалпы, Азияға бағытталған бұл сапарын Түрік Президенті Өзбекстан Республикасы мен Оңтүстік Кореяға арнаған екен. Өзбекстаннан әрі ол ат басын Азия жолбарысының бірі атанған Сеулге бұрды.
Жексенбі күні Ташкент әуежайына қонған оны Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов қарсы алып, «Көксарайда» Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен болатын кездесуге алып келді. Келіссөздер алдымен шағын, сосын делегациялардың қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасып, оның нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықтарды арттыруға үлес қосатын 25 құжатқа қол қойылды. Журналистермен болған баспасөз конференциясында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қадірлі қонағына Түркі әлемінің болашағы зор екенін айта келіп, басқа сөздермен қатар өз елінің Түркі кеңесіне қосылу туралы шешім қабылдағанын да жеткізді.
Одан әрі Ердоған Өзбекстан парламентінде (Олий Мәжіліс) кездесу өткізіп, ондағы сөзінде өзін «Атажұрттағы өз үйімізде жүргендей сезінеміз. Бүгін біз 25 екіжақты келісімшартқа қол қойдық. Бүгінге дейін Түркия мен Өзбекстан бір жолы осыншама көп келісім жасамаған болатын» деп атап көрсетті. Шын мәнінде екі елдің арасында мұншалықты көп екіжақты құжаттарға бұрын-соңды қол қойылмаған еді. Осыған екі мемлекеттің басшылары да ризашылық сезімде екенін айта келіп, Р.Ердоған: «Жүректері жақын адамдар үшін қашықтық кедергі келтіре алмайды. Біздің түсінігімізде бауырластық – ең қымбат қазына. Өзбекстанның тәуелсіздігін қайтадан алуы өзбек бауырлар секілді түрік ұлты үшін де үлкен мақтаныш болды» деді.
Ал өзбек-түрік іскер қауымының бизнес форумында сөйлеген сөзінде Режеп Тайиып Ердоған ағынан жарылып, Өзбекстан экономикасының мүмкіншіліктеріне жоғары баға берді. «Өзбекстанның жері берекетті. Бұл жерден барлығы шығады. Тек жұмыс істеу керек. Өзбекстанның қайта өрлеуі жолындағы қадамдарын құптауға Түркия барлық көмектерді беруге дайын. Шавкат Мираманович Мирзиёев бауырыма түрік азаматтарына виза жеңілдігін бергені үшін тағы бір рет алғыс білдіремін», деді ол. Сонымен қатар ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық деңгейге көтерілгенін, нақ осы сапар арқылы байланыстардың тереңдей түскенін айтты. Сөз ретінде ол Түркияның әлемнің 17-ші, Еуропаның 6-шы экономикасы екенін де еске салып өтті. 81 миллион халқы, 390 миллиард долларлық сыртқы саудасы Түркия Өзбекстан үшін үлкен нарық екені де айтылды.
Ал 1 мамыр күні Р.Т.Ердоғанның сапары дін мұсылманның ғылыми орталықтарының бірі Бұхара қаласында жалғасып, мәртебелі мейман осындағы әл-Бұхари қабіріне зиярат етті. Мұсылман ғұламаларының бірі Бахауддин Накшбандидің Абдулла Әзізхан ибн Убайдуллахан 1544 жылы тұрғызған кесенесіне кірерде Түрік делегациясының құрамындағы Дін істері басқармасының бастығы Әли Ербаш Құран оқыған. Кейбір хабарларға қарағанда Түрік Президенті Режеп Тайиып Ердоған Накшбандидің тарикаттарына зор құрметпен қарайды екен.
Осы жерде Түрік Республикасының делегациясы кешен аумағында орналасқан медресеге де кіріп, құрмет көрсеткен. Сондай-ақ түрік делегациясы Арк қамалы мен Пои-Калян кешеніне барып қайтты.
Сөйтіп Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоған өзінің Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын аяқтады. Прагматикалық бағыт ұсталынатын қазіргі саясатта тек келісімдер мен келіссөздер ғана озып, қорқыту, тізе батыру, қыр көрсету немесе тіпті өкпе-наз сияқты оғаш дүниелердің бәрі артта қалғанда туысқан халықтардың арасындағы осындай қатынастарды Қазақстан тек қолдайтыны белгілі.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»