Ұлт ұлысы Мұхтар Әуезов: «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» десе, азат елдің туын ұстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің рухани жаңғыру жөніндегі айтулы мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» деп жастар санасында елдік патриотизмді қалыптастыруды, олардың бойына туған жердің рухын сіңіруді баса айтып, міндет етіп жүктеген еді.
Отанымызда жастарға жасалып жатқан жақсылық, көрсетіліп отырған қамқорлық баршылық. Кейде соны тиісті мекемелер мен жауапты адамдар дұрыс пайдаланбай ма, әлде ата-аналардың жұмысбастылығы, болмаса ұрпағына жете мән бермеуден бе, еркін заманды еркелік деп ұққандықтан ба, өскен орта, кей тұста әлеуметтік жағдайдың кесір-кесапатынан ба жастар арасында әттегенайлар аз болмай жатады. Әсіресе бала құқығын таптау жайы жиі кездесетін болып барады. Бұл кімді де болса ойландыруы тиіс. Тіпті мұндай ағаттық тәрбиенің кемістігінен де болып отырған жоқ па екен? Біз көбіне білім беру мәселесіне көңіл бөлеміз де, тәрбиені соның қалқасында қалдыра беретін секілдіміз. Тәрбиесіз берген білімнің құмға құйған судай болатынын әл-Фараби бабамыз айтты дейміз де, ескеруге келгенде оны естен шығарып алып жатамыз.
Елімізде 17 жасқа дейінгі ұрпақ халықтың 30,4 пайызын құрайды екен. Бұл бес жарым миллионнан артық ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Барлай қарасақ, аз күш емес. Сол ұрпақтың құқығы қазір көп әңгімеге арқау болып жүр. Небір бассыздықтар көрініс беруде. Арақтың құлына айналған пенделердің сойқан істері жан түршіктіреді. Педофил дегендер де шектен шығып бара жатқандай. Адамдықтан аттағандардың әрекеті төбе шашыңды тік тұрғызуы былай тұрсын, кейде ұл-қызыңның, немере-шөбереңнің ертеңін болжай алмай, пұшайман күйге түсесің. Кейбір деректерге ден қойсақ, екі мыңға таяу балаға қатысты қылмыстық іс қозғалған екен. 248 бала зорлық-зомбылыққа ұшырапты. 200 бала үйінен, не тәрбие мекемелерінен қашып кеткен. Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиеваның Үкіметке жолдаған сауалында жеті мың баланы мемлекет қамқорлығына алғанын, өткен жылы үш мыңға жуық баладан ата-анасы бас тартқанын, 817 баланы ата-анасы тастап кеткенін көрсетіпті. Ата-ананың баласынан бас тартуы дегеннен шығады, жақында «Қазақстан» телеарнасындағы «Қарекет» бағдарламасында бес баласынан бас тартқан әйел туралы айтылды. Ері балаларым десе, жары олардан қол үзем депті. Ондай анадан не қайыр?! Керісінше кейбір ер-азаматтар отбасының ойранын шығарып, ұл-қызы мен сүйіктісін сүйкімсіз деп, тіпті заң талабына сай балаларына алимент төлеуге келгенде ат-тонын ала қашып, қашқынның күйін кешетінін қайтерсің. Ондайлар өздерін өмірге әкелген ата-анасының алдындағы қарызы мен парызын қазір естен шығарып, сайран салып жүргенімен, ертең қолы қалтырап, тізесі бүгілген тұстағы жәудір сәтін ескермеуі естілікке жата қоймас. Мұндай кердеңнің кесірі көп жағдайда бейкүнә балаларды әуре-сарсаңға салып, тағдыр-тамырына балта шауып, сұрқия сұмдықтарға әкеліп жатқаны анық. Иә, әлеуметтік жағдайдың да әсері болатынын жоққа шығаруға болмас. Дегенмен іштен шыққан «шұбар жыланға» жаны ашымау адам атына жараспаса керек. Ең қасіреттісі, халқымыздың салт-санасында анасына қарсы сөз айтып көрмеген ұлттың қадірін кетіріп, анасына тіл тигізу, қол жұмсау, тіпті мерт қылу – бетке шіркеудей қонып тұр. Ондай оқиғаның Талдықорғанда болғаны белгілі. Алдын алмаса «Көрген көргенін, көсеу түрткенін» деп, ондайдың алда қайталанбасына кім кепілдік бере алады?
Жері кең, халқы шағын, ертеңіне зор үмітпен қадам басып бара жатқан жұрт үшін қандай да бір оқиғаны елеусіз қалдырмай, оған бітіспес күрес ашу керек-ақ. Себебін зерделеп, салдарын болдырмауға бекем бел байламасақ, айналып соқпай қоймайтын сұмдықтар жиілеп барады. «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда» демеп пе еді Ахмет Байтұрсынұлы.
Ұрпақ денсаулығы да ұйқыңды шайдай ашады. Түрлі сырқаттардың шеті шығып жатыр. Соның бірі аутизм кеселі дер едік. Бұрын өзге елдерде етек алған бұл ауру қазір біздің ұл-қыздың арасында да жиі кездесетін болыпты. Ондай сырқатқа шалдыққандардың ұзын саны осы күні үш жүз мыңдай екен. Сырқатты тізімге алу 2010 жылдан басталыпты. 2013 жылы жүз мың тұрғынға шаққанда 116 болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 216-ға жетіпті. Сол секілді елімізде церебральды сал сырқатына шалдыққандар 2013 жылы 10 мың бала десек, 2017 жылы 19 мыңға жуықтапты. Бұлардың бәрі де 15 жасқа дейінгілер екен.
Осындай кеселдердің алдын алу бойынша қыруар жұмыс атқарылуда. Жалпы, ұлттың ертеңі саналатын ұрпақтың тағдыры қай-қайсымызды да бейжай қалдырмауы керек. Әсіресе сол ұл-қызды өмірге әкелген ата-ана жауапкершілігі бәрінен биік тұруы тиіс. Ауруға амал жоқ екені рас. Ал дені сау баланың адасуы, теріс басуы, жат қылыққа баруы үлкендердің еренсіздігінен екені айдай ақиқат. Қазақтың ақыны Қадыр Мырза Әлінің: «Барыңды күзет, арыңды күзет, өзіңді күзет» дегені бар еді. Барыңды күзету, арыңды күзету, ұрпағыңды күзету осы күні бәрімізге сын болып тұрғаны шындық. Шындықтың шырайы жауапкершілікті сезінгенде ғана кіреді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»