Астана тұрғындары санының артуымен қатар азық-түлікке деген сұраныс та өсе түскен. Осыған орай Ақмола облысының бірқатар шаруа қожалықтары мал тұқымын асылдандыру арқылы етті бағыттағы мал шаруашылығын жандандыруды қолға алғалы отыр. Аталған жоба астаналықтарды ет және ет өнімдерімен толық қамтамасыз ететін болады.
Жалпы, өңірде мал тұқымын асылдандыру ісі соңғы алты жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда Автоматтандырылған ақпараттық жүйе базасындағы мәліметтер бойынша мал басын асылдандыру бағдарламасына 756 шаруашылық субъектісі қатысып, олар асыл тұқымды мал басын 64,9 мыңға жеткізуді көздеп отыр.
Ет кластерін дамыту жөніндегі аталған жоба аясында бордақылау алаңдарын қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін бордақылау алаңдары тарапынан аналықтарды ұрықтандыру мақсатында асыл тұқымды бұқаларды тауарлық шаруашылықтарға жалға беру тетіктері қарастырылуда. Тауарлық қожалықтарға бір өсіру маусымына дейін бұқараларды тегін беру тетігі де ойластырылуда. Бұл ретте шарт бойынша тауарлық шаруашылықтар өсіру маусымы аяқталысымен жалға алынған бұқаны қайтарып, сол жылы бордақылау алаңына бес мұқаны сатып өткізіп беруі тиіс.
Сондай-ақ жоба аясында қатысушыларды мемлекеттік қолдау мақсатында бордақылау алаңдарын асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, тауарлық шаруашылықтарға жалға бергені және тауарлық шаруашылықтардың бұқаларды бордақылау алаңдарына өткізуін субъсидиялау мәселесі де қарастырылуда.
Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін Біржан сал, Ақкөл, Қорғалжын және Ерейментау аудандарында базалық «негізгі шаруашылықтар» анықталды. Олардың арасында «Щучинский гормолзавод» ЖШС, «SC Food» ЖШС, «AgroExport Ltd» ЖШС және «Ерейментау Ақбас» ЖШС сияқты шаруашылық субъектілері де бар. Жоғарыда аталған шаруашылықтар биылдың өзінде жаңадан құрылған шаруашылықтарға 1,5 мың бас жоғары бағаланатын ұрықтандырушы бұқаларды қажеттеріне қарай жалға беруге әзір. Осылайша облыста тұқымы асыл саналмайтын сиырларды асыл тұқымды бұқаларымен ұрықтандыруды толық қамтамасыз ету жоспарлануда.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы