Биыл қалаға жаңбыр көп жауды.
Ал далаға... далаға әзірше бір тамшы да тамбай тұр.
Мұнысы несі?..
Біз әдетте, көктемгі даланы, кілемдей құлпырған қызғалдақты, көк майса шалғынды, ақша бұлттарды ән мен жырға қоспаушы ма едік.
Әттең...
Тең-тең жүк тиеген түйекештер секілді түйдек-түйдек бұлттар әне, тағы да аялдамай, қалаға қарай жөңкіліп барады.
Үп еткен желге басын изеп, желкілдей жөнелетін жасыл сасырдың, атқұлақ пен қойжелкектің, мезгілінде бүр жара алмай күреңітіп бара жатқан боз жусанның мұңын қазір кім тыңдайды? Көз жасын кім көреді?..
Біздің монтайлықтар кеше көктен жаңбыр тілеп, тасаттық берді. Мұндағы ел маң даладағы биік шоқы – Маңсарының ұшар басы ерте сарғайғанын аңдап, іш жиып, үрейленіп отыр.
Осындай бір шақта: «О-оу, желіні сыздаған қарасұр бұлттар, сендер биыл шынымен-ақ мейірім-қайырым- нан айырылып, ақылдарыңнан алжаса бастағансыңдар ма? Онсыз да көше-көшедегі лықылдаған суды қайда ағызарын білмей, қарбаласып жатқан тас қалада не бар?! – деп еріксіз айғай салғың келеді.
– Аялдасаңдаршы далаға. Құйсаңдаршы селдетіп. Қара жердің иі қанып, егін өссін. Шөп шықсын. Мал тойынсын».
Бірақ...
Кім білсін, бұл да бір сынақ шығар-ау.
Себебі біз де даланы тастап, қалаға қарай жөңкіліп жатқан жоқпыз ба?
Атақоныс, ата дәстүр, ата салт, ана тіліміз – бәрі-бәрі көктен жаңбыр тілеген боз жусандай жүдеп, аспанға қарап телміріп қалды емес пе?
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»