• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Қолдайтын, қуаттайтын ұсыныс

241 рет
көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы

Әлем алдында өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан абыройлы ел болып танылу жолында жасаған нақты қадамдар мен қабылданған шешімдер көңілде де, күнтізбеде де өз орнын тауып жатыр. Соның бір куәсі – Конституция күні, Астана күні. Осы күндер ел санасында тек мемлекеттік мереке ғана емес, мемлекеттігімізді мықтаған, іргетасымызды нықта­ған күндер ретінде де үлкен құрметпен атап өтіледі.

Газетіміздің 1 желтоқсан күнгі санында Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың «Дәуірге тең дара дәурен» атты мақаласы жарық көрген еді. Онда Тәуелсіз елдің 20 жылдық шежіресі нақты деректермен өріле отырып, сол тарихи сәттердің басы-қасында ел болашағын айқындайтын шешімдерді көрегендікпен қабылдап, қадамын тәй-тәй басқан жас мемлекетті даңғыл жолға бастай білген Елбасы туралы, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев туралы көкейге тұтарлық көптеген көрікті ойлар айтылған-тын. Солардың бірі әрі бірегейі бүгінгі шыққан белесті ертеңгі асулардан анық байқау үшін 1 желтоқсанды – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп атайық деген ұсыныс болатын. Бүгін сол ой-пікірге үн қосқан хаттарды жариялап отырмыз.

_________________________

ҚОЛДАЙТЫН, ҚУАТТАЙТЫН ҰСЫНЫС

Бұдан жиырма жыл бұрын біз, қазақстандықтар алғаш рет Мемлекет басшысын сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлына білдірген сеніміміздің жемісін көріп келеміз. Бір қарағанда, жиырма жыл тым аз да, тым көп те мерзім емес. Бірақ, тәуелсіздіктің тәт­ті дәмін татқанымызбен, дер­бес елдің экономикасын өр­кен­дету, әлемдік бәсекеге қабі­летті сапалы өнімдер шығару­дың соншалықты оңай болма­ға­нын да білеміз. Халқының сеніміне ие болған Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруда та­рихи ұлы істер атқарды. Ел­дің келешегі үшін ерен еңбек сі­ңірді. Мұны тек қазақстан­дық­тар ғана емес, әлем жұрт­шылығы мойындап отыр.

Мұны неге айтып отырмын? Биылғы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президентімізді сайлағаны­мыз­ға 20 жыл толды. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қанат Сау­дабаевтың «Егемен Қазақ­стан­да» «Дәуірге тең дара дәурен» мақаласы жарияланды. Мемлекеттік хатшы бұл мақаласында еліміздің экономикалық-саяси даму белестерін кеңінен сараптай келе Қазақстан азамат­та­ры­нан 1 желтоқсанды жалпы­ұлт­тық мереке – Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті Күні деп жариялау туралы ұсыныстар түскенін айтады. Бұл республика жұртшылығын елең еткізгені даусыз. Себебі, біз дәл сол 1991 жылы 1 жел­тоқсанда тарихи таңдау жа­са­ған едік. Ендеше бұл күнді Тұң­ғыш Президент күні жалпыұлт­тық мереке ретінде атаудың өзіндік маңызы барын ескеруіміз қажет. Бұл алдымен жастар­дың бойында отаншылдық, ел­жандылық қасиеттерін қалып­тастыруға жол ашар еді.

Екіншіден, тәуелсіз ел та­рихын қалыптастырудың бас­тауы 1991 жылғы 1 желтоқ­сан­нан тамыр тартқанын ұмыт­пауы­­мыз қажет. Міне, осы тұр­ғыдан айтқанда, Мемлекеттік хатшы ұсынысын қолдағаны­мыз жөн.

Қадыр ЖҮСІП, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы З.Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы.

 * * *

ТАРИХИ КҮН ТАСАДА ҚАЛМАУЫ КЕРЕК

Еліміздің Мемлекеттік хат­шы­сы Қанат Саудабаевтың «Дә­уірге тең дара дәурен» деген тақырыппен жарияланған толға­нысын мен бір деммен оқып шықтым. Сонау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өт­кен алғашқы бүкілхалықтық сай­лауда қазақ­стандықтар жа­саған таңдаудың дұрыстығын ой елегінен өткі­зіп, бүгінгі күн биігінен шолу жасаған мақа­ла­ның тағылымы мен тәлімі өте мол.

Толғаудың түйіні де қисын­ды. Мысалы, «1991 жылдың 1 желтоқсаны әрқашанда біздің тарихымыздың Бірінші Күні, Ұлы Күні болып қала береді, бар­лық уақыттарда да Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тығыз байла­ныс­та болады. Қазақстан азамат­тары­ның 1 желтоқсанды жал­пыұлттық мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Күні деп жариялау ту­ралы көптеген өтініштері оған нақты айғақ болып табылады. Ізгі ниетті отандастарымның жүректен шыққан осынау әділ тілектеріне бүкіл жан-тәніммен қосыламын және бұл Күннің біз­дің халқымыздың бүгінгі және болашақтағы ең сүйікті мерекелерінің біріне айна­ла­ры­на берік сенемін», деген жол­дар­ды оқыған қазақстан­дық­тар­дың: «Дұрыс. Тәуелсіз еліміздің тарихына осылай қарауымыз керек», – дейтіні анық.

АҚШ мемлекетінде 22 ақ­пан – Джордж Вашингтонның туған күні. Америкалықтар, міне, осы күнді «Президент күні» деп ерекше мерекемен атап өтеді. Сондықтан жаңа Қазақ елі тарихындағы бетбұрыс күні болған 1 желтоқсанды – Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні ретінде тарихи датаға айналдырып, жалпыұлт­тық мерекемен атап өтетін бол­сақ, осы рухани қуаныштан тәу­елсіз еліміздің патриот ұр­пақ­тары ұтпаса, ұтылмасы анық.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ, Байзақ ауданының әкімі.

Жамбыл облысы.