• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2018

Отты рух

1196 рет
көрсетілді

Қазақ шайыры Мағжан Жұмабаев: «Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!» деген екен. Ақынның жоғарыдағы жыр шумағын сәл тәпсірлесек, ол кез келгенге емес «көзінде, сөзінде, өзінде оты бар» жастарға сенем деп тұр. Яғни Абай атамыздың «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» дегені сияқты адамның жан дүниесіндегі рух бостандығы оның көзінен от болып көрініп тұрады. 

Екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдинов естелігінде, 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға барғанын, сонда емтихан тапсыру кезінде тәжірибелі мамандар «мына баланың көзінде оты бар екен» деп сынақсыз қабылдағанын жазады. 

Демек біздің халқымыздың бойында отты рух болған. Егер әлсіз болсақ, ғаламда көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын мына дархан далаға қалай ие болып келдік?! Доспамбет жырау айтады: 

Күн-түн қатса жібімес. Мен көлікке қосымды артқанмын, Көмбідей ару жаларға Күректей мұзды тоңдырып, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын...

Көрдіңіз бе, рухсыз халықтан мұндай жыр тумайды. Қысқасы, отарлаушылар қазақтың жан дүниесіндегі осы отты рухын тонады. Рухсыз халықты алтынға бөлеп қойсаң да бәрібір рухы мықты қауымның алдында еңкіш тартып тұрады. 

Рух дегеніміз, ол көзге көрінбейді, халықтың гендік биосферасында болатын үрейді жеңу қуаты. Үрей қан арқылы ұрпақтан ұрпақ жалғасып кете беретін аса қатерлі құбылыс. Қандай бір қауымның рухани еркіндігі (тәуелсіздігі) халқының бойындағы үрейдің аз-көптігімен өлшенеді. Болашағының баянды болуын ойлайтын жұрт ұрпағының отты рухын шыңдайды, жетілдіреді. 

Отты рух демекші... екі ғасыр бұрын таулықтардың азаттығы үшін ақ патша солдаттарымен ұзақ жыл соғысқан имам Шәмілден орыс генералы: «Жартылай аш Дағыстан өзінен мыңдаған есе күшті, әрі үлкен империядан жеңілмей жиырма бес жыл қалай соғысты?» деп сұрайды. Шәмілдің жауабы: «Егер біздің бойымызда отты рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік. Бір күні маған қару асынған атты адамдар келіп: «Шәміл, жаулар біздің шаңырағымызда маздап тұрған отты рухымызды өшірмек, сен өзің атқа қонасың ба, әлде біз мінгізейік пе?» деді. Осы сөзді естіген сәтте кеудемде тығылып жатқан отты рух лап етіп жанды да мені 25 жыл аттан түсірмеді. Рух отынан Қап тауы лапылдап жанды. Оны көктен жауған жаңбыр да, қарлы боран да, дауыл да өшіре алмады» депті. Жоғарыда Абай атамыздың «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?» дегені осы шығар. 

Шәмілді 1859 жылы қолға түсірген генерал Александр Барятинский «Сенің күресің осымен аяқталды, бәрібір патшаны жеңе алмадың, осыны біле тұра неге соғыстың?» дейді. Тұтқын Шәмілдің айтқаны: «Сіз қателесіп тұрсыз мырза, мен халқыма жауға бас имеудің үлгісін көрсеттім және жүректеріне ешкімнен қорықпайтын отты рух сыйладым, бұл жеңіс емес пе?!» депті күліп.

Сол сияқты бір топ ғалым Қап тауын кезіп, экспедиция жасайды. Олар Кикуни ауылының маңына келгенде машиналары батпаққа батады. Итеріп шығару мүмкін болмайды. Ғалымдар қайраңдап тұрғанда таудан балпаң-балпаң басқан алып тұлғалы адам келіп, батпаққа батқан машинаны баланың ойыншығындай көтеріп, құрғақ жерге қояды. Бұл адам авар жұртының атақты балуаны Оспан Әбдірахманов екен. Ғалымдар балуаннан «мұншалық күш-қуатқа қалай ие болдыңыз?» деп сұрайды. Оспан айтады: «Бойымда отты рух бар, әйтпегенде, қара күшпен машинаны сүйреп шығара алмайсыз», депті.

Эстон журналисі Марко Михкельсон генерал Джохар Дудаевқа: «Тау халқы бостандығы үшін соғысқанына 300 жыл болды. Мұнша ұзақ соғысудың құпиясы неде?» деп сұрақ қойған екен. Дудаевтың жауабы: «Кавказдықтардың бойындағы отты рух олардың құл болуына сәйкес келмейді» депті. Сол сияқты еркін күрестен екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы, дағыстандық балуан Мәулет Батыров «кавказдық балуандардың басты ерекшелігі қандай?» деген тілшінің сұрағына: «Біздің жігіттерде отты рух басым» деп бір ауыз сөзбен жауап берген екен. 

Біз бұл тақырыпты неге қозғап отырмыз? Өйткені француз ғалымы Фрэнсис Фанон айтқандай, отарлаудан азат болған ел өздерін қанша тәуелсіз сезінгенімен олардың бойында рух бостандығы болмайды, ол тілдік бөліну мен ұлттық маргиналдануынан көрініп тұрады екен. 

Бұл дерттен құтылмай ол халық ешқашан толық тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды. Бұдан құтылатын жалғыз жол халықтың болмысындағы ұлттық код – отты рухты ояту. Қалай оятамыз, ол басқа әңгіме. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»