Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер мен мемлекеттік наградалар тапсыру рәсіміне қатысты.
Жиынға қатысушыларға арналған сөзінде Елбасы Қазақстанда Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күнін мерекелеудің маңыздылығын ерекше атап өтті. «Баршаңызды келе жатқан Отан қорғаушы күнімен және Ұлы жеңіс мерекесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Ерлік пен патриотизмге дәріптейтін осы айтулы мерекелер биыл Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақта «Елді қорғау – ердің ісі, ерді қолдау – елдің ісі» деген қанатты сөз бар. Сондықтан бүгін сіздерге жетістіктеріңіз және халыққа үздік қызметтеріңіз үшін арнаулы атақтар мен шендерді тапсырғалы отырмын», дей келіп, Елбасы мінсіз әскери қызметі мен ерен еңбегімен ерекшеленген азаматтарға да еліміздің жоғары дәрежелі орден, медальдарын тапсырғалы отырғанын айтты.
«Біз ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде антқа берік, аманатқа адал айбынды армиямызды тәрбиелеп, оны жабдықтап келеміз. Сайыпқыран сарбаздарымыз бен сардарларымыз қастерлі тәуелсіздігіміздің қорғаны бола білді. Осы міндетін жалғастыра береді деп сенемін. «Ұраны бар елдің ұланы бар». Ұйытқысы берік ұландарымыз әскери әлеуетті нығайтып келеді. Баһадүр бабалардың ерен еңбегін егемен елдің ерлері лайықты жалғастырды», деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ әлемде белең алып келе жатқан тұрақсыздық жағдайында мемлекеттің әскери-күш саласы ерекше маңызға ие болатынын айтты. «Біздің әскеріміз бен құқық қорғау құрылымдарымыз ел қауіпсіздігінің берік қалқаны әрі егемендігіміздің мызғымас кепілі болып саналады. Мемлекет барша қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау жолындағы сіздердің ерліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», деді Мемлекет басшысы.
Рәсім барысында Мемлекет басшысы жоғары әскери шендерден бөлек арнаулы атақтар да тапсырды. Мұндай марапатқа еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтайтын әскер мен арнаулы қызметтердің өкілдері ие болды.
Сонымен, Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов генерал-лейтенант әскери атағына ие болды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Терроризмге қарсы қызметінің бастығы Нұрғали Білісбеков пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Қарсы барлау қызметінің бастығы Марат Өсіпов Ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты арнаулы атағын алды.
Сондай-ақ генерал-лейтенант шені «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановқа берілді. Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі шенін иеленді.
Бұдан бөлек, генерал-майор әскери атағы Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Ұларбек Абыкеевке, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қаныш Әбубәкіровке, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Дмитрий Бочаровке, Қорғаныс министрлігі Кадрлар және әскери білім беру департаментінің бастығы Қайрат Көпбаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының бастығы Арман Қалиевке және Серік Ізтілеуовке берілді.
«Бүгін Елбасының қолынан жоғары шенді әскери атақ алу біз үшін зор құрмет. Отанымыздың қорғаныс саласын нығайтуда және бейбітшілік өмірімізді сақтауда қызмет етіп жүрген офицерлерді бағалағаныңыз үшін алғысымыз шексіз. Елдің сенімін ақтауға ант етеміз», деді Қ.Әбубәкіров марапаттау барысында.
Сонымен қатар Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Евгений Подгайскийге авиация генерал-майоры әскери атағы, ҰҚК Қарсы барлау операциялары департаментінің басшысы Сабыржан Оңғарбаев пен ҰҚК Терроризмге қарсы қызметі Халықаралық терроризмге және діни экстремизмге қарсы күрес департаменті басшысы Бақытбек Рақымбердиевке ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы шені, «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары Нұрлан Оразовқа сыртқы барлау генерал-майоры арнаулы атағы табысталды. Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатов, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов полиция генерал-майоры арнаулы шеніне ие болды. Астана қаласының прокуроры Болат Дембаев пен Алматы облысының прокуроры Азамат Жылқыбаевқа 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шені, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары Дулат Әзбергеновке 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы атағы табысталды.
Бұдан бөлек, рәсім барысында ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Мұхамеджан Таласов, Марат Құсайынов, Мұхаметқали Сатов, Қайрат Жақыпбаев марапатталды. Сонымен қатар І дәрежелі «Айбын» ордені Дулат Кұрмашев пен Асхат Төлеуовке берілді. «Құрмет» ордені Эльмира Омароваға табысталды.
«Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан Дулат Құрмашевты ерекше атап өткім келеді. Аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы арнайы операцияны басқарып, өткізген оны бірінші дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп санадық», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы II дәрежелі «Айбын» орденімен Жасұлан Жақыповты, Андрей Калининді, Дмитрий Пластовецті марапаттады. «Қызметін мінсіз атқарып, әскери білімге білікті басшылық жасағаны үшін Жасұлан Жақыповқа екінші дәрежелі «Айбын» ордені беріледі. Биыл құрлық әскерлері арасында өткен командалық дайындық нәтижесі бойынша ол бірінші орынға ие болды», деді Президент.
Балаларды өрттен құтқарған сарбаз Ғалымжан Әлеухановқа «Ерлігі үшін» медалі берілді. Бұл жөнінде Елбасы «Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», деді.
Сондай-ақ өрттен екі баланы құтқарып қалған ІІМ Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімше командирі Виталий Калмыков та «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. «В.Калмыков жанкештілігінің арқасында алаулаған өрттен екі баланы құтқарды. Осы ерен еңбегі үшін оған «Ерлігі үшін» медалі табысталады», деді Президент.
«Әскери қызметте кәсіби біліктілік танытқан Нұрлан Залмұқанов «Жауынгерлік ерлігі үшін» марапатталды. Соңында Мемлекет басшысы салтанатты шараға қатысушылардың барлығын Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Іс-шарадан кейін Елбасы марапатқа ие болғандармен естелік суретке түсті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»