• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2011

Сайлауалды дайындығын жария етті

386 рет
көрсетілді

3 желтоқсанда «Әділет» демократиялық партиясының кезектен тыс VII съезі болып өтті. Съезд делегаттары алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауында жеңіске жететіндіктеріне сенімдері мол екендіктерін мәлімдеді. «Бұл жеңіске жету үшін біздің қолымызда барлығы: тәжірибе, бірлік және болашаққа деген тал­пыныс бар» деген ұран аясында өткізілген съезд өз жұмысын Тәуелсіз Қазақстанның тарихи ке­зеңдерін еске түсіру мен «Әді­лет» партиясының қол жеткізген жетістіктерімен көпшілікті таныс ету шарасынан бастады. Съезге қатысушылар «Әді­лет­ке барар жол» атты партияның сайлауалды бағдарламасын қа­был­дады және 61 адамнан тұратын Парламент Мәжілісіне және бар­лық деңгейдегі мәслихаттар де­путаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Форумға Қазақстанның бар­лық аймақтарынан келген 246 делегат қатысты. Сайлау алдын­да­ғы бағдар­ламаның алдына қойған нақты мақсат-міндеттерін партия төрағасы Мақсұт Нәрікбаев «Бә­рінен де жо­ғары тұратын әділдік» деп аталатын баяндамасында та­ныстырып өтті. Сайлауалды бағ­дарламасының идеологиялық негізі әділеттілік орнату және он­сыз құқықтық, демократиялық, әлеуметтік мемлекет құру мүмкін еместігі, әрбір қазақстандықтың заңды мүдделерін қорғау болып табылады. Біздің съезд Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде атқарылған іс-әре­кеттерді қорытындылау кезінде өтіп отыр, деді өзінің сөзінде М.Нәрікбаев. Бүгінгі күні бүкіл әлем экономикалық дағдарыстың қайталану қаупі төнгендіктен, өздерінің дағдарысқа төтеп беру мүмкін­діктерін қарастыруда. Ел­ба­сы бір сөзінде «Дағдарыс­тың туындау себебі – әділдіктен тар­тыну» деген болатын. Әділет­ті­лік­сіз ауқатты әрі қуатты елі­міз­дің барлық жетістіктерінің мағы­насы мен мәні жойылады. Онсыз даму мен көркею, тұрақтылық пен тыныштық болмайды. Әділ­дікті әділеттілік ретінде барлық салаларда қалыптастыру үшін құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құруымыз қажет. Партияның сайлауалды бағ­дар­ламасында болашақ жаңа Мә­жіліс депутаттары орындауы тиіс мә­се­лелер мен саяси-эконо­ми­ка­лық және әлеу­мет­тік салада жү­зе­ге асуы кезек күттірмейтін бір­қатар ұсыныстар бар екен. Атап айтқанда, егер «Әділет» партия­сы Парламенттен орындарға ие болған жағ­дайда саясат сала­сын­да кең көлемдегі конституция­лық реформа жүргізу, Парламенттің өкілеттілігін арттыру, қала және аудан әкімдерін сайланбалы ету, тәуелсіз арбитр болатын сот жүйесін енгізу, қоғам­дық телеарна ашу, сондай-ақ саяси партия­лар­дың әділ бәсекеге түсуін қам­тамасыз ету секілді, ал экономика саласында табиғи монополияның мемлекеттендірілуі, қосымша құн салығын 6 пайызға, әлеу­­мет­тік салықты 7 пайызға дейін тө­мендету, ба­ға­лы, құнды заттарға салық салу секілді мәселелер жү­зеге асырылмақ көрінеді. Соны­мен қатар, бұл бағдарламада әлеу­меттік саясатта реформа жүргізу, зейнетақы жүйесіне тиімді тәртіп енгізу, газ, электр энергиясы, темір жол тарифтерінің өсуіне шектеу қою, барлық қазақстан­дық­тарды қолжетімді баспанамен қам­тамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қолжетімді болуын қамтама­сыз ету секілді біршама жәйттер қам­тылыпты. Партия съезінде ұйымдық мә­селелер де қаралды: партияның бас хатшысы болып Мұрат Раев, партия төрағасының орынбасары болып Мәди Артығалиев және Артықбай Үкібаев сайланды. Сонымен қатар, «Әділет» пар­тия­сы төрағасының бірінші орын­басары лауазымында Төле­ген Сыдыхов өз қызметін әрі қа­рай жалғастыратын болды. «Әді­лет» партиясы төрағасының идеология жөніндегі бірінші орын­ба­сары деген қосымша лауазым бекітіліп, оған Уәлихан Қайсаров тағайындалды. Партия басшылығы мен съезд делегаттарының атына тілек білдірген бірқатар хаттар келіп түс­се, олардың қатарында О.Сү­лей­ме­новтің, сондай-ақ «Справедливая Россия» партиясының төраға­сы Н.Левичевтің, Украина Социалистік партиясының төрағасы А.Мороздың, Беларусь Республи­ка­сының Еңбек және әділет рес­публикалық партиясының төр­аға­сы В.Заднепрядныйдың және сол сияқты ТМД елдері саяси партия­лары өкілдерінің жеделхаттары бар екен. Олар съезд барысында қатысушылардың назарына ұсы­нылды. Қанат ЕСКЕНДІР. Астана.