Алаш жұртының асқақ айбары, ару Астанамыздың 20 жылдығы тойланар жылдың мерекелік тартулары сан алуан нақышқа ие. Мәселен, Астананың туған күні қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін маусым мен қыркүйекте 175 мәдени-спорттық іс-шара өтеді деп күтілуде. Осылардың ішінде Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің алар орны айрықша болмақ. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлынан біз осынау айтулы театр мерекесінің ерекшелігі мен маңызы туралы айтып беруін сұраған едік.
– Жеңіс Сейдоллаұлы, мынадай әлемдік деңгейдегі үлкен шара несімен ерекшеленеді және де дүниежүзілік театр фестивалі қай күндері өтеді деп жоспарлануда?
– Қазақ елінің айшуақ тұғыры –Астананың 20 жылдығын айрықша сипатта, кең көлемде атап өтудің маңызы өте зор. Астана – тәуелсіздік жолында атқарған алапат ұлы істеріміздің жемісі, құнды шежіресі іспетті. Елбасының Ақмола қаласын жас, тәуелсіз мемлекеттің ордасына айнал- дырудағы асқақ арманы мен ғаламат бастамасының бүгінде өміршеңдігі мен дұрыстығына көзіміз айқын жетуде. Ұлы идея қазір айнымас ақиқатқа айналды. Мұның бәрі көз алдымызда өткен жоқ па? Қазір Астана – тәуелсіз Қазақ елінің жарқын бейнесі, мақтанышы десек, артық емес. Сондықтан Астананың мерейтойын абыройлы атап өту жанымыздың жапырағын жазира даланың кәусар лебі тербеп, әсем әуенмен демегендей сипатта, еліне, жеріне адал қызмет етуді мұрат еткен әр азаматтың арзу-аңсары ретінде тойлануы алдымен бірлікке, татулыққа жүктелер сын әрі елдікке, егемендікке сүйіспеншіліктің бесігі саналады.
Астана мерейтойы үшін Үкімет бекіткен 175 мәдени-спорттық іс- шараның ішінде 44 халықаралық жоба бар. Соның ішінде маңыздылығы жағынан Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің шоқтығы биік болмақ. Фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 17-30 маусым күндері елорда сахнасын шуаққа бөлеп, Еуропа мен Азияның айтулы театр ұжымдары қатысатын ауқымды шаралармен шаттықты еселетеді. Айбынымызға айналған ару Астана мұндай керемет тартуды бұрын-соңды бастан кешпеген десек, қателеспейтін шығармыз. Дүниежүзілік театр фестивалінің шымылдығы «Қазақстан» Орталық концерт залында ашылады деп күтілуде.
– Астанада Дүниежүзілік театр фестивалі алғаш рет былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен болатын. Елордалықтар мен шетелдік қонақтар әлем елдері театрларының қойылымдарын тамашалап, елорда сахналары жібектей ескен көркем туындылармен жаңғырды... Ал биыл фестивальға кімдердің қатысатыны мәлім болып отыр?
– Дүниежүзілік театр фестивалін осымен екінші рет ұйымдастыруға, елордалық көрерменнің әлемдегі ең үздік театр қойылымдарымен танысуына мүмкіндік туғызып отырған «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы екенін айта кеткен жөн. Биыл фестивальға әлемнің алдыңғы қатарлы ең танымал театрлары – Италия, Ресей, Литва, Жапония, Қытай, Грузия, Ұлыбритания, Польша елдерінің үздік өнер ұжымдары қатыспақ. Атап айтқанда, «Piccolo Teatro di Milano» (Италия), «Meno Fortas» (Литва), «TRWarsawa» (Польша), Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры (Грузия), Қытай халық көркем театры (Қытай), Тадаси Сузуки-сан театры (Жапония) келеді. Өнерсүйер қауым екі апта бойы дәстүрлі бағыттағы театрлар мен шығармашылығына жаңашылдықты ту еткен өнер ұжымдарының үздік қойылымдарын тамашалай алады.
–Театр өнері кісіні ерекше сезімге бөлейтін руханияттың ең бір нәзік саласы емес пе? Сахналық қойылымдар негізінен – пьесаның мəтіні бойынша, режиссердің, əртістің, суретшінің, композитордың тізе қосып, тер төгуінен пайда болатын ғажайып туынды. Солай бола тұра кез келген шығарманың әділ сыншысы қашаннан қарапайым халық десек те, айтулы шараны кәсіби тұрғыда саралап, бағалауда сала мамандарының атқарар рөлі қандай болмақ?
– Театр дегеніміз – барша отбасыны туыстыратын отбасы, – деген тәмсіл бекер айтылмаған болса керек. Әлемдік театрлардың тыныс-тіршілігін бұл фестивальда осы саланың жілігін шағып, майын ішкен нағыз кәнігі өнер майталмандары сараптайды деп күтілуде.
Еуропа мен Азияның арасын жақындастырып, ортақ идеяға жұмылдыратын астаналық фестиваль сондай-ақ жергілікті актерлеріміз бен режиссерлеріміздің кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибелерін арттыруда үлкен мектептің рөлін атқармақ, көрерменнің тынысын кеңейтіп, сезімнің сергуіне серпін беретін шараға айналмақ. Екі аптаға созылатын театр додасына әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіби театртанушылар мен БАҚ өкілдері арнайы шақырылып отыр. Олардың арасында белгілі адамдардан Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Алексей Бартошевич (Ресей), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон Валлен (Франция), Ёсихиро Накамура (Жапония) бар. Олар әрбір спектакльді театр қойылымынан соң кеңінен талқыға салып, өз ойларымен бөліседі.
– Бүгінгі таңда әлемдік театр өнерінде танымал театр сыншылары тек мәдениеттанушы-ғалым ғана емес, театрдың жұмысын насихаттайтын жарнамашыға айналғаны мәлім. Олар өз елдерінің үздік қойылымдарын әлем назарына ұсынып, басқа мемлекеттерге апарып көрсетуге белсене атсалысып келеді. Осы тұрғыдан келгенде, ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінен жұртшылық не күтеді?
– Қай өнер саласы болсын ел мен елді жақындастырып, араластыратын халықтық елші саналады. Дүниежүзілік театр фестивалінің біздің елімізде өтуі біріншіден, әлемдік театр қауымдастығындағы орнымызды айқындауға мол мүмкіндік туғызады, екіншіден, төл туындыларымызды насихаттауға айтарлықтай үлес қосады.
– Фестивальды өткізудегі мақсат та осы ойдан туындаса керек-ау?
– Сонымен қатар бұған іс-шараға қатысушы театр ұжымдары мен олардың шығармашылығын насихаттауды, Қазақстанның тарихи-мәдени ұлттық мұрасын әлем назарына ұсынуды, актерлердің шеберлігін шыңдауды, өзара тәжірибе алмасуды, үздік спектакль, үздік режиссерлік, актерлік жұмыстар мен авторлық шығармаларды анықтауды қосқан абзал. Келешекте Қазақстан мен Еуропаның, Азияның кәсіби театр ұжымдары арасында шығармашылық ынтымақтастық берік орнап жатса, қандай ғажап! Демек, халықаралық ауқымға ие бұл шара қазақстандық бәсекеге қабілетті өнер мен мәдениет саласындағы жобалардың жүзеге асырылып жатқан тағы бір жарқын көрінісі деуге толық негіз бар. Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат тұтқан бағдарламасындағы басты бағыт та осы оймен толықтай ұштасып жатқан жоқ па?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»