Қазір спорттық сайыстар жиі. Соның бірі жақында Қарағандыда өткен, Жаңаарқа аймағынан алғаш КСРО спорт шебері атанған Танау Нығызбаевты еске алуға арналған еркін күрес турнирі болды. Бұл сайыс әдеттегіден өзгешелеу ұйымдастырылды. Оның бар салмағын бүгінде ортамызда жүрсе жетпістен асар марқұм балуанның ұлдары Мұрат, Жақсылық, бауырлары Айтбек, Әбдуілияс көтерді. Қаладағы зәулім де әсем «Жастар» сарайын жалға алып, жер-жерден жиналған 250 қыранның 12 салмақ дәрежесі бойынша емін-еркін күш сынасуына барынша жағдай жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ынталандырып, елеулі жарысқа айналдырды.
Бұл кісіні ұрпақтары ұлықтауға лайықты-ақ. Өткен ғасырдың сонау 50-ші жылдары ортасында алыстағы ауылда жеткіншек кезінен күрес өнеріне құштарланып, соған құлай беріліпті. Жеңіл салмақта әуелде облыста, одан республикада алдына жан оздырмай, қала берді кеңестік кеңістіктегі жарыстар төрінен жарқырап көрініп алысқа танылған. КСРО командасының құрамында Әбілсейіт Айханов, Сағынжан Аманжоловтармен бірге белдесіп, 53 кг. салмақта бірнеше дүркін жеңімпаз атанған. Жаңаарқа жастарының спортты сүйікті серік етуге жаппай жұмылуы жерлес ағаларының жеңістері әсерінен болған. Содан тамырланған таланттардың талайы Танау балуанды талаптарына ізашар санайды.
Жоғарыда аталған 1996-98 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы турнирге қатысушылардың шоқтылы шоғырымен ерекшеленді. 29 килодағы шынашақтай балғыннан бастап 100 килоға дейінгі кесек тұлғалы балалар кейінгі кезде кенжелеп қалған осынау күрес түрінің жаңғыру, даму үстінде екендігін паш етті.
Сайыстың бас төрешісі Балғабай Нұрманов «Әр өңір командаларының құрамына 10-15-тен балауса балуан тартылған мұндай жарыс сирек ұшырасады. Еркін күрес болашақ шеберлерінің үлкен легі өсіп келе жатыр екен, сол қуантты, деді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер мойындарына Танау Нығызбаевтың бейнесі бедерленген алтын, күміс және қола медальдар ілінді.
Жарысты ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының мәдениет қызметкері Абылай Шүленбаевтың айтуынша, бұл бастама жалғасып, бұдан былай қарай республикалық турнир болып өтіп тұрады. Осы жарыста көзге түскен балуандар республикалық біріншілікке қатысады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.