Ішкі істер министрлігінің ведомстволық порталында Жеңіс күні қарсаңында «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» атты сервис ашылды. Оған Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен бұрынғы әскери тұтқындар және Германиядан қайта оралған бұрынғы КСРО азаматтары туралы ақпарат орналастырылған.
Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» базасына соғыс кезінде тұтқынға түскен Кеңес Одағы солдаттарының фильтрациялық істерінен және трофейлік карточкаларынан алынған мәліметтер қосылған. Сондай-ақ аталған базада Екінші дүниежүзілік соғыстың 60 мыңнан аса әскери тұтқынына қатысты ақпарат бар, олардың басым бөлігі неміс тұтқынында қайтыс болған.
«Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» сервисіне әскери тұтқындар туралы мынадай деректер қосылған: олардың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, ұлты, туған жері (республика, облыс, қала, ауыл), соғысқа дейін тұрған жері, жұмыс орны және лауазымы, әскери атағы, қашан және қайдан шақырылды, әскери бөлімнің атауы және лауазымы, тұтқынға алу уақыты мен жері, тұтқында болған жері, мұрағаттық іс нөмірі.
Әскери тұтқындар туралы мәлімет алу тұтқында қайтыс болғандардың туысқандары үшін маңызды ақпарат болып табылады. Сонымен қатар мұндай тарихи деректер Ұлы Отан соғысы тарихын толықтыру үшін тарихшыларға, өлкетанушыларға, журналистерге қажет.
ІІМ порталындағы «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» сервисі біздің республиканың ғана емес, сондай-ақ таяу және алыс шетелдің азаматтары үшін де пайдалы болмақ.
Әскери тұтқындардың цифрланған деректер базасын құру, оны жариялау тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі игі іс болып табылады.