«Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қорының аясында 2011 жылы құрылған «Арыстан» мамандандырылған лицейінде еліміздің барлық өңірлерінен келген 9-11-сыныпта оқитын 240 жасөспірім тегін білім алуда.
Лицей бүгінде заманауи оқу-материалдық базасымен жабдықталған. Мұнда мұғалімдерге арналған тұрғын үйлер, спорттық жаттығу кешендері, мультимедиа орталығы мен жиырма мыңнан астам кітаптан тұратын кітапхана қоры бар.
Президент Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы сәуір айында келген сапарында «Арыстан» лицейіне жоғары баға беріп, білім алушылар еліміздің Қорғаныс күштерінің құрылымдарында абыроймен қызмет ететіндеріне зор сенім білдірген болатын.
«Арыстан» лицейіндегі салтанатты күндердің бірі – Лицей күні. 2011 жылғы 24 сәуір «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қорының директоры Д.Н.Құлыбаева аталған оқу орнының бастығы, запастағы генерал-майор С.С.Таулановқа лицей Туын табыстаған күн. Міне, осы сәттен бастап лицей оқушылары бұл күнді салтанатты жағдайда атап келеді.
Биыл «Арыстан» лицейінің құрылғанына жеті жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында лицей бес мәрте түлектерін үлкен өмірге қанат қақтырды. Ал жылдағы дәстүр бойынша 9-сынып оқушыларының ант қабылдау салтанатына «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры» қоғамдық қорының басшылығы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары М.К.Таласов, Талғар ауданының әкімі Р.А.Сәтбаев, т.б. қатысты.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ