• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Мамыр, 2018

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы форумының ХІІІ отырысы өтті

1484 рет
көрсетілді

Жиын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) алаңында Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 

Отырысты ашқан Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, маусым айында өте­тін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас­шыларының саммиті халық­ара­лық қатынастар мен жаһандық эко­но­миканың тұрақсыз кезеңінде өтпек. 

«Қазіргі таңда қатаң санк­ция­лық соғыс пен геосаяси теке­ті­рестің тереңдегеніне куә болып отыр­мыз. Бұл, әлемдегі стра­­тегиялық тұрақтылық пен қауіп­­сіздікті нығайтуға нұқсан келті­ретін фактор екені сөзсіз. Осын­­дай кезеңде ШЫҰ-ға мүше мем­ле­кеттердің кең көлемдегі орта­лық моделін қалыптастыру жөнін­дегі көзқарастары маңызды болмақ», деді Е.Салтыбаев. 

Ол сондай-ақ Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымын әлем мойын­дағанын және оның беделі жоғары екенін атап өтті. Астанада былтыр өткен ШҰЫ саммитінде ұйым­ға Үндістан мен Пәкістанның толыққанды мүше болып кіргенін еске салды. Оның пайымдауын­ша, бұл ұйым арасындағы ын­ты­мақтастықты тереңдетуге әрі әлеуетін арттыруға серпін береді. Е.Салтыбаевтың сөзіне қарағанда, Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мү­ше мемлекеттер санының артуы­нан қауіптенудің қажеті шамалы. 

«ШЫҰ жалпыға танылған және беделді бірлестік ретінде құрылды. Ұйым Еуразиялық ке­ңіс­тікте қауіпсіздік пен тұрақты­лықты қамтамасыз етудегі басты тетіктердің бірі саналады. Шанхай диалогына қатысушылар өзекті сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұрудың тиісті алаңын құра алды», деді институт директоры. 

Бұдан бөлек, Е.Салтыбаев ұйым аясында сауда-экономикалық саланың жан жақты тереңдеп келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы ын­ты­мақтастықтың нығая түсуі өзара ықпалдастық пен іс-қимыл әлеуетін кеңейтетінін жеткізді. 

«Үндістан мен Пәкістан ұйым­ға толыққанды мүше болып қа­былданған Астана саммитінің тарихи мәнін атап өткен жөн. ШЫҰ-ның кеңеюі ұйым­ның ынтымақтастығын тереңде­тіп, әлеуетін арттыру үшін маңыз­ды серпін береді. Әйтсе де, қаты­сушылар санының артуы келісімге келу мен шешім қабылдауды қиындатады деген пікір айтылуда. Мұндай қауіптің объективті сипатқа ие екенін ескеруіміз қажет», деді Е.Салтыбаев.  Өз кезегінде ШЫҰ бас хат­шы­сы­ның орынбасары Айзада Суба­­қо­жаева қазіргі таңда «Үлкен еура­зиялық сегіздік» форма­тын­да­ғы Шан­хай ынтымақтастық ұйы­мы­ның бірінші саммитіне жан-жақты да­йын­дық жүргізіп жатқанын жет­кізді. 

«Әрбір саммитте ұйымның даму тарихының жаңа тараулары жазылып, жаңа міндеттер қойы­лады. Алдағы саммит жұмысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бас­шылары ұйымды жаңа форматта одан әрі дамытудың міндеттерін, ха­лықаралық және өңірлік өзекті мә­селелерді қарастырады», деді ол. 

А.Субақожаеваның сөзіне қара­ғанда, маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін саммит өңір мен әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға, ұйым аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге айрықша үлес қосады. 

Форум жұмысы барысында сарапшылар ұйымның қазіргі кездегі жағдайын бағамдап, алда кездесуі ықтимал сын-тегеуріндер мен даму қарқынын талқылады. Сондай-ақ ШЫҰ-ның геосаяси маңыздылығы мен рөлі, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттыру, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік және туризм саласындағы әріптестікті нығайту мәселелері сөз болды. Отырысқа қатысушылардың бар­лығы жиынның өзара сенім­ге негізделгенін айта келе, ынты­мақ­тастықты дамытуға, күн тәрті­біндегі ең маңызды проблемаларды бірлесе шешуге уағдаласты. 

Жалпы, ШЫҰ форумы 2006 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Жиын ұйым саммиті қарсаңында ұйымдастырылатын маңызды шаралардың бірі саналады. Биылғы форум жұмысына Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь және Орталық Азия мемлекеттерінен келген делегаттар қатысты.

Іс-шара бүгін де жалғасады. Форум қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылмақ. Сонымен қатар Әлемдік экономика және саясат институты мен ШЫҰ елдерінің жетекші сараптамалық орталықтармен ынтымақтастық туралы меморандум бекітіледі деп жоспарланған.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»