Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қарағандыдағы «Молодежный» мәдениет үйінде «Бабалар сөзі» фолькорлық фестивалі өтті. Халықтың рухани асыл қазынасын жинақтау, насихаттау және келешек ұрпаққа жеткізу сынды игі істерді мақсат ектен фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шарада ұлттық фольклорлық мұраларымызды жинақтап, сақтап жүрген ересектер мен жастар ән, би, әуен сайысында өз дарындарын ашып көрсетуге мүмкіндік алды. Қатысушылардың жас ерекшілігі де ауқымды болды: 5 жастан 70 жасқа дейінгі аралық қамтылды.
Бұл фольклорлық фестиваль музыка, би, ән арқылы халықтың атам заманғы өнер тәжірибесінің тамаша көрінісі болды. Мерекеге қатысушылар, яғни жастар жағы бар өнерін салып, өз ісінің кәсіби мамандары ретінде дарыны мен шеберліктерін халайық алдында паш етті.
Фестиваль барысында шеберлік сабағы, мектептер арасында асық атудан жарыс, күш сынасу бәсекелері өткізілді. «Балдырған» бөбекжайының «Сылдырмақ» хоры, «Ботақан» вокалдық тобы, «Алтын батыр» стэп-мектебі өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.
Ұлттық киімдер, көне сарындар қатысушыларды ата-әжелеріміздің заманына ойша қайта оралуына мүмкіндік берді. Жас буын ұрпақтан-ұрпакка аманат етіп жеткізілген салт-дәстүрлерімізді, туған ел тарихын біліп, ертеден қалған тұрмыс заттарымен танысуға мүмкіндік алды.
«Бабалар сөзі» фольклорлық фестивалі қатысушыларды өткен күндерге оралтып, болашақтың маңыздылығын бағалауға септігін тигізді.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ