Орталық коммуникациялар қызметiнің алаңында Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысымен таныстырды.
Облыс басшысы алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени және тарихи құндылықтары бар нысандарды сақтауға бағытталған шаралар кешенi қабылданғанын атап өттi. Бағдарламаны iске асыруға облыс тұрғындары бір кісідей жұмылып, жүктелген мiндеттердi орындауға ықыласты екендігін де жеткізді.
Облыс басшысы солтүстік өңірдегі энеолит дәуірінің ескерткіші − «Ботай қонысының» маңыздылығына тоқталып, бұл қоныс республикалық маңызға ие және өңірдің бренді екенін айтты.
– Бұл ескерткiш республикалық маңызға ие және бiздiң өңiрдiң брендi болып табылады. Облыс тұрғындары аталған тарихи дерек негізінде әлемдiк жылқы шаруашылығының түп қазығы біздің өңірден өріс алғандығын мақтанышпен айта алады, деді Қ. Ақсақалов. Облыс басшысының айтуынша, 2018 жылғы 31 наурыздағы Үкiмет қаулысымен «Ботай қонысы» негізгі республикалық тарихи-қорықтардың үштігіне енген. Бұл болашақ ұрпаққа бiрегей мәдени ескерткiштi сақтауға, саяхатшыларды тартуда бәсекеге қабiлеттiлiктi жоғарылатуға, ғылыми-зерттеу, археологиялық, ағартушылық, тарихи білімді жетілдіруге мүмкіндік береді.
Өңiрiмiзде тек iшкi деңгейдегi емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегi туризм саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Петропавл қаласын абаттандыру жұмыстары жалғастырылуда. 2018 жылдан бастап өңiрдегi барлық мұражайларға кiру тегiн болды. Облыс әкiмiнiң айтуынша, қабылданған шаралар туристер ағымын екi есеге өсiруге мүмкiндiк туғызып отыр. Өңiрдiң басшылығымен «Заман таспасы» жобасы қабылданды. Бұл жоба туристерге гаджеттердiң көмегiмен қаланың тарихи ескерткiштерiмен танысуға мүмкiндiк бередi. Жоба бойынша қазiргi таңда ескерткiштер туралы екi тiлде толық мағлұматы бар маршрут дайындалды, – деді өңiр басшысы.
Аталған өңірде соңғы жылдары қазақ мәдениетiн шетелдерде дәрiптеу жұмыстары қолға алынған. Осы мақсатта өңірдегі мәдени орталықтар халықаралық фестивальдар мен конференцияларға қатысуда. Бүгінге дейін өнерпаздар Германия, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Италия, Испания, Болгария, Қытай, Беларусь пен Ресейде болып, қазақ өнерінің әлемге танылуына үлес қосты. Өңiрде мәдениеттi дамыту жұмыстары белсендi түрде жүргiзiлуде – жас ақындар мектептерi, ансамбльдер мен ұлттық спорт түрлерiн дәрiптеуге арналған мектептер ашылуда.
Сонымен қатар Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жұмыс істейді. Театрда 200 адамға арналған орын бар. Бұған қоса биыл Петропавл қаласындағы жаңа «Жас Өркен» шағын ауданында 500 орындық жаңа театрдың құрылысы басталмақ.
Облыс басшысы Құмар Ақсақалов осы уақытқа дейін Президенттің латын графикасына қатысты тапсырмасы аясында біраз шаралар атқарылғанын айтты. Халық арасында түсіндіру жұмыстары да жүргізілген.
Біз 500-ге жуық шара өткіздік. Әрбір топта, әрбір ұжымда, әрбір ұйымда түсіндіру шаралары жүзеге асырылды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің облысымызда xалықтың 65 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Дегенмен атқарылған шаралардың арқасында барлығы латын графикасына көшуді қолдап отыр, деді Қ.Ақсақалов. Әкімнің айтуынша, облыс мектептері жаңа әліппе бойынша сабақ беруге дайын. Өткен жылдың қараша айында облыстық кітапxанада латын графикасына үйрететін арнайы орталық ашылған.
– «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 18 оқулық біздің облысымызға жеткізілді. Аталған шығармалар алдымен колледж бен университет студенттеріне таратылады. Әрине ол бастама қазақ тілінде білім алып жатқан жастарға арналып отыр. Мысалы, бізде Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде бес мың студент оқыса, олардың ішінде екі мың бала қазақ тілінде білім алып жүр», – деді Қ.Ақсақалов. Облыс басшысы өз сөзінде өңірдегі түйткілді мәселелерді шешуге жергілікті кәсіпкерлер қаржылай қолдау көрсетіп отырғанына ерекше тоқталды. – «Туған жерге тағзым» жобасы аясында өткен жылы облыста туған өлкенi дамытуға, қолдауға жекелей кәсіпкерлер тарапынан жалпы сомасы 1 млрд 300 мың теңгеге қаржылай көмек көрсетілді. Кәсіпкерлер өз туып-өскен ауыл-аймағындағы ауыз су, мәдени, денсаулық сақтау, білім салаларындағы кейбір түйіндердің шешімін табуға атсалысып отыр. Биылғы жылы да қалталы азаматтар жолдарды жөндеуге, баспанаға мұқтаж жандарға үй салып беруге, көп балалы отбасыларына қолдау көрсетуге инетті. Айта кетерлігі, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету 57 пайызды құрап отыр. Бұл мәселе тек мемлекет бюджетімен шешілмейді», – деді Қ.Ақсақалов.
Қазіргі уақытта облыстағы ауылдық мектептерде, ауруxаналарда, фельдшерлік бекеттерде маман тапшы. Осы мәселені шешу үшін «Серпін» бағдарламасы аясында келіп жатқан жастарды ауылды жерлерге жіберу көзделіп отыр. Жастарға барлық жағдай жасалмақ. Тіпті облыс басшылығы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен үй салып беруге де дайын.
Іш-шара барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда «Ботай» қонысының жәдiгерлерi мен тұрғын үйлердiң үлгiлерi, өңiрдiң киелi жерлерiнiң картасы, кiтап басылымдары, дискілер, альбомдар ұсынылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»