Қала билігі қауырт сағаттарда жүк көлігі қозғалысына шектеу енгізеді, - деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Мұндай шешімді қабылдауға елордадағы көлік ағысының жалпы жылдамдығының төмендеуіне жүк көліктерінің әсері себеп болды. Бүгінгі таңда қаланың аумағында 220-дан астам құрылыс учаскелері жұмыс істеуде, олардың бәріне жүк техникасы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жүк машиналары жылдамдығының баяулығы, олардың ебедейсіздігі мен көлемінің үлкендігі сияқты факторлар жолдарда апаттық-қауіпті жағдайлар тудыруы мүмкін, - делінген хабарламада.
Шектеу 14 мамырда жұмыс күндері сағат 07.00-ден 09.00-ге дейін және 17.30-дан 20.00-ге дейін автомобиль жолдары шекараларының аймағында салмағы 3,5 тоннадан артық жүк көліктерінің қозғалысына енгізіледі. Ол 31 желтоқсанға дейін қойылып отыр. Елорда әкімдігі мұндай шектеулерді Халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу кезінде қолданды. Ол кезде қаланың белгілі бір учаскелеріне жүк көлігінің кіруіне сағат 6:00-ден 23:00-ге дейін шектеу қойылған болатын.
Жүк қозғалысына шектеу бекітілген сұлбаға сәйкес қала ішіндегі белгіленген 18 учаскеге қатысты болады.