АЗАТТЫҚТЫҢ АҚШАСЫ
1992 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. Мемлекеттің дербестігін айқындайтын Елтаңба мен Ту, Әнұран бекітілді. Ал 1993 жылдың қаңтарында Ата Заң қабылданды. Ол кейінірек өзгертіліп, толықтырылған нұсқасы 1995 жылы қайтадан қабылданды. Ал теңгенің енгізілуі ел экономикасының дамуын жылдамдатқаны сөзсіз. Тәуелсіз мемлекеттің тәуелсіз, дербес экономикасының аяғынан нық тұруы үшін жасалған алғашқы қадамдар туралы Ұлттық банктің экс-төрағасы Ғалым Байназаров былай деген болатын: «Мені тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің төрағасы қызметіне тағайындаған кезінде берген басты тапсырмасы – гиперинфляция мен экономикалық рецессия тежелмей тұрған шақта, оның үстіне КСРО державасынан енші алған көршілес республикалардың біразы төл валюталарын шығарып жатқанда, ал Ресей Федерациясының сол кездегі билігі «рубльді тауар ретінде сатып алыңдар», деген сөзді іс-әрекеттерімен түсіндіре бастаған кезде «жағдайдың түрліше дамуына дайын болуға», әрі-берідесін, ұлттық валютаны шығаруға әзірлік жұмыстарына кірісуге кез келген уақытта дайын болуымызға ерекше мұқият қарау мәселесі еді. Көп ұзамай Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары биліктегі азғантай топтан ұлттық валютаны шығару жұмыстарын мойнына алатын тұлғаларды іріктеді. Барлық іс аса құпия жағдайда өтті. Неліктен олай болғаны баршаға түсінікті шығар. Ең бастысы, ұлттық валютамыз тәуелсіздігіміздің рәмізі ғана емес, сонымен бірге, тәуелсіз елдің экономикасын бүгінгідей дәрежесіне жеткізуші мықты тетік болғандығын айтпақпын», деп еске алады. Ұлттық валюта өте қысқа мерзімде әзірленді. Бір жыл ішінде дизайны мен номиналы, айналыс жүйесі, құны анықталды. Салыстыру үшін айта кетсек, ағылшындар өз валюталары – фунт стерлингті әзірлеуге алты жыл жұмсаған. Ал біздің теңгенің қысқа мерзімде дайын болғанына қарамастан сапалылығына сын тағылмады. Міне, осылайша 1993 жылғы 12 қарашада Президенттің «ҚР Ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Ұлттық банкте бір мысқал алтын немесе бір цент валюта болмаған екен. Сондай жағдайдың өзінде ұлттық валютаны еркін айналымға қосуы нағыз ерлікке пара-пар болды. Қазіргі таңда теңге ұлттық ақша бірлігі ретінде толығымен қалыптасты деп сеніммен айтуға болады. Айналысқа енгізілген 18 жылда ұлттық валюта өзінің тарихи қажеттілігін дәлелдеді. Жас валюта уақыт сынағынан сәтті өтті. Әлемдік екі қаржы дағдарысына, мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдыраған, сондай-ақ көтерілген кезеңдеріне де төтеп берді. Бастысы, теңгеміз халық сеніміне ие болды.* * *
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
• Теңге орыстың «деньги» сөзіне айналған «таньга», «донга», «теньга» деген тарихи түркілер сөзі. • 1992 жылы тамыздың 27-сі күні Ұлттық банк басқармасы теңгенің үлгілерін бекітті. • Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығарған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер еді. Олар жұмыстарын Қазақстан мәдениетінің тарихи даму аспектілерін зерттеуден бастаған. • 1992 жылы теңге дизайнындағы бейнелер бекітілді. • Ұлттық валюта атауы да қызу пікірталас өзегіне айналды. «Ақша», «алтын», «теңге» сөздері ұсынылды. • Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл Фараби орналастырылды. • Атақты ғалым кейінірек 200 теңгелік банкнотта, одан кейін соңғы 10 мыңдық ақшаны қоса алғанда барлық ірі ақшаларда бейнеленді. • Алғашында теңгеде Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің бейнелері салынды. • Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. • 1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. • Қарашаның 12-сіндегі Президент Жарлығынан 3 күннен кейін теңге айналымға енді. • Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де аяқталды. • Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп 1 теңге 500 рубль болды. • Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды. • 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған 2,5,10,20 және 50 номиналды монеталармен алмасты. • Банкнота (қағаз ақша) – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында дайындалып шығарылады. • Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалған. Оларды төрт ИЛ-86 ұшақтары тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға 18 рет ұшып барып-қайтып келген. • Жаңа валютаның айналысқа енгізілуінің көрші елдерден құпия ұсталғаны сонша барлық құжаттарда Президент Резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған. • Алғашқы теңгелер жер асты қоймаларынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жеткізілген. • Қолданыстағы банкнот номиналдары: 200 теңге, 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге, 5000 теңге, 10000 теңге Айналыстағы монеталар номиналдары: 1 теңге, 2 теңге, 5 теңге, 10 теңге, 20 теңге, 50 теңге, 100 теңге • Теңгенің әлемдік биржада 2006 жылдан бастап төбесінде сызығы бар Т әрпімен белгіленіп келеді. Ұлттық банк жариялаған үлкен байқаудың қорытындысы бойынша осы символ үздік деп танылып, оны ойлап шығарушылар миллион теңге сыйақы алды. • Жалған ақшаның сапасын жақсы етіп шығарушылар оған 5-6 жыл жұмсайды екен. Сондықтан кез келген мемлекет ақшаның қорғанысын қиындатып, дизайнын жиі ауыстырып отырады. Теңге 2006 жылы өз бейнесін өзгертті. Осыған дейін қолданылып келген тарихи портреттердің орнына жаңа дизайн келіп, қорғанысы жетілдірілді. • Әлемдік тәжірибеде банкноттарды қорғау элементтері үш топқа бөлінеді. Оның алғашқысы бұқара халық үшін, кассирлер үшін (арнайы мәшинелерде тексеруге болады), және орталық банк қызметкерлері үшін. • Қорғаныс элементтерін нақты ешкім білмейді. Қазіргі қолданыстағы заманауи 2 мыңдық, 5 және 10 мың номиналды құны бар теңгелеріміз екі су жаңа қорғаныс элементімен қамтамасыз етілген. Оларды көбейту мәшинелерінде бейнесін түсіру барысында жалған ақшада осы екі элементтің орнына қара дақ қана түседі.* * *
МАҒЫНАЛЫ МОНЕТАЛАР
Еліміздің Теңге сарайы сапасы жағынан басқа елдердің монета сарайларының әйгілі көрмелерінде жоғары бағаланатын және мамандар мен коллекционерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыратын монеталарды шығаруда. Қазақстандық теңге сарайы басқа орталық банктерден монеталар дайындауға арналған тапсырыстардың сыртында халықаралық монета бағдарламаларына да қатысады. Қазақстанның ұлттық валютасы айналысқа енгеннен бергі кезең ішінде, яғни 18 жылдық тарихында көптеген ескерткіш және мерейтойлық қымбат металдан жасалған монеталар айналысқа шығарылды. Бір жағынан, монеталарды тарихи дерек көзі, ескерткіш десек артық айтқандық емес. Оларда тарихи тұлғалардың портреттік галереясы, түрлі ескерткіш бейнелер, сондай-ақ шақаларда мифологиялық бейнелер, тұрмыс-салт көріністері бейнеленіп келеді. Монеталар – халықтың экономикалық және саяси тарихын, олардың материалдық және рухани мәдениетін жан-жақты танып-білу үшін таптырмас дүние. Олар елдің қазіргі бейнесін және тарихын сипаттайды. Ұлттық банк шығарған монетаның әрбір сериясының Қазақстан Республикасының дамуында өз тарихи орны бар. 1995 жылы шыққан «Ұлттық банк туралы» заңның 42-бабына сәйкес, монеталар 3 түрге бөлінеді. Алғашқысы, инвестициялық монеталар – инвестициялау және жинақталған ақша қаражаты нысаны болып табылатын, қымбат металдан дайындалған монеталар. Коллекциялық монеталар – коллекциялау және жинақталған ақша қаражаты объектісі болып табылатын, қымбат металдан және қымбат емес металдан шектеулі тиражбен дайындалған мерейтойлық, ескерткіш және арнайы соғылған монеталар. Айналыста жүретін монеталар – қымбат емес металдан дайындалған және қолма-қол айналысқа арналған монеталар. Соңғы жылдары қымбат металдардан жасалған қазақстандық монеталарға нумизматтардың, сол сияқты қарапайым халық тарапынан сұраныстың өсу үрдісі байқалады. Осы орайда Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған монеталар дайындалып, олар 1 қарашадан бастап айналысқа енгізілді. Үстіміздегі жылдың басында Берлин қаласында «World Money Fair» халықаралық көрмесінде Krause Publications монеталар байқауы өтті. Онда бірнеше номинациялар бойынша мемлекеттік органдар шығарған эмитенттер немесе монета сарайлары соққан жылдың үздік монеталары анықталды. Еліміздің Ұлттық банкі «Ұлы қолбасшылар» сериясы бойынша шығарған «Аттила» ескерткіш күміс монетасы «Тарихи тақырыптағы үздік монета» номинациясы бойынша «Жылдың үздік монетасы» наградасына ие болды. Сондай-ақ осы сериядағы «Шыңғыс хан» күміс монетасы да осы наградаға қол жеткізді. Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарының дизайны Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайының заманауи технологиялар пайдалануының және дайындау сапасының жоғары болуының арқасында беделді көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағасын алуда. 2007 жылы Валюталық мәселелер жөніндегі халықаралық қауымдастық конкурс ұйымдастырды, оған Ұлттық банк 2006 жылғы үлгідегі банкноттарымен қатысты. «Ең үздік жаңа банкнот» номинациясында I орын 10 000 теңгелік банкнотаға берілді. Ұлттық банк 2007 жылы монета өнімінің «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына қатысты, онда 16 елден 39 монета ұсынылды. Бұл маңызды нумизматикалық конкурс монета сарайлары немесе мемлекеттік әкімшіліктер соққан ең әдемі монетаны марапаттайды. Бұл конкурсты Ұлттық банк «Ғарыш» монетасымен жеңіп алды. «Көшпенділер алтыны» сериясынан Қазақстанның «Шабандоз» монетасы «Жылдың күміс монетасы» номинациясында, ал «Қазақстанның өсімдік әлемі» сериясынан «Регель қызғалдағы» монетасы «Монета – ең жақсы сыйлық» номинациясында жеңіп шықты. Сондай-ақ ол «Монета жұлдыздары-2007» ТМД және Балтық елдерінің ең үздік монетасы конкурсында көрермендер көзайымы жүлдесін жеңіп алды. 2009 жылы Ұлттық банк «Халықаралық Виченза Нумизматика жүлдесі» (Италия) конкурсына және «Монета жұлдыздары-2009» ескерткіш монеталардың халықаралық конкурсына (Ресей) қайта қатысты. Қазақстанның «Диадема бөлігі» ескерткіш күміс монетасы «Бірегей идеялық шешім» номинациясында ІІ орын алып, «Монета жұлдыздары-2009» конкурсы қазылар алқасының шешімімен дипломымен марапатталды. «Шыңғыс хан» ескерткіш күміс монетасы 2009 жылы Италияда II орын алды. Ол «монетаның бет жағы сырт жағындағы Шыңғыс ханның айқын бейнесімен үйлесімді жасалған» көркемдігі үшін аталып өтті. Қазылар алқасының шешімімен монета «Vicenza Numismatica» жүлдесімен марапатталды. Бүкіл әлем нумизматтары қымбат металдан жасалған Қазақстанның ескерткіш және мерейтойлық монеталарын өте жоғары бағалайды. Венера ТҮГЕЛБАЙ. __________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Венера ТҮГЕЛБАЙ.