Жеңіс майдан мен тылдың өзара тығыз байланысы мен өзара тұтастығының арқасында келді деседі соғыс тарихын зерттеуші ғалымдар. Бұған келісуге әбден болады.
Бүгінгі күні жеңісті жақындатқан жауынгерлер қатары селдіреп барады. Миллионға жуық тұрғыны бар Ақтөбе облысында қазіргі кезде Екінші дүниежүзілік соғыстың 63 ардагері мен мүгедегі тұрады. Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында Ақтөбе облысының әкімдігі мен мәслихатының ортақ шешіміне сәйкес олардың әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілді. Сондай-ақ соғысқа қатысушылармен теңестірілген тұлғаларға және тыл ардагерлеріне де қаржылық тұрғыдан тиісті қолдау шаралары көрсетілді. Өңірде мұндай арнайы топқа енгізілген аға буын өкілдерінің жалпы саны 8000-ға жуық екенін ескерсек, қолға алынған шаралардың қомақтылығы мен ауқымдылығы айқындала түседі. Сонымен бірге осыдан 73 жыл бұрын соғыс өрті шарпыған Еуропа елдерінен, соның ішінен Германиядан жеңіспен оралған майдангерлердің бүгінгі көзі тірі жесірлері де жергілікті атқарушы билік өкілдері назарынан тыс қалған жоқ. Оларға да белгілі бір мөлшерде сыйақы тағайындалды.
Тұтастай алғанда жеңіске өз үлестерін қосқан ақтөбелік аға ұрпақ өкілдеріне облыс бюджетінен 180 миллион 600 мың теңге қаражат бөлінді.
Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ