Жақында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Құрманғазы Сағырбайұлының Астрахань облысының Алтынжар ауылында орналасқан «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорында сақталған домбырасының көшірмесі мен Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы ресми түрде музейге қабылданды. Онымен қоса «Құрманғазы домбырасы – музей сахнасында» атты үшкүндік көрмеге Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Құрманғазының дара ауыз мылтығы мен шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі қойылды.
Күй кешінде Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің домбырашылар құрамы мен жеке орындауда Қажыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетті.
Келушілердің күмбірлеген күйден бөлек назарын аударған тағы бір нәрсе Дина апамыздың айрықша қастерлейтін күміс кісесі болды. Күміс, жез үзбелермен салған жалпақ былғары белбеулер. Ол екі қабат етіп тігілген. Екі басына қапсырма салып, кейде бір ұшына өткізіп бекітетін тесіктері бар. Кіседе белбеуге іліп, өткізіп қоятын былғары қалта жасалады. ХІХ ғасырдан бастап қазақтардың тұрмыс салтының өзгеруіне байланысты кісенің түрі де өзгерді.Оған қалта салмай, күміспен кемерленетін болған. Музейге өткізілген Дина күйшінің кезінде қолданылған күміс кісесі осы екен.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ