• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
07 Желтоқсан, 2011

Хамаң боп өткен халқына

412 рет
көрсетілді

Көрнекті ақын Хамит Ерғалидың 95 жылдығына орай ас беріліп, «Өзегім толы ақ жалын» атты естеліктер кітабының тұсауы кесілді. Халқы қадірлеп «Хамаң» деп ата­ған, ханға да, қараға да сыйлы бол­ған, әманда тау өзеніндей та­сып, өмірде ешкімнің алдында бү­ге­жектемей алшаң басып өткен Хамит Ерғали ақындық мінездің эта­ло­нындай еді десек, қателеспеспіз. Хамаң жастайынан от кешті, сұра­пыл соғысқа сұранып қатысты. Одан келе сала әдебиет майданына араласты. Әдебиет корифейлерінің бел ортасында жүрді, уақыт өте өзі де сондай корифейге айналды. Бірталай уақыт «Социалистік Қазақ­стан» газетінің жүйрік журна­лис­терінің бірі болды. Бұл жағынан кел­генде, өзімізді осынау заңғар ақынға әріптеспіз деп мақтаныш­пен айта алсақ керек. Шығармашылығына келер бол­сақ, Қазақстанның халық жазу­шы­сы, Абай атындағы мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Хамит Ерға­ли­дың өлең-дастандары қазақ поэ­зия­сындағы тұтастай бір дәуір келбетін паш етеді. «Құрманғазы» сын­ды эпикалық кең құлашты ғұ­мырлы поэмасы әдебиетімізде алын­бас қар­лы шыңдар санатында мәңгі жасай бермек. Ал енді Хамаңның аза­мат­тық көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі әлі күнге дейін көргенді көзайым етер, естігеннің есін алар ғажайып аңыз. Осындайда аяулы Қадағаң – Қадыр Мырза-Әлінің: «Хамаң комбайн ғой, ол сөйлеп өт­кеннен кейін біз масақ теріп қа­ла­мыз» дейтін әйгілі әзілі еске түседі. Алматыда ақын ұрпақтары берген аста айтылған естеліктерде ақын­ның өнегелі өмір жолы мен қыруар еңбегі көз алдымыздан тізіліп өткен­дей болды. Рәсімді жиынның ба­сын­да «Шабыт» домбырашылар ан­самблінің орындауында өзі де ба­қи­лық болған біртуар күйші Қаршыға Ахмедияровтың кезінде Хамаңа сый­лық етіп тартқан «Хамит тол­ғауы» атты тамаша күйі қалықтады. Ақын­ның ұлы Мұрат Ерғалиев Хамит Ер­ғали атындағы қор құрыл­ға­нын, ұр­пақ­тары әке есімін ардақтау, мұра­сын жинақтап шығару жолын­да бірталай жұмыстар жасап жат­қа­нын айтып өт­ті. Қазақстан Жазу­шы­лар одағы бас­қар­масының төр­аға­­сы Нұрлан Оразалин ақын ағасы жөнінде тебірене сыр шертті. Ха­маң­ның 80 жылдық тойы­на Елба­сы­ның өзі келіп қатысып, ақынның ғана емес, күллі жазушы қауым­ның мерейін өсіріп, төбесін көкке жеткізгенін еске алды. Шериаздан Елеу­кенов, Ғаббас Қабышев, Тө­леп­берген Тобағабыл, Рафаэль Нияз­­бек, Сәкен Иманасов, Марал Сқақбаев, Тұрсынзада Есімжанов, Мұ­рат Әуезов, Оразақын Асқар жә­не бас­қалар Хамаң жайында ұла­ғат­ты естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқы­­ды. «Ән айтқызатын жақсы қа­йы­на­ғаларымыздың көздері жоқ қазір, Хамаң жарықтықтың аруағы бір аунап түссінші», деп Ғафу Қа­йыр­беков ағамыздың қосағы Бәдеш апай ән бастап жіберді. Осы арада таяуда ғана Алматы­дағы «Ой-Сана» баспасынан шық­қан «Өзегім толы ақ жалын» атты кітап қолымызға тиді. Бұл кітапқа абыз қаламгердің естелік-эссе жанрын­да жазылған ғұмырнамалық ой-тол­ғам­дары, әдебиет сыншыларының, қаламдас бауырлары мен әріптес достарының және ізінен ерген ақын інілерінің Хамаң жайлы мақала­лары, естеліктері мен өлеңдері топ­тастырылыпты. Мұндағы онда­ған авторлардың қалың қатарын әде­биет ардагерлері Әбу Сәрсенбаев, Диқан Әбілев, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қа­ра­таев, Зейнолла Қабдолов, Тәкен Әлімқұлов, Қасым Қайсенов, Қали­хан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Мол­да­ғалиев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ақтанов, Сағынғали Сейітов сияқты ардақты есімдер бастаған. Ақын Жарасқан Әбдірашевтің Ха­маң қайтқанда толғаған: «Хамаң өтті дегенше – заман өтті десеңші», деп келетін өлең жолдары бірнеше рет қай­таланды. Еске алу жиынын­да­ғы ықы­лас-ниет Хамаңның халқы­мен бірге жасай беретінін көрсетіп тұрды. Қорғанбек АМАНЖОЛ.