• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Мамыр, 2018

Жарқын Шәкәрім: Халықтық музыкаға қамқорлық қажет

1017 рет
көрсетілді

Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі музыка зерттеушісі, күйші.

– Жарқын Жақияұлы, жоғары білімді музыка маманысыз, зерт­теушісіз, жазушылығыңыз тағы бар, бүгінгі әңгімемізде мәдени өмі­ріміздегі музыка бағытының өткені мен кеткенін көктей шолсақ және де оның қазіргі уақыттағы хал-ахуа­лы туралы не айтар едіңіз?

– Ертеректе үлкендер айтып отырушы еді, патша заманының небір қиын­шылығын да бастан кештік, бер­гі кеңестік керзі етіктің де теп­кісін көрдік деп. Екі заманның ерек­шелігі екі бөлек, жер мен көктей ғой. Ондағысы КСРО-ның тұсында бар­лық адамдардың жағдайы тең болды. Бай, кедей деген ұғым мүлдем бол­мады. Оқу мен емделуді үкімет (мемлекет) көтерді. Халыққа жағдай жасалды. Осыған жеткенімізге мың да бір шүкір дегенді меңзегендігі болар.

Қариялардың сол кездегі айтқа­нын­дай, осы күнгі егде тартқандар да айырмашылығы жер мен көктей екі формацияның елегінен өтті. Ке­ңес­тік саясаттың тұсында сая­си­ қуғын-сүргінді де, сондай-ақ Се­мей по­лигонының тажалы шарпы­ған қасіретті кезеңді де көрдік. Сөйт­кенмен әр заманның шынайы ақи­қатын айтпасқа тағы болмайды.

Мәселен, кеңестік дәуірдің ал­ғаш­қы бастауында, 1925 жылы Алек­сандр Затаевич Орынборда «Қа­зақ халқының 1000 әні» жинағын жа­рыққа шығарды. Қазақ АССР Ха­лық ағарту комиссары Темірбек Жүр­генов алғашқы қазақ операсын, алғашқы қазақ хорын, алғашқы симфониялық оркестрі мен халық ас­паптары оркестрін ұйымдастыруға ұйыт­қы болды. Бұл көріністер әрине, қазақ халқының мәдени дамуындағы бұрын-соңды болмаған ірі жеңіс еді.

Енді өзіміздің Тәуелсіздік заманына мысқалдай да болса көз жүгіртіп көрелік. Байқап қарасақ, еліміздегі өнер ұжымдарының дені кеңестік заманнан жетіп сақталғанын байқаймыз. Сол опера театры, филармония, Қазақ­концерт, сол симфониялық оркестр, халық аспаптары оркестрлері, сол хор капелласы, бәрі де дерлік кеңестік кезеңнен жеткен өнер ұжымдары. Яғни бүгінгі ұрпақ өкілдері өткен социалистік қоғамнан қалған өнер ұжымдарын барынша сақтап, жаңа заман ерекшеліктеріне бейімделген, жаңа мазмұнды, жаңа сипаттағы әрекеттермен жалғастырып отыр.

ХХ ғасырдағы музыка өнері опера, оратория, симфония, кантата, ка­пелла, квартет, романс тәрізді сан сапатты жанрлар үлгісінде дамып қалыптасқаны белгілі. Сол кездегі ком­позиторлардың көпшілігінің шы­ғар­маларына арқау болған му­зыкалық жанр түрлері бүгінгі таңда қалай сақталып отыр? Бұған сонымен қатар патриоттық рухта та­нылған жандардың белсенділігін му­зыка тілімен, музыкалық та­қы­рып­пен айшықтай алдық па деген сұрақты қосуға болады. Осы жа­ғынан қазіргі музыкалық үрдіске көз жүгіртсек, елімізде танылған 100 жаңа есім жетістіктерін мадақтау, ха­лық мәртебесін көтеру үлгісі музыка тілінде қандайлық деңгейде наси­хатталмақ деген ойға жетелейді.

Қазақ музыкасын аспандатып айдай әлемге танытқан Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Латиф Хами­ди, Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев тә­різ­ді композиторлар көздерінің тірі­сінде халықтық шығармаларымен рух­ты көтерді, көпшіліктің риясыз сүйіспеншілігіне бөленді. Опера жанрында тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы, ұлылардың соңы болып дүниеден өткен Еркеғали Рахмадиев жазған «Абылай хан» сахнаға шығарылғанын білеміз. Еркеғали ағамыздан кейін композиторларымыз жаңа опера жазыпты, сахнаға шығарыпты дегенді құлағым шалмапты... Естімей, кінә менен болса, Құдай кешірсін.

Рас, осы күндерде Композиторлар одағының төрайымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдыр­бек, Жоламан Тұрсынбаев, Ермұрат Үсенов, Бейбіт Дәлденбаев тәрізді халқымыздың ерекше ілтипатына ие болған, қадау-қадау туындыларымен танылған қайраткер тұлғалар да бар екені шығар күндей шындық. Олардан әлі де тәуелсіздігімізді күрделі жанрда суреттейтін, асқақтығын бейнелейтін тұшымды дүниелер күтеміз.

– Көпшілік айтып жүрген «мына за­ман – әншілердің заманы» деген пікір­ге орай ойыңызды ортаға сал­саңыз.

– Біріншіден, қазақ эфирлерінде күні-түні 90 пайыз эстрадалық ән­шілер насихатталады. Оның үстіне ән­шілер ән орындауларымен қоймай, теле­видениеде жүргізушілікпен айналысып кетті. Сондай бір заманға тап болдық, Қарашаш. Екіншіден, жас композитор-әншілер аспандағы жұл­дыздардан да көбейіп кетті. Ал енді інжу-маржандай шығармаларымен танылып, бар өмірін музыкаға арнаған жоғарыдағы танымал тұлғалардың қата­рына бір ғана әнімен эфирге шы­ғып, лезде композитор атана қал­ған кейбір жастарымызға не деуге болады? Осыған жол берген кімдер? Әри­не бұлар көркемдік кеңестің жоқ­тығынан, эфир насихатының нем­құрайлылығынан орын алған олқы­лықтар. Басында атағанымыздай, өткен ХХ ғасырда қазақ музыкасы бірнеше жанрлар бағытында өркен­десе, бүгінгі таңдағы музыкамыз негізінен бір ғана, эстрадалық жанр үлгі­сінде даму үстінде. Бұған куә – қазақ аспанының, қазақ эфирінің қазіргі қалыптасқан ахуалы. Мұнда эстрадалық әндер насихаты 90 пайызды құраса, халықтық музыкалық әуендерді насихаттау 10 пайыздың о жақ, бұ жағында. Мысал үшін, Орта Азия елдерінде халық аспаптары оркестрлері, төл жанрлары, әндері мен аспаптық шығармалары эфир арқылы күнделікті беріліп оты­рады. Ал бізде Құрманғазы атын­дағы академиялық халық аспаптары оркестрін, Нұрғиса Тілендиев атын­дағы «Отырар сазы» оркестрін апталап, айлап әрең тыңдаймыз.

– Мұндай келеңсіздіктің көзін қа­лай жоюға болады?

– Мен ұлттық төл музыкамызды радио мен теледидардың таңғы эфир­лерінен беру керек дер едім. Неге десеңіз таңсәріде тыңдалған му­зыка үнінің әсері, ұлттық музыка аспаптарының үні, әсем ән мен тәт­ті күй, жұмсақ жыр мен текті терме адам баласының көңіліне күні бойы, ертеден кешке дейін алапат сезім сыйлайды, тіршілік дүниесіне құш­тарландырады, жігерлендіреді. Адам бойы жақсы сезімде жүреді. Сон­дықтан да әндермен қатар күйлерді де таңсәріден бастап теледидар мен радио эфирлерінен үзбей насихаттаған дұрыс.

Мұндағы түйінделер ой – тәулік бойына эфирден берілетін музыкалық насихаттың тепе-теңдігін сақтау. Эс­тра­далық әндер әрине жастарға ұнайды. Алайда жастармен қатар қо­ғамда өмірлерін эфирге елеңдеп өткізіп жатқан егде кісілер де бар еке­нін естен шығармағанымыз жөн. Олар ұлттық музыканың кәусар үнін тыңдағысы келеді. Телерадио қызметкерлері осыны ескерсе дей­міз. Мәселен, таңғы 7 мен 10-ның ара­лығында тыңдаушының сұрауы бо­йынша «Ақ тілек» бағдарламасынан Күләш Байсейітованың, ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің, Ермек Серкебаевтың, Жамал Ома­рова­­ның, Рәбиға Есімжанованың, Роза Бағланованың, Бибігүл Төлегено­валардың орындауындағы әндерді неге беріп тұрмасқа?! Неге десеңіз бүгінгі орта буын әншілер осы аға-­апаларына қарап өсті ғой. Бұл ойым­ның тобықтай түйініне келгенде, теледидар көрермендерінің де, радио тыңдаушысының да сұрауын ескеріп, эстраданы тым асқақтатпай, халықтық музыкамен тым құрығанда дәрежесін тең насихаттау қажет дегім келеді.

– Қазақтың ғұлама ғалымы Бо­лат Сарыбаевтың шәкіртісіз, Ал­маты­да 1980 жылы шаңырақ көтерген Республикалық халық музыка аспаптары музейінің тұңғыш дирек­торы болдыңыз, «Сазген» ансам­блін ұйымдастырдыңыз. Осы орайда Болат Шамғалиұлының хал­қымыздың көне музыкалық аспаптарын дамытудағы елеулі еңбе­гі жайында айтып берсеңіз.

–  Музыкалық аспаптарды ғылыми тұрғыда зерттеу ісі орта ғасырда әл-Фарабиден бастау алатыны белгілі. ХІХ ғасырда Шоқан Уәлиханов қо­быз аспабындағы орындаушылар жайында сол ғасырға тән деректер келтіріп жазды. ХХ ғасырда хал­қымыз­дың көне музыкалық аспаптарын түбегейлі зерттеп, жаңғыртқан про­фессор Болат Сарыбаев еді.

Біз Болат ағамыздың қазақ музыка мәдениетінің дамуындағы баға жет­кісіз ғылыми еңбектерін әлі күнге дейін бағалай алмай отырмыз. Бір ғана мысал, Алтын Орда заманынан бергі уақытқа дейін қазақтың хандық заманында пайдаланылған шертер мен жетіген деген аспаптар болған екен. Алайда бұлар түрлі жаугершілік заманға байланысты пайдаланылудан қалған, анығы жоғалып кеткен. Сан­даған ғасырлар бойы аталмай кел­ген, исі қазақ естіп-көрмеген осы екі көне музыкалық аспабымызды Болат Сарыбаев ХХ ғасырда, яғни 1968 жылы халқымызға қайтарды. Ол кісі жаңғыртқан басқадай да асатаяқ, ду­дыға, қоңырау, үскірік, сазсырнай, қоссырнай, тастауық, қурай-ысқыр­ғыш, үшпілдек, ысқырауық, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, сылдырмақты қамшы, қоңырау тәрізді сандаған аспапты былай қойғанда, жетіген мен шертерді қайта жаңғыртуы қазақ аспаптық музыкасының аса ірі жаңалығы, құбы­лысы ретінде саналды. Ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібаевтың: «Бүгін­гі ұр­пақ қолынан түсірмей пайдалана бастаған шертер мен жетігенді қай­тадан жаңғыртып, жеткізіп бергені үшін ғана Болат Сарыбаевқа ескерткіш орнатуымыз қажет» деген сөзін де сол тұста естігенбіз.

– Өзіңіз ғалымның бұл ретте қан­дай еңбектерін баса айтар едіңіз?

– Қазақтың аспаптану әлемінде Болат Сарыбаев екі ғылыми жаңалық ашты. Біріншісі – қазақ халқы мен түркі халықтары музыкалық аспап­та­рының санын және бітімін танытатын, сондай-ақ орындалу ерек­шеліктерін айқындайтын жіктеу кес­тесін жасап, «Болат Сарыбаев кес­тесі» еңбегін жарыққа шығарды. Екін­шісі – көне музыкалық аспаптар табылған өңірдің картасын түзіп берді. Ғалымның ғылыми жобасына негізделген ол еңбегі – «Болат Сарыбаевтың музыкалық аспаптар картасы» деп аталды. Ғалым ашқан осы екі жаңалық қазақ музыкалық аспаптану ғылымының бағдаршамы болып қалыптасты.

– Кеңес заманында көреалмау­шылық пен іштарлықтың салдары­нан қаншама танымал тұлғалар көзі тірісінде дұрыс бағаланбай, көп жағдайда елге сіңірген еңбек­тері атау­сыз қалып қойды деген сы­ни пікірлер жиі айтылады. Хал­­қы­­мыздың өткен-кеткен тарихынан мұндай жайттарды аз кез­дес­тір­мейсіз. Өнердің тұрағы – таза­лық емес пе?

– Солайы солай-ау. Әйткенмен қы­зыл империя кезінде ауызекі әңгімелерде, «түрік», «түркі» деген сөз тіркестері кеңес мәдениетінің көрінісінде ашық айтыла бермейтін, сол кезеңнің идеологиясына қарсы, кере­ғар қалыптасқан ұғым болатын. Мысалы, Болат ағамызға қай­­та оралсақ, «ғалымның кейбір тұ­жы­рымдары қоғам мүддесіне сай кел­мейді» деген пікірлер айтылған ғой. Неткен надандық десең­ші! Мұндай жаңсақ пайымдар, оның түркілік му­зыка жәдігерлерін қазақ әулетіне жиі насихаттауына байланысты туын­даған. Ол кісі қазақтың көне музы­калық аспаптарының бәрі де түркі дүние­сінен жеткен мұра екендігін ашып жазды және насихат құралдары арқылы ел-жұртқа жиі-жиі көріне берді. «Сарыбаев феодалдық заманды аңсаған, ескілікті көксеген адам» деген әркімдердің көреалмаушылық сөздерін мына құлағымыз естіді... Дегенмен ғалымның халқымыздың музыкалық аспаптану ғылымына қосқан үлесі бүгінгі ұрпақ алдында сайрап жатыр. Өткен 2017 жылы ғалымның туғанына 90 жыл толуы­на орай Қызылорда қаласында өт­кен «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық музыка фестивалінде «Болат Сарыбаев және түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері» тақырыбында Дүниежүзі ғалымдарының басқосуы, ғалым еңбегін халықаралық дәрежеде айшықтауы шындықтың шырағын ешкім алақанмен бүркемелеп тұра алмайтынына тағы бір мәрте көзімізді жеткізді.

– 1974 жылы Ресей Федерация­сының Орталық архивінің қырғыз бөлімінен фонографқа жазылған Әміре­нің орындауындағы әндерді тауып, елге жеткіздіңіз. Әміре жай­лы бірнеше кітап жаздыңыз, сон­дай-ақ «Әміре» фильміне де қаты­сыңыз бар. Фильмге тарихи кеңес­ші ретінде үлес қосқан екенсіз. Осы туралы пікіріңізді білгіміз ке­леді.

– Мен өзім әр жылдары тек Әміре Қашау­баев туралы ғана алты зерттеу кітабын жазған адаммын. Әнші жайында осыншама кітап­тың авторы екенімді естіген соң, «Әміре» фильмін түсіруді қолға ал­ған аме­рикалық режиссер Джеф Вес­паның 2016 жылы мені іздеп осында келмесі бар ма. Ол кісімен Алматыда екі күндей әңгімелестік. Оған Әміре жайлы 40 жылдан бергі бар білгендерімді айтып бердім. Сол кездесуде шетелдік режиссер әнші Еркін Шүкіманның орындауында Әміре шырқаған әндерді тыңдап риза болды. Алматыдағы оның қабірі басында дұға оқып, құран бағыштадық. Содан ол кісі мені фильмнің кеңесшісі етіп бекітті. Екі жылдан соң, яғни жақында «Әміре» фильмінің Астанада және Алматыда өткен алғашқы көрсетілімінде режиссермен кездесіп, бір-бірімізді құттықтадық.

Әркімнің өз айтар пікірі болатынын ескерсек, «Әміре» фильмі маған ұнады. Ұнаған тұсы – әнші Әміре жайлы таба алмай жүрген бейнемізді, жете алмай қалған ойымызды, айта алмай кеткен сөзімізді әлем әншіле­рінің халықаралық байқауы арқылы көрсетіп, керемет шыншыл бедерлеген. Америкалық Джеф Веспаға Алла разы болсын! Бұл фильмде Әміренің жер-жаһандағы жеңісі айшық­талады. Әнші арқылы Қазақ елінің мәртебесі көтеріледі. Қазақ халқына деген Ал­ланың бір сыйы болды. Осыдан жүз жылға жуық уақыт бұрын, 1925 жылы радио әлі дами қоймаған, теледидар деген мүлдем атымен жоқ кезде Әміре осылайша қазақ елінің ән өнерін айдай әлемге танытты.

Кезінде Әлкей Марғұлан, Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов, Сапар­­ғали Бегалин, Қанабек Бай­сейітов, Құрманбек Жандарбеков, Жүсіп­бек Елебековтердің батасын алған мына менің сол саңлақтардың армандарын орындауға, фильм арқылы жеткізуге мүмкіндік туғызған Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлына және фильмнің демеушісі Әлидар Өте­мұратовқа ризашылығымды білді­ремін.

Биыл Әміре Қашаубайұлының туға­нына 130 жыл толып отыр! «Ам­ре в Париже» («Әміре Парижде») деген кітабым ұлы әншінің 130 жыл­дығына менің тартуым болмақ. Алла бұйыртса, осы жылы әйгілі жазушы ағамыз Медеу Сәрсеке Әміре жайлы кітабын жарыққа шығармақ.

 Жалпы, әншіге қатысты табылған әрбір жаңа дерек өте маңызды саналады. Француз композиторы әрі музы­катанушысы Поль Ле Флемнің Әміре жайлы жазған: «Странная для западного человека поэзия исходит от этих песен, рожденных под другим небом. Но они передают ту же надежду на счастье, ту же надежду на боль, что и другое искусство», деген бұрын-соңды еш жерде жазылмаған беймәлім сөзін Парижде ЮНЕСКО көлемінде қызмет атқарып жүрген Асқар Абдрахманов баламыз та­уып, алғаш рет жариялап отыр. Поль Ле Флемнің бұл айтқаны Ромен Роллан, Анри Барбюс, Джордж Гершвин, Анатолий Луначарский мен Александр Затаевичтердің жаз­ғандары тәрізді құнды пікір саналады.

– Қазақ ұлттық музыка өнеріне сіңір­­ген еңбегіңіз өлшеусіз. Сөйтсек те алда тағы қандай жоспарла­ры­ңыз бар?

– Өнер адамының өмірінің өзегі, күші, қадір-қасиеті – тоқырап қалмауда. Менің жеке кітапханамда мыңдаған кітап­тар, зерттеулер, фотосуреттер, ел ішінен келген жүздеген хаттар сақталған. Соларды тағы бір қарап шығып, сұрыптап алдағы жұмыс­тарыммен байланыстырып, ой түйсем деймін. Алдағы уақытта Ахмет Жұбановтың фонографқа жазылған күйлері және Нұрғиса Тілендиевтің керемет орындаушылығы мен дири­жерлігі туралы еңбектер жазуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ бар өмірімде түрлі басылымдарда жарияланған 400-ге тарта мақа­лаларымды, кітаптарымды, зерт­теулерімді бір жерге жинастырып, «Авторлық библиографиялық кіта­бымды» шығару да ойда бар. Ден сау болса, Алла бұйыртса екен деп жүр­мін.

– Әңгімеңізге рахмет! Әлі де қай­ра­тыңыздан қайтпай еңбектене беруіңізге, биік белестерге жетуіңіз­ге ті­лектеспіз!

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»