Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Елбасы тапсырмасына сәйкес кәсіптік білімнің құрылымы мен даму үрдісіне талдау жасап, кәсіптік және жоғары білім беру сапасын арттыру шараларымен таныстырды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрлігі білім саласы бойынша әлемдік тәжірибемен жете танысып, нақты зерттеулер жүргізді. Талдау жасау барысында әлем бойынша жоғары білім алушылар саны жыл сайын артып отыратындығы белгілі болды. Жоғары білімді кадрлар даярлау жылына 6% көрсеткішпен қарқынды дамып келеді. 10 жылда жоғары білім алушы жастардың саны 65%-ға, яғни 65 млн.-ға өскен көрінеді. Бұл көрсеткіш, жалпы алғанда халықтың білім деңгейін арттырғанымен, әлемдік сарапшылар жоғары білімнің жаппай берілуі білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Ал дамушы елдерде жұмыссыздықтың көбеюі орын алмақ.
Осы орайда Қазақстанның бұл көрсеткіштерді басып озуы алаңдатады. Соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі студенттер саны 170%-ға өскен. Экономикалық тұрғыдан шынайы баға беретін болсақ, Қазақстандағы студенттер саны тым артық деп бағаланады. Бұған қандай үдерістер әсер етеді деген сұраққа жауап іздеген сарапшылар күндізгі білім беру жүйесінің институттық элементтерінің ықпалын зерттеген. Сөйтсе, күндізгі жоғары білім беру жүйесі экономикамызға 21% орта білімді, 41% кәсіптік-техникалық, 38% жоғары білімді мамандарды даярлап береді екен. Бұл дамушы елдердің көпшілігінің қызметкерлер құрылымына сәйкес. Алайда біздің жоо-лардағы сырттай оқу жүйесінің болуы жағдайды түбегейлі өзгертіп отыр. Себебі, қазақстандық жоғары білімді студенттердің тең жартысына жуығы (46%) сырттай алады екен. Біз жастардың жартысына жуығын техникалық және кәсіптік білім мамандықтарына оқытамыз, бірақ олардың әрбір екіншісі (45%) мамандықтары бойынша жұмыс істеудің орнына жоғары оқу орындарына кетіп жатады. Нәтижесінде кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшылар экономикаға қажетті мөлшерде тартылмай қалады да жыл сайын қызметкерлерді толықтырушылардың қатарындағы олардың үлесі 27 %-ға төмендейді, деді Б. Жұмағұлов. Тағы бір жағымсыз фактор бар. Дайындығы аз және үлгерімі төмен жастар бұл жолды жоғары білім алуда ҰБТ-дан айналып өту үшін және қысқартылған бағдарламамен оқытуға аз қаражат жұмсау үшін пайдаланып жатады. Осылайша жоғары білімді мамандар саны күрт артады. Бұл экономиканың құрылымына сәйкес емес, әрі халыққа білім беру құрылымын теңдестіре алмайды. Бұл жағдай ретке келтіруді қажет етіп отыр. Сондықтан биыл бірқатар шаралар қолға алынды. «Білім туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, жоо-лардың жаңа классификациясы анықталды. Оларды халықаралық және ұлттық аккредитациядан өткізу енгізілуде. Биыл сырттай оқу контингенті жоғары талаптар қойылу арқылы 43 мыңға қысқарды, деді ол.
Министр кәсіптік білім беру жүйесіндегі тепе-теңсіздікті 3 бағытты кешенді шаралар арқылы шешуді ұсынды. Алғашқысы – еліміздегі 148-ге жуық жоо санын 100-ге дейін қысқарту. Оларды бірден қысқарту мүмкін емес, сондықтан бұл үдеріс 3-4 жыл ішінде жүргізіледі. Өз әлеуеттерін бекіте түсу үшін жоо-ларды біріктіруге, кейбірін колледждерге айналдыруға жағдай жасаймыз, деді ол. Бұл шаралар кәсіптік-техникалық білім алғандардың жаппай жоғары оқу орындарына сырттай білім алуға ауысуына жол бермес үшін қарастырылып отыр. Сондай-ақ министр орта мектеп базасында білім алғандардың бірден сырттай оқуға түсуіне тыйым салуды ұсынды. Сонымен қатар, техникалық және кәсіби білім беру орындары түлектерінің жоғары оқу орындарына түсу кезінде міндетті түрде орталықтандырылған тестілеу енгізу ұсынысы да жасалды. Бүгінде колледждер мен техникалық және кәсіби білім беру орындарын аяқтағандар жоғары оқу орнына ешқандай емтихансыз қабылдануда, деп атап көрсетті Б.Жұмағұлов.
Бағдарламаның бүгінгі күнге қажеттілігі жоғары екендігін айта келе Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов министрге 3 бағытқа баса назар аударуды міндеттеді. Біріншіден, ұсынылып отырған оңтайландыруға жататын жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер зардап шекпеуі қажет. Яғни, білім ала бастаған студенттердің басқа жоғары оқу орындарында сол оқуын жалғастыруына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ Елбасы айқындаған еліміздің даму бағыттарына жоо-лардың мамандықтары мен білім алған студенттердің әлеуеті сәйкес келуі керек, яғни білім алған студенттер жұмыс үдерісіне әлеуетті түрде араласуы қажет. Үкімет басшысының үшінші назар аударған мәселесі, жоғары оқу орындарына бағытталатын ресурстардың қайда жұмсалатындығы болды. Яғни, бұл қаржылар Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылымды дамытуға, білім беру сапасын арттыруға жаратылуы керек.
Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап беру кезінде Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов 3-4 жылдан кейін елімізде 100-ге тарта оқу орындары қалатындығын, биылдың өзінде 12 жоғары оқу орны қысқаратынын жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.