• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Мамыр, 2018

Үлкен волейболға бастаған үрдіс

1340 рет
көрсетілді

Волейбол ойынының қарағандылық әуесқойлары мен жанкүйерлерін жылдың осы мезгілінде ерекше елеңдетіп, қызықтауға тартатын бір жарыс бар. Бастапқыда қалалық, одан облыстық, келе аймақтық, ал бұл жолы халықаралыққа ұласқан сайыс 8-ші рет өтті.

Өлке дамуына айтулы үлес қосқан қайраткер Аманбек Тү­сіп­ханұлы Әбдіхановты еске алу құр­метіне волейболдан ерлер ара­сын­дағы турнирге алды Қырғызстаннан келген, Астанадан, Павлодардан, Те­міртаудан, Балқаштан және басқа қалалардан жиналған 14 команда қатысты. Шаруашылық ди­ректоры, Жаңаарқа, Абай аудан­дары­ның әкімі кезінде спортқа да қамқорлық жасауға, ауыл жас­тарының волейболға деген ықы­ласын серпілтуге, құштарлығын кү­шейтуге ден қойған азамат атын­дағы жарыс мәртебесі жылдан-жылға өсіп отыр.

 Мұның алдында жер-жерде өткен іріктеу ойындарында озып шыққандар 4 топқа бөлініп, бә­с­е­кеге түсті. Қай-қайсы да оңай шағыла қоймайтын жаңғақ емес­ті­гін көрсетіп, тартысты қыздырды. Дегенмен шын шеберлік мойындатпай тұра ма! Жеңіс тұғырына көтерілу үшін шешуші кездесуде Астана қаласының құрама қомандасы павлодарлық қарсыластарын тізе бүктірді. Жеңімпазға арнайы Кубок тапсырылып, бас жүлдеге тігілген сыйлық табыс етілді. Үзеңгілес бәсекелестер де, үздік деп танылған ойыншылар да сый-сияпаттан құр алақан қалмады.

– Үрдіске айналған бұл турнир ауыл, қала жастарын доп ойынының осынау бір тамаша түрімен шұғылдануға тартып келеді. Оны ұйымдастырудың алғашқы жылдарында бірен-саран ғана команда қамтылса, қазір көпшілігі одан қалыс қалмауға тырысады. Сондықтан Әуесқой Волейбол Лигасын құрып, күзден қысқа дейін волейбол бойынша маусымдық ойындар өткізіліп тұратын болды, – деді Қарағанды қаласы волейбол федерациясының жетекшісі Кенжеғұл Түсіпханов.

 Сондай-ақ жарыс барысында мәлім етілгендей аталған турнир келесі жылы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының тікелей қолдауымен ресми түрде республикалық маңызы бар деңгейде өткізілетін болды. Демек, бокс пен күрестен даңқы асқан Қарағандының волейбол арқылы да атағы жаңғыруына әсері зор болмақ. «Өнегенің өрісі кең» деген осы. Үлкен волейболға жол салған үрдіс ықпалы бұл.

Айқын НЕСІПБАЙ

ҚАРАҒАНДЫ