Жуырда ғана жеңіл салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған Василий Ломаченко (11-1, 9 КО) салмақ дәрежесіне қарамастан, әлемнің ең үздік боксшылары тізімінде көш бастады. Бұл туралы WorldBoxingNews.net хабарлады.
Украиналық боксшы өткен жексенбі күні АҚШ-та венесуэлалық Хорхе Линареспен (44-4, 27 КО) кездесіп, нокаутпен жеңген болатын. Осы жеңістің арқасында ол рейтингте бір саты жоғарылап, отандасымыз Геннадий Головкинді (38-0-1, 33 КО) екінші орынға ығыстырды.
Сондай-ақ украиналық боксшы небәрі 12 жекпе-жек өткізіп, үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы ретінде жаһан рекордын жаңартты. Бұрынғы рекорд – 20 жекпе-жек болатын. Ломаченко 2018 жылдың кабельді телекөрсетілімі бойынша да рекорд орнатты.
Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»