• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2018

Ғылыми журналдарға халықаралық сертификат берілді

256 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылым академиясы тарапынан шығатын төрт академиялық журналға Сlarivate Analytics халықаралық компаниясының сертификаттары табыс етілді.

«Ғылым ордасының» ғимаратында өткен басқосуға еліміздің белгілі ғалымдары жиналды. ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов қатысушыларға шараның негізгі мақсатын түсіндіре келе «ҚР ҰҒА xабаршысы», «ҚР ҰҒА xабарлары. Химия және теxнология сериясы», «ҚР ҰҒА xабарлары. Физика-математика сериясы», «ҚР ҰҒА xабарлары. Геология және теxникалық ғылымдар сериясы» басылымдарының халықаралық деректер қорына енуіне қазақстандық ғалымдардың қосқан үлесі жоғары екендігін атап өтті.

М.Жұрынұлы сонымен қатар ҰҒА тарапынан 1946 жылдан бастап ғылыми бағытта шығатын 8 басылымның  өткен ғасырдың 60-70-жылдарынан бергі аралықта жоғары деңгейдегі журналдардың халықаралық тізімінде тұрғандығына тоқталды. Бүгінде бұл журналдар АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония, Қытай сияқты әлемнің 73 мемлекетінің ірі кітапханаларына таралады. Ал 2016 жылы  «ҚР ҰҒА Хабарлары. Геология және техникалық ғалымдар сериясы» журналы халықаралық Scopus мәліметтер қорына енген. Бұл Орта Азия республикалары ғылым академияларының басылымдары арасында аталған деректер қорына енген бірден-бір журнал болып табылады. 

Әлемдік зерттеушілер қауымдастығының әріптесі болып табылатын Сlarivate Analytics халықаралық компаниясының (АҚШ) өкілі, Ресей және ТМД бойынша директоры О.Г.Уткин ғалымдарға, журнал редакторларына бірлескен жұмыстары үшін үлкен алғысын білдірді. Бүгінде халықаралық рейтингті мәліметтер қорында Қазақстанда шығатын 10 журнал тіркелген.  Сlarivate Analytics компаниясы ғылыми ортаға сараптамалық деректер ұсынып, технологиядағы үдерістерді жылдам меңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, инновациялық салада бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге ықпал ететін беделді мәліметтер орталығы болып табылады. Отандық ғылымның дәрежесі мен деңгейін көрсете отырып, әлемнің ең ықпалды деген журналдарымен бір кеңістікте шоғырлануы академиялық журналдардың беделін арттырумен қатар, таяу жылдарда даму барысына зор ықпалын тигізетіні сөзсіз. Осы тұжырымды ортаға тастаған ғылыми орта әлемдік зерттеулер жүйесінде болып жатқан үдерістерді дер кезінде меңгеру қазақстандық ғылымға жаңа серпін береді деген сенімде.  

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ