• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Мамыр, 2018

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үздік үлгі көрсетті

737 рет
көрсетілді

Мұғалім мен ата-ана арасындағы тығыз байланыс  оқушының тәртібі мен үлгерімін ұдайы қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде білім сапасы мен ата-аналардың перзенті алдындағы жауапкершілігінің артуына да септігін тигізетіні анық. Еліміздің барлық мектептерінде өткен жалпыұлттық ата-аналар жиналысында Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болып ұстаз бен ата-ана арасындағы ынтымақтастықтың үздік үлгісіне куә болдық.

Еліміздегі ең іргелі мектептердің көш басында тұрған білім шаңырағында жалпыұлттық ата-аналар жиналысы еркін форматта өтті. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында ашық пікір алмасу алаңы қалыптасып, мектептің  психолог мамандары  ата-аналар үшін арнайы әзірлеген  көңілді тренингтік бағдарламасын ұсынды. Шәкірттердің жетістіктері сараланып, биылғы оқу жылында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын көрсететін арнайы бейнероликтер көпшілікке көрсетіліп, бағдарламаның негізгі бағыттарына қатысты баяндамалар оқылды.  Ашылғанына небәрі төрт жыл болған Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен жас өнертапқыштарға арналған әлемдік додаларда жоғары нәтижеден көрініп жүр. Бұл отбасы мен мектеп арасындағы үйлесімді байланыстың жемісі дейді ұстаздар.

– Халықаралық отбасы күнінде ұйымдастырылып отырған жалпыұлттық ата-аналар жиналысының ауқымы кең. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тәрбие негізінде іске асыру, қорғаншылық кеңестің қызметімен таныстыру, отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту сынды жұмыстар күн тәртібінде талқыланды. Мектеп жұмысында ата-аналардың белсенділігі өте жоғары. Оқушылар тарапынан ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына  ол кісілер үнемі белсене атсалысады. Баласының  ештеңеге алаңдамай жан-жақты жетілуіне жол ашып отырған ата-аналар қауымының қолдауы бізге үлкен көмек, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Исмаилова.

Аталмыш білім ордасынан биылғы жылы 222 түлек  қанат қаққалы отыр. Олардың басым бөлігі еліміздің және шетелдің жетекші университеттерінен шақырту алып та үлгерген. 11-сынып оқушысы Айдана Айтжанованың анасы Жұмагүл Тәжібекова: «Қызым биыл төртінші жыл Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жатыр. Мектептің білім сапасы өте жоғары. Бұл жерде балалар өздерін үйдегідей еркін сезінеді. Қорғаншылық кеңесінің мүшесі ретінде айтар болсам, қандай да бір түсініспеушілік орын алып жатса ата-аналар мен мектеп әкімшілігі бірлесе отырып шешеді. Мәселен өткен жылы ауыр дертке шалдыққан бір оқушымыздың отасына бүкіл ұжым мен ата-аналар болып қол ұшын создық» дейді.

Жиналыс барысында мектептің қамқоршылық кеңесінің жұмысы туралы да кеңінен айтылды. Дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне үңілсек қамқоршылық кеңесі көптеген  елдерде үлкен маңызға ие. Әр білім мекемелеріндегі қамқоршылық кеңес мүшелеріне жүктелген негізгі міндет білім беру ұйымына бюджеттік ұсыныс жасап білім сапасына баға берумен ғана  шектелмей, оқушылардың сабақтан тыс уақыттардағы жан-жақты дамып жетілуіне, түрлі үйірмелерге қатысып уақытын тиімді пайдалануына қолдау жасау. Жас зияткерлер мектебінде бұл бағыттағы жұмыстар да жүйелі жолға қойылған.

«Мектебімізде оқушылардың таным көкжиегін жетілдіруге бағытталған 35 үйірме сабақтары жұмыс жасайды. Оның ішінде 12 пәндік үйірме, 8-спорттық, 13-шығармашылық және екі бірдей техникалық үйірме бар. Нәтижелер сапасы өте жоғары. Қандай жобаларда болмасын ата-аналардың ұсыныс тілектері міндетті түрде назарға алынады» - дейді педагог-ұйымдастырушы Зәуре Тоқтамысова.

Жыл қорытындысына сәйкес физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі еліміз бойынша жаратылыстану бағытында білім беретін елу мектептің ішінде бірінші, гуманитарлық бағыттағы жүз мектептің ішінде үшінші орыннан көрінген.  Ұстаздар қауымы бұл жетістіктердің ар жағында мектептің ғана емес ата-аналардың  да үлкен үлесі жатқанын айтады. Жиын соңында алдағы оқу жылынан бастап айына бір рет мұғалімдер мен ата-аналар арасында спорттық жарыс ұйымдастыру, куратор сағаттарын өткізу сынды ұсыныстар айтылды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ