Алапат соғыстың аласапыран майданында Отан үшін, ел үшін деп толарсағынан қан кешкен жанкешті жауынгерлердің қатары бүгінде сиреген. Ұлы Жеңістің 73 жылдығын биыл елімізде 2067 майдангер мен 140 632 тыл еңбеккері қарсы алды. Біздің бейбітшілік бесігінде тербелуімізге жастық жалыны мен қажыр-қайратын арнаған осынау жандарға қандай құрмет пен көмек көрсетілсе де көптік етпейді. Ендеше оларға қандай жеңілдіктер жасалған? Мұндай жұмыстарға мұрындық болуды діттеген бірден-бір ұйым «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қандай жұмыстар атқаруда? Осы сауалдарға жауап алу үшін ұйымның басшылығына хабарласқан болатынбыз.
Құрылғанына 31 жыл болған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде 2 миллионға жуық ардагердің басын біріктіріп отыр. Бастапқыда Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлер мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету мақсатында іргесі қаланған ұйым бүгінде қатарына зейнеткерлерді де қосқан.
«Қазір ұйымның есебінде 1 944 067 зейнеткер бар. Олар 14 облыстық, 260 аудан, қалалық және 10132 бастауыш ардагерлер ұйымына тіркелген. Алғашқы жылдары Ардагерлер ұйымын Ұлы Отан соғысының отты жалынымен шыңдалған Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағанбетов, Мақтай Сағдиев, Қайырбек Сүлейменов және Өмірзақ Озғанбаев қатарлы азаматтар басқарды. Бүгінде ҰОС ардагерлеріне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Олар түгел пәтермен қамтылған, тегін медициналық көмек алады. Зейнетақы мен жәрдемақы да жыл сайын өсуде. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлген шығыны биыл 12 пайызды құрап, 4,1 триллион теңгеден асты. Зейнетақының өсуі 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысын арттырды. Ынтымақты зейнетақы биыл 1 қаңтардан бастап 8 пайызға артса, базалық зейнетақы 1 шілдеден бастап еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Бұдан бөлек әр жылы жергілікті бюджет есебінен және демеушілердің көмегімен ҰОС пен тыл ардагерлеріне қомақты қаржы бөлініп келеді», дейді «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Ұйымның жасап жатқан жұмыстарына тоқталған Б.Ізмұхамбетов ардагерлердің жастар тәрбиесіне белсенді атсалысып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, соғыста Отан үшін отқа түскен жауынгерлер мен тылда тынбай еңбек еткен ардагерлердің ерлігін жастар тәрбиесіне пайдалану – ұйымның басты мақсаттарының бірі. Сондықтан да ардагерлер мен оқушы, студенттер арасында жиі кездесулер өтіп тұрады. Ал Астананың 20 жылдығына орай «Ғасыр жаңалығы – Астана» деген атпен ардагерлер шығармашылығына байқау жариялаған Ардагерлер ұйымы қарттардың қызықты да қиындыққа толы өмір жолын жастарға үлгі етіп, патриоттық сезімін оятуды көздеп отыр.
Мемлекет басшысы 2010 жылы 17 ақпанда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдерге Ардагерлер үйін ашу туралы нұсқау берген болатын. Б.Ізмұхамбетов содан бері ардагерлер ұйымдарына қамқорлық көрсетіліп, Ардагерлер үйі бой көтере бастағанын айтты. «Бүгінде елімізде 100 Ардагерлер үйі бар, оның 9-ы облыс орталықтарында орналасқан. Әсіресе бұл жұмыстар Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай, Алматы сияқты облыстарда қарқынды ұйымдастырылуда», дейді ол.
Астанада қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен тұрғын үй кешендерінің жанынан 20-ға жуық Ардагерлердің шағын орталығы ашылған. Ұйым басшылары қарттардың басын қосқан мұндай шаңырақтардың тәрбие ордасына айналатынына сенімді. Бұл бір жағынан ардагерлердің шахмат, дойбы ойнайтын, газет-журнал оқитын жайлы демалыс тұрағы да болмақ.
Соғыстың аяқталғанына 73 жыл өтсе де елге оралмаған отандастарымызды іздеу жұмыстары ешқашан тоқтаған емес. Туған жерден жырақта қаза тапқан талай майдангердің денесі Ардагерлер ұйымының атсалысуымен кір жуып, кіндік кескен жеріне жеткізілді. Өткен жылы іздестіру нәтижесінде табылған Ақмола облысы Целиноград ауданы Жалғызқұдық ауылында 1912 жылы дүниеге келіп, 1941 жылы 24 ақпанда әскерге шақырылып, соғыста 1943 жылғы 18 наурызда Калуга облысы Спас-Деменск ауданының Каменск селосын жаудан қорғауда қаза тапқан Тәжібай Нұркішевтің бауырластар зиратынан әкелінген топырағы өзінің туған өлкесіне жеткізілді.
«74 жыл бойы соғыста із-түзсіз жоғалып кетті деп саналып келген бұл жауынгердің мүрдесі 2017 жылғы 8 маусымда ресейлік арнайы іздеу экспедициясы жұмыстары нәтижесінде табылып отыр. Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен Мәскеудегі қазақ қауымдастығының көмегі арқасында жауынгердің капсуласы мұсылмандық жолмен құран оқылып, марқұмның туған жерінің қойнауына берілді. Осындай сауабы мол игілікті істі ұйымдастыруда Ардагерлер ұйымы бұрынғы Кеңес құрамында болған елдерімен тығыз байланыста», дейді ұйым төрағасы Б.Ізмұхамбетов.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»