Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының (СӨСҚПҰО) ұйымдастыруымен 2011 жылдың 12 желтоқсаны – Ұлттық денсаулық күні деп белгіленіп, соның аясында елімізде 23 қараша мен 12 желтоқсан аралығында саламатты өмір салтын насихаттаудың «Денсаулыққа 20 қадам» атты іс-шарасы өткізілуде. Аталмыш акция халықтың денсаулығын сақтау және нығайту мәселелері, аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын қалыптастыру және өз денсаулығына жауапты қарау бойынша білімін арттыру, және т.б. бағыттарда жүргізілуде. Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жәмила БАТТАҚОВАМЕН бүгінгі әңгімеміз жалпыхалықтық іс-шараға айналып отырған аталмыш іс-шараның мақсаты, орындалу барысы жайлы өрбімек...
– Жәмила Еркінқызы, әрбір қазақстандықты саламатты өмір салтын ұстануға, өз денсаулығын сақтауға бірдей жауапкершілікке тартуға шақырған мұндай ауқымды шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Ендеше, осы іс-шара жөнінде кеңінен тарқатып айтып берсеңіз.
– Өткен жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны баршаға белгілі. Бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру. Қазіргі таңда елімізде аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында түрлі іс-шаралар қолға алынып, атқарылуда. Міне, осы бағдарламада біздің салаға қатысты міндеттер жүктелген. Мысалы, саламатты өмір салтын қалыптастыру және әлеуметтік мәні бар аурулар деңгейін төмендету, дұрыс тамақтану, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының денсаулығы, және т.б. мәселелер қамтылған. Оның үстіне, Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселенің өмірлік маңызын тағы да көрсетіп, саламатты өмiр салтын қалыптастыру, адамның өз денсаулығы үшiн ынтымақты жауапкершiлiгiн тәрбиелеу, әлеуметтiк мәнi бар аурулардың алдын алуға барынша назар аудару – денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделiктi тұрмысындағы мемлекеттiк саясаттың ең басты бағыты болуы тиiс деп белгiлеп берді.
Міне, осы жоғарыда айтылған міндеттерді орындау барысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың тікелей бастамасымен Ұлттық денсаулық күні деп белгіленген 12 желтоқсанға дейін «Денсаулыққа 20 қадам» акциясы жарияланып, онда 25 нақты іс-шара қамтылды. Олар – әртүрлі семинарлар, ғылыми-практикалық конференциялар, арнайы мамандардың қатысуымен аурудың алдын алу мәселелері бойынша медициналық кеңес беру мақсатында амбулаторлық-емханалық мекемелерде «Ашық есік күнін» өткізу, сондай-ақ, медицина қызметкерлері арасында республикалық спартакиада, балабақшалар мен мектептерде «Денсаулық апталығын», әр алуан тақырыпта дөңгелек үстелдер, денсаулық сақтау мекемелерінде денсаулық сақтау бұрыштары, әртүрлі аурулардың алдын алу жайлы буклеттер, балалар тәрбиесі жөніндегі фотобайқаулар ұйымдастыру, халықты ақпараттандыру, БАҚ-тың көмегімен аталмыш іс-шараның маңыздылығын насихаттау, т.б.
– Ұлттық орталық елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесімен айналысатын бас мекеме болғандықтан, оқырмандарға түсінікті болсын, оның басты бағыт-бағдарынан, жұмыс жоспарынан да хабардар ете отырсаңыз...
– Жалпы саламатты өмір салты дегеніміз – адам денсаулығы, дене тәрбиесі, спорт, таза ауада дұрыс демалу, яғни салиқалы да сауатты өмір сүру десек, біздің СӨСҚПҰО-ы ғылыми негізде білім беретін, ағартушылықпен, практикалық тәжірибемен айналысатын бас мекеме болып табылады. Яғни, басты мақсаты мен міндеттері – саламатты өмір салтын қалыптастыру, халықты толық ақпараттандыру, өмір сүру ортасы мен тұрмыс-тіршілігін сауықтырудың түрлі жобалары мен тетіктерін енгізу арқылы жеке адам мен қоғамның өз денсаулығына деген жаңа көзқарас қалыптастыру. Алайда, Ұлттық денсаулық күні шеңберіндегі «Денсаулыққа 20 қадам» шарасы осы бағыт-бағдарымыздың заңды жалғасы. Сондықтан да бұл шара орталықтың жұмысын одан әрі нығайта түспек.
Орталықтың 14 облыста және республикалық маңыздағы Астана және Алматы қалаларында саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары жұмыс істейді. Оған қоса әр ауданда бөлімшелеріміз бар. Олар облыстық денсаулық сақтау департаментіне заңды түрде бағынғанмен, шын мәнінде ұлттық орталықпен жұмыс істейді. Өңірлерде саламатты өмір салты бойынша барлық стратегиялық іс-жоспарлар жасалып, жетілдіріліп отырылады, әдістемелік көмек көрсетіледі. Барлық негізгі іс-шараларды өткізудегі тұжырымдамаларды дайындау Ұлттық орталық арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, саламатты өмір салты жөніндегі күндік, апталық, ай сайынғы, тоқсандық жоспарлар, қатерлі ісікке, темекіге қарсы күрес күндері, және т.б. көптеген тақырыптар ведомство басшысы бұйрығымен бекітіліп, жыл бойына осы бағыт-бағдармен жұмыс жасаймыз. Ал 12 желтоқсандағы Ұлттық денсаулық күні елімізде бірінші рет өткізілгелі отыр. Бұған дейін тек 12 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық күнін атап өтетінбіз. Содан неге өзіміздің Ұлттық денсаулық күнін өткізбеске деген оймен, осы шараны ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерекесіне арнап, денсаулық сақтау саласының жиырма жылдағы жетістіктерін көрсетуге тырыстық. Мұнда тек біздің орталық ғана емес, барлық бейіндік қызметтер, яғни, кардиохирургия, нейрохирургия, ұзақ жасау, т.б. осындай әр саланың медициналық мекемелері ашық есік күнін өткізіп, халыққа қызмет көрсететін болады.
Жалпы біздің қызмет негізінен үш жағдайға басымырақ назар аударады. Біріншісі, халықты аурудың алдын алу мәселелері бойынша сақтандыру, саламатты өмір салтын қалыптастыру дағдысымен ақпараттандыру, екіншісі скринингтік профилактикалық тексеру, үшіншісі ведомствоаралық, сектораралық серіктестік қарым-қатынасты нығайту. Бұрынғы Кеңес Одағы тұсында бұл салада санитарлық бақылау жұмысы басымырақ болды. Ағарту жұмыстары ескі технологиямен жұмыс істеді. Мысалы, плакат, парақша тарату, дәріс оқу, пікірлесу, қабырғаға ілінетін көрнекі құралдар дегендей. 1998 жылы Президенттің «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы негізінде саламатты өмір салтын қалыптастыру жүйесі құрылғаннан, кейін де, сондай-ақ «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша да орталық ведомствоаралық, сектораралық серіктестік қарым-қатынасқа басты назар аударуда. Өйткені, кейбір мәселелер денсаулық сақтау саласы шеңберінен шығып, білім, экология, тағы басқа, тіпті туризм саласымен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеуді міндеттеп отыр. Соның негізінде бүгінде 7 министрлікпен бірігіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Мәселен, «Денсаулықтың жеті сабағы» жобасымен біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Экология да бүгінде ең күрделі мәселенің бірі болып отыр. Ол да адамның денсаулығына әсер етеді. Ал түптеп келгенде, бәрі адамның өзіне байланысты. Егер адам дұрыс тамақтанып, белсенді түрде дене шынықтырумен айналысып, жеке бастың гигиенасын сақтап өзіне көңіл бөлетін, үйде де, жұмыста да, тұрмыста да осы ережелерді қатаң сақтайтын болса, көптеген жағдайлардан, аурулардан айналып өтуге болады. Міне, біздің орталықтың басты міндеті де сол, саламатты өмір салтын қалыптастыру жайлы ақпарат, кеңес бере отырып, жоғарыдағыдай шараларды жүргізуге мұрындық болу.
– Жәмила Еркінқызы, бүгінде жастарымыз болсын, мектеп оқушылары болсын бос уақыттарын компьютердің алдында өткізіп, күндіз-түні кішкене қобдишаның тұтқынына айналуда. Яғни, қимыл, қозғалыс жоқ деген сөз. Ендеше, жастардың келешегі ата-ананы да, қоғамды алаңдатарлық жағдайда. Осы ретте қандай жоспарларыңыз бар?
– Дұрыс айтасыз, күні бойы отырып, дене шынықтырумен айналыспаған баланың денесінің толық дамуы қайдан болсын. Оның ертеңгі күні жан-тәні сау, дене бітімі мықты тұлға болуына кері әсерін тигізері белгілі. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі балалар мен жасөспірімдер арасында белсенді дене қимылы және спортпен жаппай айналысуға ынталандыру сияқты саламатты өмір салты мәдениетінің қоғамдық маңызды аспектілеріне екпін түсіріп отыр. Алысқа бармай-ақ Ұлттық денсаулық күні шеңберінде «Денсаулықтың жеті сабағы» атты тұжырымдама жобасын дайындап, өткізілуі соның бір көрінісі болса керек. Яғни, бұл дегеніңіз, қауіпті факторлардың алдын алу – темекі, ішімдік, есірткінің зияны, белсенді дене қозғалысы, сондай-ақ жеке гигиенаның сақталуы, шынығу, дұрыс тамақтану. Бұл кешенді ережелер болашақта дені сау ұрпақты қалыптастыруға қызмет етпек.
Сондай-ақ биылғы жаңа оқу жылында Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен еліміздің барлық мектептерінде 1 қыркүйек білім күнінде «Денсаулығыңды күтуге дағдылан!» ұранымен «Денсаулық сабағы-2011» өткізілді. Линейкаларға белгілі спортшылар, олимпиада жеңімпаздары, басқа да танымал тұлғалар, денсаулық сақтау саласының жетекшілері шақырылып, олар денсаулық жайлы дәрістер оқып, спорттың адам өміріндегі рөліне, саламатты өмір салтын қалыптастырудың маңызына тоқталды. Алдағы уақытта осы іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырмақшымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.