Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында, Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов пен «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Рамазан Әлімқұлов биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу науқанына дайындық туралы әңгімеледі.
Ағымдағы жылы ҰБТ алдын ала белгіленген 167 орында өтеді. Оның ішінде 48-і жоғары оқу орнында, 3-еуі колледждерде, 116-сы мектеп базасында ұйымдастырылмақ. Р.Әлімқұловтың айтуынша, биылғы ҰБТ форматында өзгеріс жоқ. Яғни былтыр қабылданған жаңа формат негізінде өтеді. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы «Білім туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мектеп бітірушілерге арналған емтихандар екі кезеңнен тұрады. Оның бірі қорытынды аттестаттау болса, екіншісі – ҰБТ.
– Биыл ҰБТ сынағы он бесінші мәрте өтпек. 2004 жылдан бері ҰБТ-ға 1 млн 600 мың адам қатысты. Жыл өткен сайын тестілеу технологиясы жетілдіріліп келеді. Соңғы екі жылда апелляцияға берушілер саны екі есеге төмендеді. Ағымдағы жылы сұрақтарды жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Әсіресе функциялық сауаттылық бойынша тест тапсырмалары әлдеқайда жетілдіріле түсті, – деп атап өтті вице-министр А.Аймағамбетов.
Бұл тарапта Р.Әлімқұловтың айтуынша, тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылған. Мәселен, былтыр 40 мың сұрақ болса, биыл 119 мың сұрақ бар. Оның ішінде 3 мыңдай сұрақ ағылшын тілінде. Осы 119 мың сұрақтың 11 пайызы функциялық сауаттылық бойынша, ал 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жауаптарға құрылған сұрақтар болып келеді.
ҰБТ-ға қатысуға өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 10 наурызынан 10 мамырына дейін жүргізіледі. Ал тестілеу уақыты биылғы 20 маусымнан 1 шілдеге дейін өткізілмек. Биыл мектепті 146 мың түлек бітірсе, олардың басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыруға өтінім бергені қуантады. ҰБТ 5 пән бойынша, атап айтқанда 3 міндетті және таңдаған мамандығына сәйкес 2 бейінді пән бойынша өтеді.
Айта кетерлігі, ҰБТ байқауында «Алтын белгі» иелерінің жинаған балы өзгелермен тең болған жағдайда ғана басымдыққа ие болады. Биыл 7 мыңға жуық «Алтын белгі» иелері ҰБТ-да бағын сынамақ. Сондай-ақ ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыруға болады.
Былтыр аудиториялардан тікелей онлайн трансляция жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл ҰБТ-ның ашық, әділ өтуін қамтамасыз етеді. Былтыр онлайн көрсетілім 35 пайызға қолданылса, биыл цифрландыру бағдарламасы аясында бұл көрсеткіш арта түспек. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тестілеу кезінде «Мемлекеттік құпия туралы» заңға сәйкес ешбір жауап алдын ала берілмейтіндіктен ата-аналар мен талапкерлердің «тестілеу жауаптары» ретінде алдын ала сататын алаяқтарға алданбауын, тек өз біліміне сенуі, берілген уақытты тиімді пайдалануы керектігін өтінді.
Сондай-ақ биыл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша 20 мың грант бөлінді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға арналғандықтан талапкерлердің басым бөлігі физика мен математика пәнін таңдауға құлшыныс танытып отыр.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»