• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2010

ЕУРАЗИЯ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ТҮРКИЯ — ҚАЗАҚСТАН ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ

1371 рет
көрсетілді

Түркия Қазақстанмен ынтымақтастыққа әрдайым ерекше көңіл бөледі. Халықтарымыз арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңде жатқаны белгілі. Екінші жағынан елдеріміз Еуразияның шығысы мен батысын бір-біріне байланыстыратын, бірі Каспий теңізінің солтүстігінен, екіншісі оңтүстігінен өтетін екі маңызды жол торабында орналасқан. Ортақ құндылықтарымыз бен осы ерекше өңірлік жағдай ең әуелі саясат, экономика мен мәдениет салаларында және басқа да салаларда ауқымды ынтымақтастық жағдайын қалыптастырумен қатар, жауапкершіліктер де жүктейді. Түркия да, Қазақстан да жауап­кершілік алудан ешқашан қашқан емес және аймақтағы халықаралық және өңірлік ұйымдарда осы бағытта әр түрлі бастамаларға жетекшілік етіп келеді. Қазақстанның 2010 жылы Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық мін­детін алуы – елдің тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері өткен аз уақыт ішін­дегі даму деңгейінің ең мағы­налы көрсеткіші. Ауқымды қауіп­сіздік пен тұрақтылық, көп бағытты ынтымақтастық, адам құқықтары, демократиялық қоғам, құқықтық мемлекет, оңтайлы басқару секілді халықаралық қатынастар мен ықпалдастықтың қазіргі таңдағы негізгі басымдықтарын Еуразия аймағында реттеуші беделді Ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетінің жүктелуі халықаралық қоғамдас­тық­тың Қазақстанға деген сенімін дәлелдейді. Қазақстан төрағалығы­ның ЕҚЫҰ-ға жаңа серпін бере­тініне де еш күмән жоқ. Қазақстанның осы жетістіктері Түркия үшін таңсық емес. Тәу­елсіздігін алғаннан осы күнге дейін Түркия мен Қазақстан бір-бірімен әрдайым ықпалдастықта болып, тығыз және ауқымды қатынас­та­рымыз бізге Қазақстанның барлық әлеуетін жақыннан тануға мүм­кіндік берді. Тарих бойынша жинаған тә­жірибесі, түрлі мәдениеттің басын қосып отырған қоғамдық құрылы­мы, адами әлеуетінің және табиғи ресурстарының саналы және кө­реген басшылықпен бірігуі Қазақ­станның Орталық Азияда көшбас­шы елге айналуына және Еуразия аймағының маңызды актері бо­луы­на мүмкіншілік туғызып, Қазақ­станға халықаралық қоғамдастық алдында абырой әперді. Орталық Азия аумағының ақылшысы болып отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы 21-24 қазан күндері Түркияға жасаған са­пары кезінде қол қойылған келі­сімдер негізінде Түркия мен Қазақ­стан арасындағы қатынастың стра­тегиялық белесі қуатталды. Түркия мен Қазақстан арасын­да­ғы қатынастың сипатын анық­тай­тын негізгі нәрсе – екі бауыр­лас ел бөлісетін ортақ құнды­лық­тар. Ортақ тарихымыз, мәдениеті­міз, тегіміз, тіліміз сынды қасиетті құндылықтар елдерімізді берік бай­ланыстырып отыр. Қожа Ахмет Ясауи және Мұстафа Кемал Ата­түрік тәрізді түркі әлемінің ең ұлы данышпандары мен көсемдері жа­қындатқан елдеріміз бен қоғамда­ры­­мызды ешқандай күштің ажы­ратуы мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи хикметтері жазылған ата­жұр­тымыз – Қазақстанға келу түрік азаматтары үшін әрқашан тол­ған­ды­рарлық жәйт. Мен де сапарымды осы сезімдермен жүзеге асыру­дамын. Осы орайда, Астанада түркі әле­мінде әзірше алғаш болып та­былатын Президент Назарбаевтың жеке бастамасымен Ататүрікке ескерткіштің ашылуына еліміз өз ризашылығын білдіретінін айтқым келеді. Сапарым екі жақты ынтымақ­тастығымыз қосымша белес алған кезеңге тура келіп отыр. 2010 жылы Түркия мен Қазақстан Еуропа мен Азиядағы ең маңызды қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарына төрағалық етеді. Екі түркі мемле­кетінің бір мезгілде ЕҚЫҰ мен АӨСШК-ге төрағалық міндетін алуының маңыздылығын да атап өткен жөн. Түркия мен Қазақстан түркі әлемінің толеранттылық, гуманизм, адами сүйіспеншілікке негізделген түсінігінен шабыт ала отырып, өзара ықпалдастық арқы­лы Еуразиядағы тұрақтылық, бейбіт өмір және дамуға үлес қосады деп ойлаймын. Түркия мен Қазақстан өздері мүшесі болып табылатын Ислам Конференциясы Ұйымы мен Экономикалық ынтымақтас­тық ұйымы сынды әр түрлі халық­аралық ұйымдарда белсенді ынты­мақ­тастықта екенін білдіргім келеді. Түркия өзі мүше болған ұйым­дарда “Еуразия” көзқарасының қа­лыптасуына әрдайым көңіл бөледі. Еуропа кеңесіне 2010 жылғы төра­ғалығымыз кезінде осы кеңестің Орталық Азия елдерімен ынтымақ­тастығын нығайту басты басым­дықтарымыздың біреуі болады. Еу­ропа кеңесі Парламенттік Ассам­блеясына түрік азаматы Мевлют Чавушоғлының депутат болып сайлануы еліміз ұстап отырған осы бағыттың халықаралық қауымдас­тық тарапынан құпталатынын көрсетуде. Шығыс-Батыс байланыс дәлі­зінде орналасқан Түркия мен Қазақстанға жаңа көлік дәліздерін жетілдіру тұрғысынан да маңызды міндет жүктелуде. Біз үшін ортақ кең аймақта тұрақты даму жүйе­сі­нің құрылуы үшін Шығыс – Батыс байланыс дәлізін ең жоғары дең­гейде пайдалану аса қажет. Жаңа “Жібек жолдарын” жетілдіру ар­қы­лы табиғи ресурстарды пайдалану, әл-ауқатты жоғарылату, елдердің экономикалық құрылымдарының бір-бірін толықтыруы, тіпті бірігу мүмкіндіктері жан-жақты пайда­ла­ны­луы тиіс. Осы ынта-жігерле­ріміздің көбісі 2012 жылы Баку – Тбилиси – Карс темір жол желісі пайдалануға берілген кезде жүзеге асатыны анық. Осылайша, Еуропа, Кавказ өңірі, Орталық Азия, Қиыр Шығыс және Оңтүстік Азия ара­сын­да жылдам және қауіпсіз ха­лық­аралық темір жол тасымалы­ның күретамырына ие боламыз. Алайда, байланыс дәлізінің қызметі экономикамен шектеліп қалмауы тиіс. Байланыс дәлізін мәдениет­аралық үнқатысуды арттыруда пайдалануда да табандылық көрсе­туіміз қажет. Әйтпесе, қоғамдардың бір-бірін жақсырақ түсінуін қам­та­масыз ететін маңызды мүмкіндік­тен құр қаламыз. Ауғанстанда өзіміз көріп отыр­ған, әлемнің көптеген жерінде бо­лып жатқан тұрақсыздық ошақта­ры­ның көптеген себебі бар. Ауған­станда бейбіт және ауқатты жағдай орнату үшін әлемнің барша мүм­кін­дігі қолданылып жатқанына қа­ра­мастан, күтілген нәтиженің алынбауының артында мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы ұзақ мерзімді ықпалдастықтың жетіспеушілігі жатыр. Түркия мен Қазақстан Еура­зия­дағы жаһандық проблемаларға бір­дей тең тұрғыда қарайды. Мысалы, Ирак пен Ауғанстандағы бейбіт­ші­лік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларға екі ел де өз үлестерін қосуда. Елдеріміз алдымен энергетика, одан кейін экономика мен сауданың көптеген салаларында ынтымақтасып келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы уни­верситетте көрініс тапқандай, бі­лім саласындағы тығыз ынтымақ­тастығымыз арқылы елдеріміздің ғылыми әлеуеті өңірдің пайдасына ұсынылып отыр. 2009 жылы қол қойылған Нах­чыван келісім-шартымен құрылған Түркі мемлекеттерінің ынтымақ­тас­тық кеңесі 2010 жылы ресми түрде қызмет ете бастады. Түркі мемле­кет­терінің ынтымақтастық кеңесі­нің құрылуына елдеріміз үлкен үлес қосты. Түркі мәдениетін нығайту және танытуда Түркия мен Қазақ­стан­ның бастамашылығы зор. Нах­чыван саммитінде Президент На­зар­баевтың ұсынысы бойынша Аста­нада Түркі академиясын құру тур­алы шешім қабылданды. Осы жо­баны жүзеге асыру – қазіргі таң­да Түркия мен Қазақстан үшін ма­ңызы зор басым жобалардың бірі. Президент Назарбаевтың түркі тек­тес мемлекеттер арасындағы ын­ты­мақтастықты арттыру жолын­дағы жетекшілігін түркі әлемі ешқашан ұмытпайды. Егемендігін алғаннан кейін Қазақстанның бей­біт жағдайда дамуы мен халық­ара­лық қоғамдастықтың беделді мү­ше­сіне айналуы және Орталық Азия­дағы көшбасшы ел дәрежесіне же­туі Президент Назарбаевтың көре­ген жетекшілігімен тікелей бай­ланысты. Қазақстан басшы­лы­ғы­ның жүргізіп отырған табысты сая­сатын құптайтынымды осы орайда тағы да қуаттағым келеді. Ахмет ДӘУІТОҒЛЫ, Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі.