• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Мамыр, 2018

Сөз сойыл №60

899 рет
көрсетілді

Төлеген мен Қыз Жібектің – Құман мен Меруерттің шаңырағында қонақта отырмыз. Сөз кезегін жазушы Бақытжан Момышұлына бергенде қасында отырған Шер-аға – Шерхан Мұртаза:

– Тікірейген шашыңнан айналайын! – деп інісінің басынан сипады. Сонда Бәкең сөзін тост сөйлеуден емес, басқа бір әңгімеден бастады:

– Аға, жақында мен жан-тән туралы жазылған бір кітап оқыдым. Сонда айтады, адам өмірге келгенде, яғни туыла салып екі періште қасына келеді екен де баланың бүкіл алдағы өмір-тіршілігін, тағдырын кезек-кезек айтып береді екен. Бірақ қырқынан шыққан соң бала оның бәрін ұмытады екен. Ал мен ұмытпадым. Періштелер: «Әкең – Бауыржан, әйелің Зейнеп болады» дегенде төбе шашым тік тұрды да, сол күйі жатпай қалды, – деді.

* * *

Сонау 1980-жылдары ақын-жазушылар туған жеріне барып шығармашылық есеп беретін үрдіс бар еді. Авторлар еліне жалғыз аттанбайтын, қасына қаламгерлердің бірнешеуін қонақ ретінде ертіп апаратын.

Қазақтың белгілі жазушысы Дүкенбай Досжанов Бақытжан екеумізге еліне бірге баруға өтініш айтты. Алғашында Бәкең мойынсұнбады. Алайда ойлана келе киелі Сыр еліне тағзым етіп, Сырдарияны көріп қайтуға бел буды.

Сонымен үшеуміз жолға шықтық. Ұшақтан түскеннен бастап ыстық ықылас, ерекше құрметпен қарсы алды. Қаланың өзінде төрт-бес кездесу болды. Мен жазушы емеспін, бірақ «Шуақты күндер» атты кітабымның ел арасына кең таралып, жақсы қабылданып жатқан кезі еді. Оның бәрі менің мықтылығымнан емес, атаны – Бауыржан Момышұлын ардақтаған, сағынған халықтың көңілінен шығып жатқан ақ ниеттер болатын. Кездесу сайын негізгі әңгіме ауаны атаға ауып жатты. Сондай бір ерекше жиын қаладағы Күрішшілер сарайында өтті. Ине шаншар жер жоқ, сығылысып тұрғандары қаншама!

Әдетте алдымен – Дүкенбай, одан кейін – Бәкең, соңында мен сөйлеймін. Біз айтарымызды айтқан соң өзге адамдар шығып пікір айтады. Бір кезде кеудесі орден-медальға толы бір ақсақал мінбеге көтерілді. Біз жаққа қарады да:

– Дүкенбай мен Бақытжанның көңіліне келмесін. Мен Зейнеп келін туралы сөйлеймін, – деді. Бәкең осы сөзден соң іле-шала:

– Аға, сөйлей беріңіз. Дүкенбайды қайдам, өзім үйреніп кеткенмін. Әкемнің көзі тірісінде «Бауыржанның баласы» болдым. Әкем дүниеден өткен соң «тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы» деген атқа ие болдым. Зейнептің кітабы шыққалы бері «Зейнептің күйеуі» деген дәрежеге жеттім, – дегені.

* * *

Біз Қызылорда қаласынан шығып аудандарды аралай бастадық. Кездесуден кездесу өтіп жатыр. Барған жерімізде мені «келіндердің символы» деп қолпаштайды. Содан Шиеліге келгенімізде бір сөйлеуші тағы да жоғарыдағыдай теңеуді маған бағыштады. Сонда Бәкең:

– Бір аптадан бері талай жерді аралап келе жатырмыз. Мен бір нәрсені түсіндім. Қызылорданың үш символы бар екен – маса, шеңгел, Зейнеп, – деді.

Зейнеп АХМЕТОВА Алматы

Қымбаттаудың «қам-қарекеті»

«Арақ-шарап қымбаттайды» дегеннен, «Саудагер» аппарат дайындап жатқан көрінеді. Құпия «сусынды» босатып «көгеннен», Қайнатуға қайымдап жатқан көрінеді.

Шылым бағасының шарықтауына орай, Біреулер жапырақ жинауға шығыпты. Мұның да осылай жолын тауып оңай, Самопал шылым «сыйлауға» шығыпты.

Пәлен пайыз бейнеткердің, Түген пайыз зейнеткердің Алашағы өсетінін алдын ала естігендер, Бағаны бәлен пайызға өсірмекші екен. «Ескі» бағаны елге көрсетпей, Ертелетіп ертерек өшірмекші екен.

Темекі туралы толғау

Түтінін ішке тартқан сайын, Тәуелділігің артқан сайын... Дәмді онша батырмайтын, Денсаулықты қатырмайтын, Алдымен түсіңді алатын, Ауыздағы тісіңді алатын. Ми қабыршағын кептіретін, Мезгілден бұрын шөктіретін. Күш-қуаттан арылтатын, Тыныс жолын тарылтатын. Еске де кейін жететін, Тым ұмытшақ ететін. Өкпені де «өкпелететін,» «Өкпесі» өте көпке кететін... Тереңірек болсаң зерделейтін, Қос жанарды да перделейтін. Өзіне тәуелдіге таяқ ұстататын, Таяқты ерте «аяп» ұстататын. «Қабаған иттерге қаптырмайтын», «Ұрыларға есігін қақтырмайтын», Мәнді ісімен марқайтпайтын, Құмар кісіні «қартайтпайтын»... Қысқасы, Темекі деген тажал, Қымбаттайды дегелі... Делдал мен дүкеншінің, Болып тұр-ай дегені... Сөздің тоқ етері – Әркімге кінә артпа,  Соңғы рет тарт та, Темекіні қой!

Масхана жайлы «монолог»

Қалт-құлт еткен қасқаға, Құлап жатқан масқа да, «Временно вне очередь», Берілген бұрын баспана.

«Проблема» жоқтай басқа да, «Потом» шықты бастама. «Ырымға» ішкен «табылмай», Жабылып қалды масхана.

Білмеймін қалай басқаға, Жабылған соң масхана, Мазалайтын көшеде, Мас көбейді, масқара!..

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ Қызылорда

 

 

 

 

Масхана жайлы «монолог»

Қалт-құлт еткен қасқаға,

Құлап жатқан масқа да,

«Временно вне очередь»,

Берілген бұрын баспана.

 

«Проблема» жоқтай басқа да,

«Потом» шықты бастама.

«Ырымға» ішкен «табылмай»,

Жабылып қалды масхана.

 

Білмеймін қалай басқаға,

Жабылған соң масхана,

Мазалайтын көшеде,

Мас көбейді, масқара!..

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ Қызылорда

Ашу шашу – басу

Пықып доспен бір мекемеде қызмет істей­міз. Қызметіміз де бірдей, дә­ре­же­міз де тең, ел қатарлы күйбең тір­­лік­пен күн кешіп жатқан жайымыз бар.

Бірде Пықекеңді қарапайым сыраха­наға шақырып, өзіміздің сылдыр сусынымызды сіміріп отырып:

– Әй, ит тірлік-ай, бүйте берсек құрдымға кетіп құрырмыз! Әділетсіздік белең алған әкірең әумесерлердің жолы болғыш! – деп әңгімемді әріден бастап біраз қыжылымды ағыл-тегіл ағытып барып тоқтаған болып едім, Пықекең саптаяғын сіміре тауысып тілге келді.

− Ілдеке, сабыр! «Сабыр түбі сары алтын» деген. Негізі, дүниеде ашудан өткен әпербақан болмайды деседі. Ашумен қаншама ақылға сыйымсыз әрекеттер жасалады. Соңында опық жейді, бармақ тістейді. Бұл пә­ле­кет­тің пәтуасыздығы сонша, бір сәттік ашу бүкіл ғұмырыңа кесепат болып кесе- көлденең тұрып алады екен... – деп кідірген болып, анаусынан бір сіміріп барып: − Ашудың зиянын ғылымда дә­лелдеген, медицинада одан келер ке­сепатты көлденең тартқалы қашан... Атам қазақ «Ашу бар жерде ақыл зым­зия» деп нақыл, «Қой дегенде қоймасаң, арашаға зар боларсың» деп те түй­генін қалдырған. Пықеке, негізі, өз ден­саулығың құриды, өзгелерге кел­тірер кесепаты да көлкөсір... – деп тоқтағаны анық есімде, одан әрі айтыл­ған ашудың зияны жөніндегі ұлағатты сөз­дердің біразы еміс-еміс есімде қалыпты.

...Зымыраған уақыт, күндер өтсе ­де мен бейбақ сол қарапайым қызметім­демін, Пықекең мекемеміздің дөй бастығы болып бағы жанған болатын.

Бірде сол Пықекең мені қаладағы дөй сыраханаға шақырып, шетелдің әйдік сусынын сіміріп отырып:

– Әй, иттер-ай, көресіңді көре алмастардан көреді екенсің! Аяқтан шалғысы келеді, қит етсең қиып түсуге дайын! – деп әңгімесін әріден бастап біраз қыжылын ақта-төк тоғытып сәл кідіргенінде:

− Пықеке, сабыр! «Сабыр түбі сары алтын», «Ашу бар жерде ақыл зымзия» деген бар, − деп мен де өткендегі өзінің «өзекжарды» сөзін еске түсіріп келе жатыр едім, қолын сілтеп тоқтау жасап:

− «Ауызға келген түкірік – қайта жұт­саң мәкүрік», «Ақылды үндемесе, ақы­мақ жеңдім дейді», «Ит қапқысы кел­генді қаппаса, қартайғанша қайғы­ра­ды» деген де бар, − деп біраз осы тек­тес тәлімді тіркестерді тізбелеп ба­рып, «негізі, ашуды кідірткен жөн емес екен. Бір ғылыми журналдан оқыдым, кі­діртіп қалу – аты жаман аурудың алғы­шарты болып, күрделенсе түйін тас­тап біржола орын теуіп оңдырмайды екен... Ал ағыл-тегіл ашу − бісмілләсі – қан тамырлар кеңіп, ондағы зиянды қалдықтар бір сәтте тарап ағзадан ағып жөңкіледі екен де, жүрек жарықтық жөнге келіп, ми тамырлары мамыражай күйге енеді екен»,  деп тоқтағаны анық есімде, ал одан әрі айтылған ашудың пайдасы туралы жөн сөздердің біразы ғана есімде қалыпты.

Ерсұлтан МАҒЖАН Алматы облысы

Тікенек сөз

Еркек жыласа – көзін, әйел жыласа аузын басады. Кімнің күнәсі неден көбірек екенін түсінген шығарсыз?!

Қалталылардың көп болғаны жаман емес, тек олардың сенің туысың болмағаны қынжылтады.

Зерттеу бойынша жұртымыздың 84 пайызы өзін бақытты санайды екен. Ал қалғандары теледидар көрмейтін болып шықты.

Кедейдің аяғына кез келген етік шақ.

Дәу ағашты дауыл көбірек сілкілейді.

Ақындар айтқан екен

Бірде арқалы ақын Айтақын Бұлғақов маңғыстаулық Нұрлан Мұса­ев­­­пен айтысады. Айтыста Айтақын Нұр­лан­ның бойының қысқалығын айтып тиіседі. Сонда Нұрлан:

«Қысқасың деп тиіспей дем алғайсыз, Аласа деп сіз мені жеңе алмайсыз. Бойымнан аласалық көргеніңмен, Ойымнан аласалық көре алмайсыз, Мен ұзарсам дәл сіздей бола аламын, Сіз қысқарып дәл мендей бола алмайсыз», 

– деп бастаған ойын екінші шумақпен жалғап:

«Демессің мықты ақын боп байқалмадың, Меселін ініңіздің қайтармағын. Анама ұқсағанмын қысқа болсам, Айтайын мен өмірден байқалғанын. Анамнан тумай жатып мен әкеме, Ұзын әйел алшы деп айта алмадым»,

– деген екен. 

                                                                                        *  *  * Нұрланның айтқыштығы айтыста ғана емес, күнделікті ауызекі сөздерде де жиі көрініс тауып жатады. Бірде таксиге отырып жатып есікті қаттырақ жапқан Нұрланға шопыр жігіт: – Есікті ақырын жабуды білмейсің бе, үйіңде холодильник жоқ па еді? – депті. Сонда Нұрлан шопырға: – Бар ғой, бірақ іштен жауып көрмеппін, – деген екен.

                                                                                       *  *  * Бірде жыр дүлдүлі Жамбылға арналған үлкен айтыс болады. Сөз бастау қиын демекші, айтысты да бастау оңай емес, әрі абырой ғой. «Бұл айтысты кім бастайды» дегенде қазылар ақылдаса келіп әрі Жамбылдан екенін ескеріп, әрі сол кезде атағы дүрілдеп тұрғанын алға тартып Шорабек Айдаров бастасын деп бәтуаласады. Сахнаға шыға салып: «Е-е-ей, ағай-е-е-ен!». деп бастаған Шөкең бірден іске көшіп:

«Өлеңмен Жамбыл атамның тойын бастаймын, Мен енді қарап отырмай ойын бастаймын. Үйімде қырықтағы әйелім бар, Жиырмадағы екі қызға айырбастаймын», 

– дегенде енді ғана басталған айтыста ел қыран-топан күледі. 

Шорабектен кезек алған әріптесі Ханыша Райысова бірден салмақты ойға бастап, әйелдің қадір-қасиетін жырлай келе, немене әйеліңді өткізе алмай жүрсің бе дегенге саятын сөздер айтады. Сонда Шорабек:

«Жүргем жоқ әйелімді өткізе алмай, Ол да кемпір болады көпке ұзармай. Әдейі екі қызға теңеп айттым, Жүрген соң жақсылығын жеткізе алмай», 

– деген екен.

Дайындаған  Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ