• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Мамыр, 2018

Орман шаруашылығының өзекті мәселелері

2935 рет
көрсетілді

Шығыс өңірі дегенде ең алдымен көз алдыңызға иір-иір өзендер мен заңғар таулар және ну орман келе қалады. Осы ерен байлықты қорғауға, сақтауға атсалысып жүрген, әсіресе ит тұмсығы өтпес қалың жынысты қоритын орманшылардың жағдайы қалай? Бұған дейін орманшылар жалақысының аздығы талай мәрте көтеріліп, ақырында мемлекет олардың жалақысын келесі жылдан бастап жоғарылату жөнінде шешім қабылдағаны белгілі. Бұл – шығысқазақстандық орманшылар үшін қуанышты жаңалық болды.

Техника жеткіліксіз

Облыстағы орман алқаптары негізінен Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары, «Семей орманы» резерваты мен «Қазақстан темір жолы», «ҚазАвтоЖол» секілді мекемелердің аумағында орналасқаны белгілі. Бұдан бөлек аумағы 2 миллион гектардан асатын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 13 орман шаруашылығы бар. Бір қызығы, қорықтар мен орман шаруашылықтарының техникамен жабдықталуы, қызметкерлерінің жалақылары әртүрлі. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Сая Қабдрахманованың айтуынша, Марқакөл, Батыс Алтай, Катонқарағай мемлекеттік қорықтары мен «Семей орманы» резерватының техникамен қамтылуы 80-90 пайызды құраса, басқармаға қарасты орман шаруашылықтары қазіргі таңда өрт сөндіру техникаларымен 61 пайызға қамтылған. 2017 жылы облыстық бюджеттен 701 миллион теңге бөлініп, 13 орман шаруашылығына 33 (13 өрт сөндіргіш автомашина, 13 шынжыр табанды трактор, 7 дөңгелекті трактор) техника, басқа да өртке қарсы құрал-жабдықтар сатып алыныпты. «Бұл – соңғы 15 жыл көлемінде бөлінген қомақты қаражат. Дегенмен мұнымен мәселе толық шешілді деуге болмас. 13 орман шаруашылығына қарасты тәлімбақтарға – 24, орманды өрттен қорғау бригадасына 8 жұмысшы, 13 көлік жүргізушісі, 50 тракторшы, 190 орман қорықшысы, 57 өрт сөндіруші, 45 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі, 983 мотоцикл (немесе жылқы) керек. Жалпы алғанда бізге 735 маман жетіспейді», дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дәурен Асылханов.

13 орман шаруашылығының техникамен толық қамтылмай отырғандығын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспек­циясы да жоққа шығармайды. Инспек­цияның ұсынған мәліметтеріне сүйен­сек, басқармаға қарасты орман шаруа­шы­лықтарына 11 өрт сөндіру машинасы (автоцистерна), 52 үш тонналық трактор, 6 орман өртін сөндіру тракторы, 20 тұтандыру құрылғысы, 5 мотопомпа, 21 екі дискілі өртке қарсы қолданатын соқа, 18 орман өртін сөндіру агрегаты, 230 өрт сөндіру құрылғысы керек.

Жас орманшылар қажет

Орман шаруашылықтарындағы түйт­кілді мәселенің бірі – жас маман­дар­дың жоқтығы. Дәурен Асылханов орманшылардың көбі зейнеткерлікке шығып, орнына келетін жастар табылмай отырғандығын айтады. «Жалақының аздығы өз алдына, жергілікті жерде мамандарды баспанамен қамту да бас­ты мәселе болып тұр. «Дипломмен – ауылға!» секілді бағдарламаға орманшыларды да енгізсе жақсы болар еді. Әсіресе Марқакөл, Зайсан секілді облыс орталығынан шалғайда орналасқан орман шаруашылықтарында маман жетіспейді. 30-40 мың теңге айлыққа кім барады? Ешкім де бармайды. Университетті бітірген жас мамандармен сөйлескенімізде «алатынымыз – 30 мың, оның үстіне жердің түбіне барып, пәтер жалдасақ, қайтіп өмір сүреміз» дейді. Талай жас маманмен сөйлестік. Ешқайсысы барғысы келмейді», дейді бөлім басшысы.

Отынға жарымай отыр

Орманға, оның ішінде отынға қатысты тағы бір түйкілді айтпасқа болмас. «Етікші бізге жарымайды» дегендей, облыс орталығынан шалғайда, шекарада орын тепкен, жолдың, байланыстың нашарлығынан халық саны жылдан жылға азайып бара жатқан Күршім ауданына қарасты Марқакөл өңірінің халқы қалың орманның ортасында отырса да отынға жарымай жүргендеріне қынжылады. Жазы келте, оның өзі отын, шөп дайындаумен, одан қалса қонақ күтумен өтетін, алты ай қытымыр қысы бар бұл жақтың тұрғындары отынға қызуы мол қарағайды жағатыны белгілі. Өскемен, Семей секілді қалалардан 400-500 шақырым қашықтықта жатқан Марқакөлге көмір келмейді. Келмейтіні, бағасы удай. 20-30 мыңға шығуы мүмкін. Сондықтан Қытаймен шекарадағы аймақ тұрғындары жергілікті орман шаруашылықтарынан билет арқылы отындық ағашты сатып алады. Тегін берілетіні – ағаш бұтақтары ғана. Алайда Төсқайың, Шанағаты, Ұранқай, Бұғы­мүйіз ауылдарының тұрғындары орман шаруашылықтары әртүрлі сылтауды алға тартып, отындық ағаштарды тек шын­жыр табанды трактор ғана бара алатын алыс, қиын жерлерден, оның үстіне жазда емес, күзге таяу, жаңбырлы, батпақ­ты уақытта беретінін, бүтін ағаш­тар­дың орнына құлаған, шіріген ағаш­тарды алып жатқандықтарын айтады.

«Менің жолдасым Сайлаухан Абаев екінші топтағы мүгедек. Бұрын денсаулығы тәуір кезде билет алып, отынды өзіміз дайындап алатынбыз. Былтыр жергілікті орман шаруашылығы ақшасын төлейміз десек те бізге отын беруден бас тартты. Өздері орманшылары бар, ауыл әкімі бар, барлығы екі-үш тіркемеден отындарын түсіріп алды. Мұны қалай түсінуге болады? Бірінші, екінші топтағы адамдарға орман шаруашылығы, әкімдік тарапынан көмек, жеңілдік болмай ма?» дейді Төсқайың ауылының тұрғыны Айгүл Қайырбаева.

Қарама-қайшы заң

Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 90 бабында: «Жергiлiктi халықтың сүрекке қажеттілігін қамтамасыз ету одан өтiнiмдер болған кезде, басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу, аралық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесу және басқа да мақсаттарда ағаш кесу кезiнде жергiлiктi халықтың қатысуымен дайындалған сүрек­тi мемлекеттiк орман ие­лену­шiнiң өткiзуi есебiнен жүзе­ге асырылады. Жергiлiктi халық­ты отындық сүрекпен қам­та­масыз ету өтiнiмдер бол­ған кезде өтеусiз негiзде, мем­ле­кет­тiк орман иеленушi айқын­дай­тын жерлерде, сексеуіл екпе­лерін қоспағанда, кеспеағаш айма­ғынан тыс қоқысты жинау есебiнен де жүзеге асырылуы мүмкiн» деп көрсетілген. Ала­йда Салық кодексінің 505-ба­бының 2-тармағында: «ғылы­ми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізу үшін алынған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, пайда­ла­нуға берiлетiн орман пай­дала­нудың көлемi және (немесе) мемлекеттік орман қоры учас­келерiнiң, оның ішінде ерек­ше қорғалатын табиғи аумақ­тар­дағы алаңы төлемақы салу объектiсi болып табылады» деп жазылған. Яғни бір заң рұқсат етсе, екінші заң оған қар­сы. Облыстық орман шаруа­шы­лығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Александр Скуратов елі­міздің заңдарындағы осындай қайшылықтар жергілікті халықты отынмен қамтуға кері әсерін тигізіп отыр деп санайды. Ал облыстық орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының президенті Виталий Чернецкийдің сөзін­ше, Ресейде жақында арнайы заң шығып, тұрғындарға отынды тегін беру жөнінде шешім қабылданыпты. 

Түйін

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүние­сі комитетінің бұйрығымен мемлекеттік орман қорындағы қылқан жапырақты ағаштарды санитарлық қырқуға тыйым са­лынғаны белгілі. Бұл шек­­теу Катонқарағай мен Мар­­қа­көл секілді шалғай­да­ғы тұр­­­ғын­­дардың отын­мен қам­тылуы­­на кері әсерін тигізген­дік­тен сол өңірдің халқы орман шаруа­шылықтарына мора­торий­ді алып тастау жөнінде арыз-шағымдарын жеткізді. Облыс­тық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тұрғын­дардың өті­ніш-тілектерін ескере отырып, министрліктің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетіне облыс әкім­дігінің атынан Марқакөл, Катон­қарағай қорықтары мен «Семей орманы» табиғи резер­ваты­ның орман қорындағы қыл­қан жапырақты ағаштарды сани­тарлық қырқуға салынған тыйым­ға өзгеріс енгізу жөнінде хат жазды. Бұл мәселенің ше­ші­мі қалай болатыны әзірге бел­гісіз.

Бет қатталып жатқанда:

Семей қаласының ірге­сін­дегі «Семей орманы» табиғи резерва­ты­на қарасты Қызылкардон орман шаруа­шы­лы­ғын­да болған орман өрті салдарынан 300 гектарға жуық орман алқабы жанып ке­тіпті. Қазіргі уақытта қызыл жалын то­лық сөндірілмесе де, жағдай біршама тұрақталған. 

Жалпы, екі күннің ішінде өртті ауыздық­тауға орман шаруашылығы мамандары мен Өрт сөндіру және авариялық-құт­қару қызметінен ұзын саны 300-ге жуық адам жұмылдырылыпты. Тілсіз жау бой бермегеннен кейін 21 мамырда Өскеменнен МИ-8 тікұшағы шақырылып, 3,5 тонналық су әуеден 6 мәрте төгілген болатын. 

Әзірге өрттің шығу себебі анықталған жоқ. Дегенмен де тұрғындардың отты абайсыз қолдануы қызыл жалынның тұтануына себеп болуы мүмкін деген болжам айтылуда. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы