Кеше Министрліктер үйінің Мәжіліс залында 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанған қазақ қызы Самал Еслямова мен актриса ойнаған «Айка» фильмінің режиссері Сергей Дворцевойдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Айтулы іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, журналистердің сұрағына жауап берді.
– Әрине, бәріміз үшін бүгін ерекше сәт. Оны зор мақтанышпен айтқымыз келеді. Өйткені отандасымыз Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде әйел бейнесін үздік сомдаған актриса ретінде кино саласындағы мәртебелі марапатты жеңіп алды. Бұл – ең алдымен, қазақ өнерінің, жалпы қазақтың жеңісі. Кеңес одағы кезінде посткеңестік елдер арасында мұндай марапат бұрын-соңды болған емес» – деп Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталмыш кинофестивальдің әлемдік кинонарықтағы орны мен маңызына және бұл жеңістің ұлттық кино өнерінің зор жетістігі екеніне баса тоқталып, құттықтауын жеткізді.
Иә, күні кеше Францияда өткен Канн кинофестивалі Алаш үшін үлкен өнер оқиғасына айналғаны сөзсіз. Қазақтың талантты қызы Самал Еслямова айтулы кино думанында топ жарып, «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанғанын естігенде, қуанбаған қазақ кемде-кем. «Ақсарбас!» деп бөркімізді аспанға аттық! Қалайша қуанбассың, Еуропаның басты кинофорумы қазақты үздік деп мойындады. Сөйтіп кинорежиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі кинофестиваль сарапшыларының бірауыздан қолдауына ие болды.
– Бірнеше күннен бері толассыз келіп жатқан құттықтаулар көңілімді ерекше қуанышқа бөледі. Туған еліңнің ықыласын сезінуден асқан бақыт жоқ екенін осы санаулы күннің ішінде шын сезініп үлгердім. Әрдайым қолдап, жеңісіңе шын қуана білетін туып-өскен өлкем, ел-жұртыма зор ризашылығымды білдіремін», – деп Самал Еслямова жиында барша қазақ еліне өз алғысын жолдады.
Солтүстік Қазақстан облысында өмірге келіп, Петропавл қаласындағы өнер колледжіне актер мамандығы бойынша оқуға қабылданған болашақ өнер иесі кейін білімін Мәскеудегі іргелі оқу орны – Ресейдің театр өнері университетінде (ГИТИС) жалғастырады. Оқуы мен түсірілім алаңындағы жұмысты қатар алып жүріп, алдына биік мақсаттар да қойып үлгереді. Ол мақсатының бірі – осы «Айка» фильмінің жетістігі болатын. Режиссер Сергей Дворцевой актрисаны алғашқы түсірілім процесі басталған сәттен-ақ тұрақтылыққа, сапалы нәтижеге жұмыс істеуге тәрбиелейді. Кәсіби маман ретіндегі кеңесін аямайды. Сол үшін де актриса «Айка» фильмі түсірілген 6 жылдың бедерінде ұсынылған талай ауқымды жобалардан бас тартып, аталмыш рөліне барынша адалдық танытыпты. Бұл шешім өнер иесін шығармашылық тұрғыда шиырықтырып, психологиялық драма актрисасы ретінде жан дүниесін байытып, тереңдете түскені анық. Мұны фильм режиссері Сергей Дворцевой да айрықша атап өтті.
– Мен Самалды бірінші рет «Қазақфильм» киностудиясының өнімі – «Тюльпан» фильмінің кастингінде көрдім. Ол кезде Самал небәрі 19 жаста болатын. Шығармашылық адамында ішкі сезім қатты дамыған ғой, Самалды алғаш көргенде-ақ менің фильміме дәл осы актриса керектігін түсініп, басты рөлге бекіттім. Түйсігім алдамапты. Кейін Самалға лайықтай отырып «Айка» фильмінің сценарийін жаздық. Мәскеуге келіп қиын тағдырды басынан кешкен эмигрант қырғыз қызының тауқыметті тағдыры баяндалатын фильм солай өмірге келген болатын», – деп режиссер түсірілім жұмысының барысын баяндап өтті.
Артхаус бағытында түсірілген бұл фильмнің жалпы бюджет қоры 2.5 миллион еуроны құрайды. Актриса үшін «Айка» фильмінің салмағы да, жауапкершілігі де үлкен болды. Рөлінің шынайы шығуы үшін Самал режиссердің кеңесімен біршама уақыт Қырғызстанға барып өмір сүріп, ұлттың менталитеті мен жалпы табиғатын зерттейді. Бұл жерде тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, әлі ана атанып үлгермеген бойжеткен қос фильмде де ана рөлін кескіндейді. Оның өзі де актрисадан жіті ізденісті талап етеді. Бірақ әрдайым алған бетінен қайтпайтын, мақсатына жетпей тынбайтын өжет қыз қос рөлін де өз биігінде алып шығады. Нәтижесі – міне, көз алдымызда!
2008 жылы түсірілген «Тюльпан» фильмі (режиссері – Сергей Дворцевой) өз кезегінде Канн кинофестивалінде «Айрықша көзқарас» номинациясында топ жарса, араға бірнеше жыл салып түсірілген «Айка» фильміндегі Самалдың ізденісі тағы да киносыншылардың назарынан тыс қалмады. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы бірауыздан «Үздік әйел рөлі» аталымындағы жүлдені қазақ қызының қанжығасына байлап берді.
– Ойлап қарасам, маған үнемі аналар рөлі бұйырады екен. Ең алғаш 19 жасымда түскен «Тюльпан» фильмінде 3 баланың анасын сомдасам, «Айка» кинотуындысында да баласын өмірге әкеле салып, одан бас тартқан жас қыздың бейнесін кейіптедім. Оңай болды демеймін. Үлкен ізденісті талап етті. Бірақ соның нәтижесінде кино өнеріне басқа, байыпты көзқараспен, жауапкершілікпен қарап үйрендім», – дейді актриса.
Иә, қай кезде де маңдай тер еңбектің өтеуі болған. Халықаралық Канн кинофестивалінде Алаш елінің абыройын асқақтатып, әлем назары қазақ халқына бұрылып жатса – оны қаршадай қазақ қызы Самал Еслямованың тынымсыз ізденісі мен өнерге деген зор сүйіспеншілігінің жемісі деп бағалау керек. Бұл жеңіс, сөзсіз, қазақ өнерінің жеңісі!
Назерке ЖҰМАБАЙ,
Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»