2022 жылға қарай облыстағы мемлекеттік қызметтердің 85 пайызын электронды форматқа ауыстыру жоспарланған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстың барысына көз жүгіртіп көрейік.
Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, қазір облысымызда «Цифрландыру кеңсесі» жұмыс жасайды. Таяу жылдары тұрғындар түрлі мемлекеттік қызметтерді онлайн тұтынатын деңгейге жетуі керек. Сол үшін қазірден бастап мемлекеттік органдардың ұсынатын қызметін автоматтандыру бағытындағы жұмыстар жасалуда.
– Цифрландыру саясатын жүзеге асыруға өңірдегі барлық басқармалардың, қала, аудан әкімдерінің белсене қатысуы талап етіледі. Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі әрбір аудан үшін квадрокоптер сатып алады. Ұшатын аппарат жоғалған малды іздеуге, қарақшыларды қолға түсіруге, су тасқынын алдын ала бақылауға, басқа да жағдайға көмектеседі,– дейді Ұлан Жазылбек.
Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, өңірде жобалық кеңес құрылып, 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізетін болады. Мысалы, «Экономика салаларын технологиялық жаңарту және цифрландыру» бағыты бойынша «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Майқайыңалтын» АҚ, «Каустик» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС цифрлы жобаға қатысады. Өнім көлемі мен сапасын арттыруға жаңа технологиялар ғана мүмкіндік бере алады. Цифрландыруға бағытталған құралдарды қолданысқа енгізу үшін өндіріс орындарында биыл 17 шара өтеді.
Жоғарыда облыс әкімінің орынбасары айтып өткендей, цифрландыруға өңірдегі барлық басқармалардың, қала, аудан әкімдіктерінің белсене қатысуы талап етіледі. Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Оразғұловтың айтуынша, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша өңірде «Мемлекеттік қызметтердің есептерін цифрландыру сервисі» әзірленіпті. Жергілікті атқарушы органдары реестр бойынша 191 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазір электронды түрде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің үлесі 38 пайызды құрайды. Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалардың сапасын арттыру мақсатында «Цифрлы Қазақстан» жобасы жүзеге асырылады. Бұл ретте көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрі автоматты жүйеге көшірілмек. Қалалар мен аудандардағы жұмыспен қамту орталықтары электронды еңбек биржасына қосылды.
– Біз қағаз құжат айналымын қысқарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін облыстың мемлекеттік органдарында технологиялық инфрақұрылым – мемлекеттік мекемелердің бірыңғай мультисервистік орталығы қызмет көрсетеді. Яғни 136 жергілікті атқарушы органда 2 мыңнан астам желілік ақпараттық жүйелер қолданылады, – дейді Р.Оразғұлов.
Бір айтар кетерлігі, облыстағы 40-қа жуық ауыл, 23 мектеп жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылмаған. Сол себепті облыс әкімдігі кең жолақты интернетке қосу үшін ауылдарда автономды стансалар құруды ұсынып отыр.
Екіншіден, ауылдықтар спутниктік телеарналарды жиі көреді, үйінің төбесінде «тәрелке» қосып алған, кейбірі «Отау ТВ» жүйесіне қосылған. Өкінішке қарай, ауылдық жерлерге іссапарға барғанда куә болып жүрген бір мәселе – ауыл халқы өзге елдің телеарналарына байлаулы. Бұл жайт та назардан тыс қалып келеді. Ауылдықтар цифрлы телетаратылым жүйесі ең алдымен шалғайдағы ауылдардың мүддесіне сай болғанын күтуде.
Биыл облыстағы ауруханалар, емханалар жалпы медициналық ақпараттандыру жүйесіне тіркеледі. Р.Оразғұлов атап өткендей, өткен жылы өңір жұртшылығына 3,8 миллионға жуық көрсетілген мемлекеттік қызметтің 3,2 миллионы медицина саласына қатысты екен. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері 1 миллион 200 мың қызметті электронды түрде көрсеткен. Биыл аурухана, емханаларға тағы да 321 дана компьютер сатып алу жоспарланып отыр. Өзіміз көріп жүргендей, емханалардағы дәрігерлер де компьютердің құлағында ойнауға машықтанып қалған. Қалай болғанда да цифрландыру бағдарламасы қабылданбай тұрып-ақ елімізге IT-технологиялардың жаңалықтары келді ғой. Қазір онлайн сервистер, мемлекеттік қызметтердің бірыңғай түрлері бізге де жетіп, халықтың жұмысы біршама жеңілдеген.
Әрине жаңа технологиялар өндіріске келуі үшін жергілікті жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар дайындауға мән беруі қажет. Олардың алдында IT-мектептер, технопарктер ашу міндеті тұр. Мысалы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде IT HUB зертхана ашылды. Соның арқасында студенттер сабақ үстінде және бос уақытында 3D-модельдеумен, түрлі қолданбалы ақпараттық бағдарламалармен шұғылдана алады. Алдағы уақытта IT HUB базасында кәсіпорындардың жұмысын ақпараттық технологияларға көшіру жобасы жетілдірілмек. Университеттің проректоры, ғалым Александр Свидерский жобалар Елбасының экономиканы цифрландыру бойынша тапсырмалары үдесінен шығады деп отыр.
Бұл университетте жасалған жобалар оқу орнының стартап орталығындағы шағын қалыптағы өндірістер үшін қажет. Өндірістерге арналған инновациялық жобалар жасалса, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында бірлескен ғылыми орталық пайда болуы мүмкін. Университетте робот-техника зертханасы жұмыс істеп тұр. Кітапхана да цифрландыру жүйесіне өтуде. Өңір жастары жобаларын жетілдіру үшін ІТ орталығында білім алады. Облыс орталығындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында» жастардың ақпараттық-технологиялық білімдерін жетілдіруге бағытталған кабинет те бар.
Облыс орталығындағы №37 мектепте қазір турникеттер, мектеп асханасы мен кітапханасында смарт-жүйе, «Teacher office» жұмыс жасап тұр. Мектеп директоры Ләйлә Жүсіпованың айтуынша, «Teacher office» бөлмесінде мұғалімдер «Күнделік», «Bilim land» жобаларына сай кітаптарға тапсырыс береді. Кітапханашы автоматты жүйе арқылы қабылдайды. Ал «Смарт Павлодар» қосымшасы арқылы ата-аналар ас мәзірін онлайн режімде көреді. Асханаға келген оқушы құрылғыға саусағын тигізсе монитордан тапсырыс тізімі шыға келеді. Төлем автоматты түрде төлем картасынан алынады.
Әрине «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мақсаты цифрлы технологияны терең меңгеруге, цифрлы сауатты болуға бағытталған. Оны меңгерудің халық үшін игілігі көп екені де түсінікті. Павлодар өңірінде осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы, сондай-ақ шешімін табуға тиіс мәселелердің шет жағасы осындай.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы