• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Мамыр, 2018

Әбжапар ауылы арықтың суын тұндырып ішіп отыр

711 рет
көрсетілді

Бүгінде ауыл ахуалын арттыру, ел­ді мекендердің еңсесін көтеру мақ­сатында мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп келеді. Ауыл­дың шаруасы шалқып, ырысы тасыған шақта ғана елі­міз­дің экономикалық ахуалы артып, әлеуметтік әлеуеті жоға­ры­лай түспек. Елбасы «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» деп атап өткендей, ауыл қашан­да қазақ үшін қастерлі мекен, ки­е­лі өлке болған. Ал ежелден ба­баларымызға қоныс бол­ған ауыл­дағы тіршіліктің тамы­ры­­на еліміз егемендік алған сәт­тен бе­рі қайта нәр жүгіріп, талай күр­делі мәселелер оң ше­шімін тап­ты. Дегенмен ауыл хал­қы­ның жүзеге асса, ше­ші­мін тап­са дейтін көкейкесті мә­се­ле­лері әлі де бар. 

Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданына қарас­ты Әбжапар ауылының тұр­ғын­дары үшін бұл күнде ауыз су мәселесі өзекті. Өт­кен ға­сыр­дың отызыншы жыл­­­да­ры құрылып, «Қызыл Ту» ата­нып келген ауылға 1997 жы­лы белгілі жазушы Әб­жа­пар Жылқышиевтің есімі берілген. Бұл күнде атал­ған елді мекен Өрнек ауыл­дық округіне қарайды. Асқар Алатаудың етегінде орна­лас­қан, халқы табиғаттың әсем көр­кіне шомылып, самал жел­дің мақпал лебін жұтып отыр­ған ауылда емхана, мектеп, жарық, көше мәселелері толы­ғымен шешілген екен. Өр­нек ауылдық округінің әкі­мі Бауыржан Ақүрпековтің ай­туынша, бүгінде Әбжапар ауы­лында 125 үй бар. Енді сол ауыл­дағы жеті жүзден астам адам­ның ауыз су мәселесі ше­шілсе екен деген арманы мен тілегі бар. 

Ауыл ахуалын көріп, онда­ғы тұрғындармен кездесу мақсатында Әбжапар ауылы­на ат басын бұрғанымызда, Үмітберген Қарабаев қария бастаған ауыл адамдары талай жыл бойы шешімін таппай келе жатқан ауыз су мә­се­лесін көтерді. Қырық жыл бойы ұстаздық қызмет еткен, бүгінде жасы сексеннен асқан Үмітберген ақсақал әлі күнге ауылдықтардың арық­тан су ішіп отырғанына қын­жылыс білдірді. «Мен бұл ауылдың жағдайын бұрыннан білемін. Талай жыл болды, әлі күнге дейін арықтан су ішіп келеміз. Кейде су лайланып кетеді. Оны жуық арада тұндыру да мүмкін емес. Көктем және жаз мезгілдерінде арыққа балалар шомылады, кейде мал түседі. Ал қыстың күні қарды ерітіп ішуге мәжбүрміз» дейді Үмітберген қария. 

Ауыл тұрғындары айтып отырған арық суы Тұйықтөр арнасы арқылы тау басынан келеді екен. Шамамен екі орта 15 шақырымдай жер. Сол екі аралықта арнаға мал түсіп, оны лайлап кететіні де шындық. Ал Кеңес өкіметінің кезінде ауылды ауыз сумен қам­тамасыз ететін құдық болып­ты. Бірақ тоқсаныншы жыл­дары «қызыл» өкіметпен бір­ге құдық та құрдымға кеткен. Кейіннен ауылдағы үлкен көшенің басынан тағы бір құдық пайда болады. Бірақ оның суы ащы болғандықтан, ауылдықтар бұл суды ішу мүмкін еместігін айтып отыр. Дегенмен халық бұл суды ішсе де, ішпесе де күніне екі сағат құдық суы қосылып тұрады екен. Әрі ауылдықтар сол құдықты сақтап қалу үшін уақтылы ақшасын төлеп отыр. Ал көлігі бар азаматтар ауыз суды көрші Өрнек және Жар­лысу ауылдарынан тасып ішеді. Ауыз су мәселесі алаң­датқан ауылдықтардың айтары осы. 

Әбжапарлықтардың басты қорқынышы – сүзек ауруының қаупі. Олай болатын себебі ауыл тұрғыны Отын­шы Байбұланов өткен ғасырдың жетпісінші жыл­да­рының соңында осы ауыл­­дан сүзек ауруының шық­қанын айтты. Әрі бұл ауру осы арықтың суын ішке­н­нен болды дейді жұрт. Сон­дық­тан да сол жағдайдың қай­талануынан қорыққан ха­лық көп кешікпей ауыз су мә­се­лесі оң шешілсе дейді. Ал ауыл тұрғыны Тоқсанбай Кеу­кербаевтың айтуынша, бі­раз уақыт бұрын бюджеттен ақша бөлініп, ауылдағы су қорының орны анық­тал­ған. Алайда белгісіз бір се­беп­тер­мен бұл жоспар да жү­зеге аспай қалған. Тағы бір ауыл тұрғыны Дүйсебай Ақүрпеков бұл мәселенің талай жылдан бері шешілмей келе жатқанын, өткен жылы ауыл­дық округ әкімінің есебіне ке­ліп қатысқан Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовтің мә­се­ленің келесі жылы шешімін табатынын айтып кеткенін айтты. Бірақ биылғының алғашқы бес айы өтіп барады. Ал ауылдықтар үшін ауыз су мәселесі әлі сол өзекті күйін­де.

Ауылдағы арықтарға су­дың Тұйықтөр арнасы арқы­лы тау басынан келетінін айт­­тық. Тұрғындар бұл суды негізінен бау-бақша суа­руға пайдаланады. Ал ішу­ге шындығында да жарамсыз. Халқымыз бұрын айта­тын «Ағын судың арамы жоқ, жатқан судың жаманы жоқ» деген нақылға сүйенген ауыл тұрғындары қалайда осы суды ішуге мәжбүр. Ал ауыл басындағы құдықтың суы ащы болғандықтан, оны ішкен адамның асқазаны ауырып, әбігерге түседі екен. Енді әркім өзінің есігінің алды­­нан қолдан құдық қа­зып алайын десе, ауыл тау ете­гінде, өрде тұрған соң су бұл жерден жүз метрден ас­там тереңдіктен шығады. Бұ­­­ған да екінің бірінің мүм­кін­­­дігі жете бермейді. Ал ара­­мы жоқ делінетін ағын су­­ды мал кешіп өтсе, оның ішін­де малдың тезегі, кейде жа­нуардың өлексесі жатса, не бол­­мақ? Әрине бұдан тұр­ғын­дар­дың денсаулығына зиян ке­летіні айтпаса да түсінікті.

Ауыл тұрғындары бұл күн­­де жағдайдың жақсы еке­нін айтты. Негізінен мұн­да­ғы халық егін және мал ша­руашылығымен күн көре­ді. Тұрғындардың айтуын­ша, әр үйде елу-алпыс ұсақ бас мал бар. Оған қоса, ұсақ ша­руашылықтардың ірі ша­руашылықтарға бірігуі ке­зінде Әбжапар ауылының тұр­ғындары өздеріне тиесілі жерін «Шәушен» шаруа қожалығына өткізіп, мез­гі­лінде өздеріне тиесілі пайла­рын алады екен. Алайда көп­ші­лік осы «Шәушен» шаруа қожалығының екі мыңдай жылқысының және бірнеше отар қойының күн сайын Тұйық­төр басынан келетін ағын суды кешіп жайылатынын айтады. Ал мыңдаған тұ­яқ тиген ағын судың лайлануы жылдам болғанмен, оның тұ­­нуы қиын ғой. Сол лай күйі­нде ауылға келген арық су­ын халық тұндырып ішіп, кү­нін көріп отыр. «Мемлекет та­рапынан ауылдық жерлерге деген қамқорлық аз жасалып жатқан жоқ. Енді ауы­лы­мызға ауыз су келсе, осы мәселе оң шешілсе, біз үшін одан артық қуаныш болмас еді», дейді көпшілік. 

«Көп тілегі қабыл» деген бар. Әрине көптің көкейіндегі мәселенің орынды екені рас. Тек енді оның қашан, қай кезде жүзеге асатыны жергілікті биліктің қауқарына байланысты. 2013 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Әбжапар ауылына ауыз су тарту үшін жұ­мыс­тар қолға алынған. Тіпті ауыл­дың басынан ши­рек ғасыр­ға жететін су қоры да анықталған. Алай­да бел­гі­сіз бір себептерге бай­ла­­ныс­ты бұл жұмыс соңы­на дейін бармаған. Бірақ Т.Рыс­құлов ауданының әкі­мі Асқар Қырықбаев ауыл тұр­­ғындарының көкейкесті мә­­селесінің көп ұзамай ше­ші­­мін табатынын айтып отыр. Әкімнің айтуынша, ауыз судың жобалау-сме­та­лық құ­жат­тары дайын. Тек аудан­дық әкімдік су жағ­дай­ы­­ның мемлекеттік сарап­та­масын күтіп отыр екен. Ал жоба құ­ны шамамен 640 миллион теңгені құрайды. Мем­­ле­­кеттік сараптама келген бойда облыстық бюджетке атал­ған қаражатты қарас­ты­руға өтінім беріледі. Аудан әкі­мі бұл мәселенің 2019-2020 жылға қарай ше­ші­мін та­батынын жеткізді.

«Бұл арықтан әкелеріміз де су ішкен» деген ауыл ақ­са­­қалдарының жасы бүгінде се­к­сеннен асқан. Енді тұр­ғын­дардың тілегіне орай, ауыл­дағы ауыз су мәселесі оң шешімін тапса құба-құп. Кейде су қатты лайланып кет­кен кезде көлігі жоқ ауыл­дық­тар арбаға ат, есек жегіп көрші ауылдарға суға барады. Бүгінгідей еліміз даму жолына түскен кезде ауыз су мәселесінің айтар­лық­тай қиындық тудырып отыр­ғаны ауылдықтар үшін де таңғаларлық дүние. Бірақ ауыл тұрғындарының ауыз су­дан әлі де үміті бар.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы