Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елорда төрінде өтіп жатқан «Рухани қазына» фестивалінің екінші күні, сала үздіктері анықталып, өз ісінің маман қызметкерлері мен жұмысын табысты атқарып отырған мекемелерді марапаттау рәсімі болды.
Осы орайда, «Үздік облыс һәм аудан (қала) музейі және қызметкері» номинациясы бойынша 53, тағы бір аталым – «Үздік облыс һәм аудан (қала) кітапханасы және қызметкері» бойынша 61 үміткер сайысқа түскен еді.
Кеше Ұлттық музейде жоғарыдағы мәдениет бәйгесінен үздік шыққандарды марапаттау рәсімі өтті. «Үздік облыстық музей» аталымына Алматы қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі мен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі ие болса, екінші аталым «Үздік аудандық (қалалық) музей» мәртебесін Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жеңіп алды.
Үшінші аталым «Үздік облыстық музей қызметкері» атағына Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жұлдыз Алманқұлова мен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нәзима Оташева лайық деп танылса, «Үздік аудандық (қалалық) музей» атағы Ақмола облысы Ілияс Есенберлин атындағы әдеби музейге бұйырды.
Келесі «Үздік облыстық кітапхана» аталымына Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы, «Үздік аудандық (қалалық) кітапхана» мерейіне Павлодар облысы Шарбақты ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ие болды.
Соңғы аталым «Үздік ауылдық кітапхана» жүлдесіне Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданы, Қарақоға ауылдық кітапханасы, «Үздік облыстық кітапхана қызметкері» атағына Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкері Қайрат Рахим мен Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері Сәуле Рахметова қол жеткізсе, «Үздік ауылдық кітапхана қызметкері» атағы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би аудандық Қайнар ауылдық кітапхананың кітапханашысы Нұржамал Шажалықызы мен Қызылорда облысы Шиелі ауданы орталықтандырылған кітапхана кітапханашысы Дүйсенкүл Шомановаға бұйырды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан