Әр мемлекет өз болмысында қоғамын бейбітшілік пен бірлікте, үйлесімділік пен өзара ынтымақтастықта құратыны белгілі. Сан ғасырлық шежірелі тарихы бар Қазақ елі де бүгінгі күні өзінің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойын тойлап отыр.
Елімізде өмір сүріп жатқан этностардың бірлігі, тұрақты экономикалық даму мен саяси модернизация, ғылым мен білімге деген жастардың ілтипаты мен ашылып келе жатқан ынтасы – осының барлығы қоса алғанда Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа танытқан жетістіктері.
Дегенмен, ауғанның от-жалынын көрген мен үшін бейбітшіліктің маңызды екенін айтып түсіндіру парыз. Әр күнін бомба жарыла ма екен, бүгін жақынымнан айырылып қаламын ба екен деп үрейленіп отыратын қоғамның бар болғаны қорқынышты. Адамның дамуына жол бермейтін мұндай зардап, яғни лаңкестік елдің ең үлкен тауқыметі деп айтсақ артық болмас.
«Қазақстан-2030» Даму стратегиясына сай, біздің мемлекетіміздің де ең бірінші басымдығы – ұлттық қауіпсіздік болса, екінші басымдық – саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім екендігі жайдан-жай айтылмаған. Себебі, тұрақтылық пен өзара жауапкершілікке құрылған қоғам ғана стратегиялық мақсаттарына қол жеткізіп, дамудың сапалы сатысына көтеріліп отырады.
Елімізде осы жылы Ақтөбеде, Атырауда, Таразда, енді, міне, Алматыда орын алған діни экстремизмнің көріністері біздің қоғамымызды дүр сілкіндіргені анық. Теледидардан немесе ғаламтордан, деректі фильмдер мен Голливудтың фильмдерінен көрінген жарылыстардың біздің елде де орын алғаны кездейсоқ па немесе әдейі ме деген дилеммалық сұрақ тудыратыны анық.
Бәріне сараптама жасап қарасақ, аталған қанқұйлы әрекеттердің жылдар бойы байқамаған дертіміздің меңдегенінің салдары екеніне көз жеткізуге болады. Сыртқы күштердің елге ену саясатының бір шоқпары ретінде пайдаланылатын діни миссионерлік бүгінгі күні ұлттық қауіпсіздігіміздің негізгі жауларының бірі болып отыр.
Адамзатқа жіберілген барлық діндер бір Жаратқанға құлшылық етіп, ақиқатты іздеуге шақырады. Қасиетті Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран Кәрім кітаптарында бейбітшілік пен бірліктің қаншалықты маңызды екендігі нақты айтылады. Түбірі «сәләм» болып келетін ислам дінінің де түпкі мақсаты бейбітшілік пен бірлік екеніне ешкім күмән келтіре алмаса керек. Еліміздің түпкір-түпкірінде орын алған жарылыстардың осыдан барып ешбір ақиқи дінмен байланысы жоқ екендігін айтуға болады.
Алайда, Ислам дінінің нәзік те сырлы келбетін өзінің адамшылықтан тыс мақсат-мұраттарымен ұштастырған топ өкілдеріне жастарымызды құрбандыққа шалдырып қоюымыз үлкен күнә. Бұған қарсы заң шығарушы һәм билік өкілдері және ұлтымыздың қаймақтары, көпті көрген тұлғаларымыз бен қоғам қайраткерлері жұмыла күрес жүргізгені ләзім. Соңғы кездегі Исламның атын жамылған, өздерін мұсылманбыз дейтін қатып қалған қиғаш қағидасы бар, өзінің мүддесін ғана мойындап, өзгемен еш санаспайтын радикалды ағымдарды біздің мазһаб деп айтуға негіз жоқ.
Біз жастарымызға мемлекетімізде мойындалған дәстүрлі дінімізбен дәріс беріп, сауатын ашуымыз керек. Менің ашу-ызамды келтіретін бір нәрсе, егер сол Алланың ризашылығы үшін жиһад деп жастарымызды жарылыс жасауға үгіттейтіндер «бірге жарылайық» десе көнер ме еді?
Менің білуімше, жанкештілердің артында адам өмірін саудаға салып, пайда табушылар тұрған сияқты. Жамандықтың түптамыры сол жақтан бастау алады. Олар жанкештілердің санасын улау арқылы адам өлімін ақша көзіне айналдырып отыр. Міне, қоғам болып күресетін шаруа – осындай лаңкестік тудыратын жағдайдың алдын алу.
Бақытбек СМАҒҰЛ, «Нұр Отан» ХДП ардагерлер және әскери-патриоттық бірлестігі кеңесі төрағасының орынбасары.