• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2018

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана үздік мемлекеттік кітапхана атанды

1296 рет
көрсетілді

Жақында Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» атты фестивалі өткен болатын. 

Осы фестиваль шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына» байқауының қорытындысында Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана республикамыздағы облыстық маңызы бар үздік мемлекеттік кітапхана деп танылып, арнайы дипломмен бірге 1 000 000 теңге жүлдені иеленді.

Облыс орталығындағы бұл кітапханада оқырмандарға ғана емес, қаланың кез келген тұрғынына қосымша білім алуға, тіл үйренуге, жаңа технологияларды меңгеруге барлық жағдай жасалған. Тіпті бір мезет бой жазып, спортпен де шұғылдануға болады. «Біз өзгеріспен бірге жүруіміз керек. Уақыттан қалмауымыз қажет. Кітапхана кішкене балалардан бастап қарияларға дейін қызмет көрсетуі тиіс. Біздің кітапхана бірінші кезекте жаңа технологияларға ерекше мән береді. 3 D принтеріміз бар.

Бізде барлығы  автоматтандырылған. Оқырман кітапты өзі таңдап, өзі алады. Кітапханашылар тек кеңес береді. Ағылшын тілін үйретуге де назар аударамыз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына ағылшын тілін тегін меңгертеміз. Жақында жас бизнесмендерге ағылшын тілін үйреттік. Сонымен қатар латын қарпіне көшу мәселесіне орай Алматыдағы А.Байтұрсынов институты мамандарымен бірлесіп онлайн дәрістер өткізіп жатырмыз», - дейді Өскемендегі кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН