Еуразиялық медиа-форумды қорытындылайтын үшінші күннің алғашқы жиыны қоршаған ортаның эволюциясы тақырыбына арналды. Мәжіліс спикерлерінің арасында Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың вице-төрағасы, Нобель сыйлығының лауреты (2007) Мохан Мунасингтің қатысуы көпшіліктің бірден қызығушылығын туғызды. Бірден байқалғанындай, белсенді азамат сауалдарға ең көп жауап берушілер қатарынан көрінді, мәжілістің салмағын көтерді.
Көптеген сұрақтарға жауап беруден кәсібінің сай келмейтінін алға салып бас тартқан Францияның бұрынғы көлік министрі, қазіргі Ұлттық жиналыстың депутаты Тьерри Мариани (Франция) еді. Алайда, мәжіліс барысында экс-министрдің: «Екі жылдан соң Франция пластикалық пакетті мүлдем пайдаланбайтын болады», деп айтқан сөзі форумға қатысушылардың есінде ұмытылмастай сақталып қалды. Өкінішке қарай, франциялық депутаттың бұл жаңалығына орай Астананың қазіргі таңда пластикалық пакеттерден бас тартып, қағаз қапшықтарды пайдаланып жатқаны туралы бұл сессияда айтатын адам болмады.
Қоршаған ортаны қорғау туралы әңгімеде мұхит айдынына дейін жеткен пластикалық қалдықтардың көптігі қоғамды алаңдатып отырғаны туралы да ой қозғалды. Оған Арал теңізінің тағдыры қосылды. Бұл туралы мәжіліс модераторы, HIS Markit компаниясының аға директоры, ТМД елдеріндегі энергетика мәселелері бойынша уәкілетті өкілі Кристофер де Вер Уокер (Ұлыбритания) әңгіме қозғады. Дәл осы тұста әлемдегі ауыз су тапшылығы болашақта халықтар арасындағы шиеленісті ушықтырып, үлкен жанжалға алып келуі мүмкін бе деген сауал туды.
Біріккен Ұлттар Ұйымында он бес жылдай тер төккен Мохан Мунасинг ауыз су тапшылығы ешқандай да соғыс өртін тұтандырмайтынын кесіп айтты. Бірақ, ауыз су тапшылығы мен тазалығы бүгінгі күннің басты проблемасы күйінде қалары даусыз. Кедейшілік пен жоқшылық қыспағындағы елдерде ауыз су тазалығы мен тапшылығы әлі де проблема болып қала бермек. Ғылым жетістігі есебінен Африка аймағы кәдімгі ауа құрамын суға айналдыратын ерекше қондырғыларды кеңінен пайдалана бастады.
Қазақстандағы аймақтық жасыл жобалар департаментінің директоры Алмат Қабыкенов әріптес спикерлерінің түйткілді ойын Қазақстандағы нақты технологиялық жаңалық-жетістіктермен жалғастырды. Ең алдымен Қазақстандағы су тазалығы мен жасыл экономикалық жобалар туралы жергілікті халықтың хабардар екенін алға тарта сөйлеген спикер күні кеше Астанада болашақтың энергетикалық қуатының айнасындай болған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі туралы айтуды ұмытпады. Қазіргі таңда Қазақстанның әкімшілік-аумақтық дәрежедегі барлық өңірінде ауыз су құбырларына ең озық су тазалағыш сүзгі қондырғылары қойылған.
Қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау керектігі туралы пікір айтушылар жаһандық проблеманың түйінін шешуді бүгін қолға алмаса, ертең кеш болатынын тағы да қайталап айтты. БАҚ өкілдеріне қайталай құлаққағыс етті. Ойлары түйіскен ресейлік «Гринпис Россия» бағдарламасы зерттеу және сараптау департаментінің директоры Иван Блоков пен үндістандық сарапшы Девиндер Шарма «Бүгінгі проблема идеяның жоқтығында емес, идеяның жүзеге асуының кешеуілдеуінде», деді. Ортақ планетаның болашағы мен жасыл экономиканың дамуы туралы үшінші күнгі саны жағынан өткен бесінші мәжіліс осындай қорытындыға келді.
Блог саласының өсуі шынымен қауіпті ме?Еуразиялық медиа-форумның үшінші күнінде талқыланған, журналистердің жанына жақын тақырып «Медиа эволюциясы: блог саласының өсуі қауіп пе әлде өрлеу ме?» болды.
Ақпарат айдынында дәстүрлі журналистиканы дәстүрліге жатпайтын блогерлер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер ығыстырып барады. Осындай жағдайда кәсіби журналистер түр секілді жоғалып кетудің алдында тұр деп қауіптенуге бола ма? Осындай жағдайда тілдесуге шебер мамандар ұсынып келген жария ақпараттың келешегі бар ма? Блогерлер мен әлеуметтік медиа қоғамдық пікір қалыптастыруда басымдыққа ие бола ала ма? Бұл жағдайға кәсіби БАҚ пен үкіметтер қалай қарайды? Қысқасы, көтеріліп отырған тақырыпқа қатысты сауалдар легі жеткілікті. «Цукерберг дәуірінде» жаһанда жаңа ақпарат көздері мен әрқилы пікірлер ағыны күрт молайды. Аяқ астынан пайда болған әрі тәуелсіз жаңа дауыстар аудиторияның назарын баспасөз бен хабар таратудың үйреншікті арнасынан өзіне аударып, ықпал ету үшін толассыз күрес басталды.
Бұл сессияның тізгінін белгілі Ресей журналисі әрі танымал қоғам қайраткері Максим Шевченко қолға алды. Алғашқы сауал дәстүрлі журналистика мен блогосфераның айырмашылығын ажыратуға құрылды. Әрине, кәсіпқой журналистика мен жаңа ақпарат көздерінің арасында үлкен айырмашылық бар екенін әркім мойындайды. Оның үстіне, блогерлердің көпшілігі кәсіби этикаға бағына бермейтіндігін де жоққа шығармаған жөн. Алайда кәсіпқой деп есептелмейтін кейбір блогерлердің парақшаларына жазылатындар саны миллиондап саналады. Кейбір блогерлер кәсіпқой болып алған. Ендігі жерде әлеуметтік желілердің авторлары көбейген сайын, олардың сапасы туралы да сөз қозғала бастады. Сондықтан да біз мәліметтермен жұмыс істеуіміз керек. Контент, мәтіндер, мәлімдемелер, айтылған сөздер мен олардың таралуы реттеліп, бақыланып отырғаны жөн, деп есептейді ЕҚЫҰ-ның БАҚ мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир (Аустрия).
Өз кезегінде журналист жазғанына, айтқанына, көрсеткеніне жауап береді, яғни жауапкершілік арқалайды. Бірақ осы орайда блогердің артықшылығы, бұл әрекеті өзін жалықтырса, қоя салуға қақысы бар. Ал дәстүрлі журналистика – жүрісін тоқтатпайтын машина. Ал блогерлердің қызметін бақылайтын тәуелсіз реттеуші мекемелер керек-ақ, дейді спикерлер.
Десек те, жарнамаға бөлінетін қаражаттың 80 пайызы блог саласына құйылып жатыр. Сондықтан да байырғы БАҚ, дәстүрлі телевизия табыстың басым бөлігін әкете бастаған бұл саланы жақтыра қоймасы аян. Ал барлығы медиатұтынушы болып табылатын жастарға блог саласының материалдарды берудегі еркіндігі, жеделділігі ұнайды. Бір жағынан блогерлер бас редакторға да, басқа құрылтайшыларға да тәуелді емес. Барғысы келсе, барады, жазғысы келсе, жазады. Ал кәсіпқой журналистерге мұндай үрдіс сай келмейді.
Соңғы ХХ ғасырдағы «еркін махаббаттан» бастап қазіргі заманғы біржыныстылар некесіне дейінгі қоғамның моральдық эволюциясы мәселелерін қаузайтын «Құндылықтар эволюциясы» тақырыбындағы мәжіліс қазақстандық журналист Владимир Рерихтің модераторлығымен өткізілді...
...Пікірталастың ең қызған тұсында алдыңғы мәжілістің модераторы ресейлік қоғам қайраткері Максим Шевченко (Ресей) залдан суырылып сөз сұрады.
– Қасиетті Рамазан айында ислам мемлекетінің үлкен қаласында батыстық моральдың жыныстық әңгімесін бүге-шігесін ақтарып, қызыл езу болу бізге қаншалықты қажет? Ондай моральдың Алматы үшін де, адамзаттың негізгі бөлігі – миллиардтан астам мұсылман үшін де маңызды емес, – деді ол.
Сұңғыла журналист һәм блогер, ресейлік қоғам қайраткері Максим Шевченконың айтқан бұл сөзі форумдағы ақырғы мәжілістің қорытындысы іспетті болды. Оған спикерлер де дау айта алмады.
* * *
Еуразиялық медиа-форумның 15 жылдығына арналған деректі фильмнен соң ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қорытынды сөз сөйледі.
– Құрметті ханымдар мен мырзалар! Қымбатты достар! Міне, біздің кезекті форумымыз аяқталып келеді. Бұл – он бесінші мерейтойлық басқосуымыз.
Осы үш күн қазіргі медианың көкейкесті мәселелерін қызықты пікірталас арқылы талқылауымен есте қалады. Біз қағидалар туралы айттық. Біз этика жөнінде әңгіме қозғадық. Біз әлемге түбегейлі өзгеріс әкеліп жатқан ұғымдар мен технологиялар туралы сөз қозғадық. Менің ойымша, мұнымен форумға қатысушылар да келіседі деп ойлаймын, ең маңызды жетістік – болған тақылаулар емес, біздің әрбіріміз жасаған тұжырым-түйінде. Осы жолғы басқосу қазіргі заман мен ондағы бұқаралық ақпарат құралдарының, mass media-ның рөліне жаңаша қарауға ықпал етті. Соңғы күндері маған «Он бесінші форумның ерекшелігі неде?» деген сауал жиі қойылды. Бұған жауап сан-салалы. Біз саясаткерлер мен журналистер қауымы алдында тұрған ең өткір сауалдарға жауап табуға тырыстық. Біз соңғы он бес жылда бұқаралық ақпарат құралдары бастан кешкен өзгерістерді бағалауға, ой елегінен өткізуге тырыстық. Өзгерістер түбегейлі. Форумдағы пікірталас осы тұжырымды дәлелдеп берді, деді Д.Назарбаева.
Сондай-ақ ол он бесінші мерейтойлық медиа-форум біздің басты жетістігіміз, біздің басты құндылығымыз – сіздер, форумға қатысушылар, спикерлер мен модераторлар екенін паш еткенін атап көрсетті. Осы орайда мен сенімді серіктерімізді, Еуразиялық медиа-форумның тұрақты да белсенді қатысушыларын ризашылықпен атап өткім келеді. Бұл кісілер көптен бері біздің ең жақын достарымызға айналды. Олар уақытының тығыздығына қарамастан, жыл сайын көктемде елімізге келеді. Бай тәжірибесін, білімін, бүгінгі медиаға қатысты көзқарастарын ортаға салады. Сол арқылы медиа-форумның өркендеуі мен беделінің артуына үлес қосады. Олардың арасында Гюнтер Кнабе, Михаил Шевченко, Баcил Жәсим, Кирилл Танаев, Гүлнар Иқсанова сияқты танымал тұлғалар бар.
Мен штабтың барлық қызметкерлері мен ерікті көмекшілерімізге алғысымды білдіремін, деп жалғады сөзін Д.Назарбаева. Біздің тұрақты модераторымыз Риз Хан және Сью Филипс, Гарри Нанда, Стивен Соммервиль, Тим Арлот және басқалар зор қошемет пен құрметке ие. Бұған қоса, Қазақстандағы әріптестерім мен достарымды, БАҚ, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олар он бес форум бойы бізге қолдау көрсетіп, ең жақын одақтасымыз бен көмекшілерімізге айналды. Әсіресе, Сыртқы істер министрлігін, қазіргі министр Қайрат Әбдірахмановты, бұрынғы министрлер – Ерлан Ыдырысов, Ержан Қазыхановты ерекше атап өткім келеді.
Біздің пікірлестеріміз, адал достарымыз – Еуразиялық медиа-форумның көпжылғы серіктестері туралы айтпай кетуге болмайды. Ұйымдастыру комитеті атынан әріптестеріміз Имран Ахмадқа (CNN), Сергей Становкинге (BBC), Виталий Игнатенко мен Михаил Гусманға (Итар-ТАСС) және басқаларға терең ризашылығымды білдіремін! Еуразиялық медиа-форум қоғамдық коммерциялық емес ұйым болғандықтан, ЕАМФ демеушілердің белсенді қолдауынсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Сондықтан демеушілерге ыстық ілтипатымызды, терең ризашылығымызды жеткізгім келеді. Сіздерге көп рахмет! Құрметті достар!
Осымен 15-ші мерейтойлық Еуразиялық медиа-форум жабық деп жарияланды. Форум делегаттары мен қонақтары мерекелік фотосессиядан соң «Келесі жылы Алматыда кездескенше!» деп аттанды.
Талғат СҮЙІНБАЙ, Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ