Аграрлық саланы ел экономикасының драйверіне айналдыру жолында оның қыры мен сырын терең меңгерген, ақылды технологиялар мен цифрландыруды ұршықша үйіретін білікті мамандар дайындау – өзекті мәселелердің бірі. Өйткені еңбек өнімділігі мен өңделген ауылшаруашылық тауарларының экспорттық әлеуетін арттыру заманауи технологиялар мен инновацияларды кеңінен қолдану арқылы ғана жүзеге асатыны айтпаса да түсінікті. Ал бұл істі тап-тұйнақтай атқару білікті, білімді мамандардың ғана қолынан келеді. Үкімет отырысында Елбасы бұл мәселеге айрықша тоқталып, аграрлық мамандықтар бойынша көбіне қыздар оқитынын, олардың ауылға баруы күмәнді екені туралы айтқан болатын. Ғылым және білім беру саласының өкілі болғандықтан өз ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Еліміздегі жетекші аграрлық оқу орындары саналатын Қазақ ұлттық аграрлық және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттерінде қызмет еттім, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ауылшаруашылық мамандықтарын дайындайтын кафедра ашып, жетекші болдым. Тәжірибемнен байқағаным, студенттердің басым көпшілігі – қыздар. Лекция барысында мектеп қабырғасында жүргенде қандай маман болуды армандадыңдар деп сұрай қалсаң дені дәрігер немесе биолог болуды қалағандарын білдіріп жатады. Сөз ауандарынан «жолдары» болмаған соң ауылшаруашылық мамандықтарын амалсыз таңдағандарын аңғару қиын емес. Жүрек қаламаса қандай ынтызарлық, қызығушылық, сүйіспеншілік болушы еді? Меніңше, мамандық таңдаудағы осындай кездейсоқтықтардың себебін кәсіптік бағыт-бағдар жұмысының бірізділікке қойылмауынан іздеген жөн сияқты. Белгілі мамандыққа ерте бейімдеу жұмыстарының әлсіздігінен талай жас адасушылыққа ұрынып жататыны жасырын емес. Кездейсоқтыққа негізделген көзқарасты түбегейлі өзгертпей болмайды. Әр аймақтың қажет мамандарға деген сұранысы бірінші кезекте ескеріліп, соған орай оқу орындарына квота бөлген дұрыс. Сонда ауыл шаруашылығы мамандығына бөлінген гранттар тиімді пайдаланылар еді. Екіншіден, жастарды ауыл шаруашылығына ерте мамандандыруды қолға алу қажет. Бұл үшін озық халықаралық жобаларды көптеп енгізу орынды болмақ. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында «4Н» деген бағдарлама 1882 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алғашында ауыл жастарын жүгері дақылын өсіруге тартуды көздеген бұл жоба кейін үлкен қозғалысқа айналды. АҚШ Конгресі 1914 жылы ұлттық ұйым мәртебесін берді. Қазір әлемнің 50-ден аса елдерінде қолданылады. Жоба жастардың баспен (H-head) ойлап, шын жүрекпен (H-heart), таза қолмен (H-hand) мықты денсаулық үшін (H-health) жұмыс істеуі мақсатын көздейді.
АҚШ-тың білім тарату жүйесінің танымал маманы, профессор Стэнли Джонсонның басшылығымен бұл бағдарламаның қанатқақты жобалары 2014-2015 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ауылдық мектептеріне енгізіліп, тәп-тәуір нәтиже берген болатын. Осы мәндес бағдарламалар арқылы аймақтардағы ғылыми-зерттеу және білім беру орталықтары аясында ауылдық жерлердегі агроколледждерді қатыстыра отырып, білім тарату жүйесін құру өте маңызды. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып жатқан WorldSkills Kazakhstan бағдарламасы шеңберінде Аgroskills жобаларын іске асыру арқылы ауыл шаруашылығы мамандықтарын насихаттап, мәртебесін арттыруға болады. Бұл жобаның мақсаты белгілі бір кәсіп шеберлері арасында конкурстар, байқаулар ұйымдастырып, ұнатқан кәсібіне қызығушылығын тудыру, түсінігін молайту, шеберлігін арттыру болып табылады.
Ауыл шаруашылығы саласында тұрған келелі мәселелерді шешу білімді де білікті мамандар дайындау жүйесін құру арқылы да орындалары анық.
Әйіп ЫСҚАҚ, биология ғылымдарының докторы
Солтүстік Қазақстан облысы