Былтырғы жылдан бері елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жұмыс істеуде. Бұл бағдарламаның аясында елімізге техника және медицина салаларының мамандарынан басқа, қазіргі кезеңді және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандарын даярлауға да баса назар аударылуда. Сондықтан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына сәйкес әлемге танымал алғашқы 18 кітап қазақ тіліне аударылды.
Ең бастысы бұл оқулықтар әлемнің 44 елінде шығарылып, 34 тілге аударылған және тиражының жалпы саны 47 миллионды құраған. Осындай оқулықтарды мемлекеттік бағдарламаның барысында аудару және оларды еркін тарату әлемде теңдесі жоқ іс-шара болып табылады.
Аударылған кітаптардың ішінде философияның дамуына айрықша үлес қосқан ойшылдардың тұлғасы мен олардың шығармашылығына арналған Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» деген еңбегі аударылған. Кітапта автор Батыс дәстүріндегі көрнекті философтардың негізгі еңбектері мен теорияларын оқырмандарға кезең-кезеңмен таныстырады және философтардың өмір сүрген дәуіріне шолу жасап, шығармаларының негізгі идеяларын талдауға басымдық берген.
Келесі оқулық Оксфорд университетінің вице-канцлері, Британ академиясының президенті болған Энтони Кеннидің төрт бөлімнен тұратын философия ілімінің ежелгі заманынан бүгінге дейінгі дамуын толық қамтитын еңбегі «Батыс философиясының жаңа тарихы. 1-том: Антика философиясы» және «Батыс философиясының жаңа тарихы. 2-том: Орта ғасыр философиясына» арналған. Онда Пифагор мен Фалестен басталып, философияның христиан дәуіріне жеткізген қасиетті Августинмен аяқталады. Жалпы, бұл оқулықтар батыс өркениетін түсінгісі келетін орта үшін философия тарихына арналған төрт бөліктен тұратын топтаманың бірінші және екінші томы болып табылады.
Париж университетінің профессоры Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» аударылып жарыққа шықты. Осы кітап арқылы автор Батыстың аса көрнекті ойшылдарын, олардың шығармаларын таныстырып және сол мақсатпен батыс философиясының дамуының елеулі кезеңдерін көрсетеді деген 25 шығарманы іріктеп ұсынған.
Дінтану саласында британдық философ, дінтанушы Карен Армстронгтің «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегі аударылған Армстронгтің бұл еңбегі жалпы әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, миллиондаған таралыммен шыққан дінтану саласындағы ең беделді еңбектердің бірі болып табылады. Аталған оқулықта санамыздағы бір Құдайға деген сенім қайдан келіп орнықты? Адамзаттың Жаратушы туралы түсінігі қалай өзгеріп отырды деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап ізделеді.
Мәдениеттану саласында әлемнің үздік университеттерінде кеңінен пайдаланылып жүрген Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» атты оқулығы да қазақ тіліне аударылды. Кітаптың мазмұны антропология ғылымының қалыптасу тарихын, ондағы эволюция теория- сы туралы тұжырымдарды, релятивизм, структурализм мен постструктурализмнің түрлі салаларын және енді ғана қалыптасып жатқан интерпретациялық және постмодернистік көзқарастарға қатысты тақырыптар кеңінен қамтылған.
Қорыта айтар болсақ, бұл оқулықтардың барлығын әлемнің үздік университеттерінде, мысалы, Кембридж, Гарвард, Оксворд, және Мәскеу университеттерінің студенттері кеңінен пайдаланады. Сондықтан бұл жобаның аясында қазақстандық студенттер, оқытушылар, ғалымдар мемлекеттік тілде әлемдегі ең танымал университеттердің оқулықтарына қол жеткізуі өте маңызды болып табылады.
Салтанат АУБАКИРОВА, PhD доктор, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Философия және әлеуметтік- гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент)