Қызылорда облысындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Кітапханада жайлы ақпараттық орта қалыптастыру: жаңаша мүмкіндіктер» тақырыбында семинар өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы басшылығы, жергілікті мәслихаттағы фракция мүшелері және аумақтық кітапхана жетекшілері мен қызметкерлері қатысты.
Семинарға қатысушылар кітапханадағы ІТ-орталықтың жұмысымен танысып, жаңа технологияның соңғы мүмкіндіктерін саралады. Қазір ақпараттық технологияның заманы. Кітапханашылардың жұмысы баяғыдай оқуға алған кітаптарды тізімге алып, қол қойдырып алумен бітпейді.
Заман көшіне ілесіп, қарқыннан қалмау үшін жаңаша жұмыс жасау жүйесі ұсынылып отыр. ІТ-орталықта коворкинг, әңгімелесу, демалыс аймағы, жекелеген жұмыс жасауға арналған орындар, 2 конференц-зал, 3D студия және технолабораториялар жұмыс жасайды. Работты техникаға арналған арнайы орындар да бар. Жиналғандар алдында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев:
– Жалпы IT-парктер «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылып жатыр. Қазір IT-мамандарға сұраныс артып отырғандықтан, бұл парк жұмысының бір мақсаты Қызылордаға IT-мамандарды шоғырландыру болып отыр. Оларды цифрландыру жөніндегі нақты жобаларға жұмылдырып, жұмыс жасауға мүмкіндік береміз, – деді.
Семинарда облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша қолға алынған жаңа партиялық жобаларды таныстырды.
– Биылдан бастап партияның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның кітапханалары» атты жаңа жоба қолға алынды, – деді ол. – Жоба аясында еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқалары дайындалатын болады.
Ибадулла Құттықожаев ақпараттық технологиялар арқылы барлық мектептердегі және университеттердегі кітапханаларды бірыңғай онлайн кітапханаға қосу, интернетке қол жеткізу, қазіргі заманғы кітаптарды оқу мен сату үшін ашық кеңістіктер жасалып жатқандығын айтты.
Бұдан соң Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Нұржамал Мырзамұратова сөз алып, бірыңғай онлайн-кітапхана жүйесін қалыптастыру, кітап қорларын электронды форматқа көшіру бағытында облыста қолға алынған жұмыстарды атап өтті. Кітап қорларын электронды форматқа көшіру құнды жәдігерлерді сақтап қалумен қатар, бүгінгі заман оқырмандары үшін өте ыңғайлы. Жаңа технологияның тиімді жақтарын ой елегінен өткізген семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға мейілінше жауап алды.
Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы