Қызылжар қаласында «Динамо» дене шынықтыру-спорттық қоғамы мен ведомствосы ұйымдастырған қазақстандық полицейлер арасында ҚР Ішкі істер министрлігінің қазақ күресі бойынша бірінші чемпионаты мәресіне жетті. Жарысқа қатысушылар спорттық жеңістерін Астананың 20 жылдығына арнады. Ведомство біріншілігіне тәжірибелі спортшылармен қатар жастар да, үміткер палуандар да қатысты.
Кілемге үш салмақ категориясында - 80, 90 және 90 кг-нан астам - 48 спортшы қатысты, яғни ҚР ІІМ ТЖК, ҚАЖД, Ұлттық гвардия, МКҚБ, Алматы мен Астана қалаларының ІІД-нің қызметкерлері боз кілемде кездесті.
Жалпыкомандалық жүлделі орынды Солтүстік Қазақстан облысының палуандары жеңіп алды. Ал, маңғыстаулық полицей палуандар кілемде спорттық шеберліктерін көрсетіп, екінші орынды иеленді. Мысалы, жеке есепте Асхат Аманов Маңғыстау облысының қоржынына күміс медаль алып берді. Турнирде үшінші орынды Қазақстан Республикасының Ұлттық гвардиясының спортшылары алды.
Бұл ведомстволық спорттық шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің дене тәрбиесі даярлығы деңгейін арттыру және жауынгерлік дағдыларын дамыту үшін, сондай-ақ құқық қорғау органдарында қазақ күресін насихаттау мен тарату және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің түрлі бөліністері қызметкерлерінің арасында достық қарым-қатынасты нығайту үшін ұйымдастырылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы